Астана. 19 қазан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы Айтқұрман Омарбеков пен Қорғаныс министрінің орынбасары Татьяна Савельеваны қабылдады. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Президентке Қарулы күштердің қазіргі қызметі мен жауынгерлік әзірлігі, жауынгерлік даярлық шараларын қаржыландыру және Қорғаныс министрлігі бюджетінің атқарылуы туралы есеп берілді.
Қорғаныс министрінің орынбасарлары әскердің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігінің жай-күйі, сондай-ақ әскери басқару органдары мен әскерлерге жүктелген міндеттердің орындалуы жөнінде баяндады.
Мемлекет басшысына әскердің күнделікті қажеттіліктерін өтеуге және армияны дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруға бөлінетін қаржы туралы мәлімет ұсынылды. Сонымен қатар жауынгерлік даярлық міндеттерін, әскери инфрақұрылымды күтіп ұстауды және әскери бөлімшелердің күнделікті қызметін қамтамасыз етуді ескере отырып, қаражатты бөлу мәселелері талқыланды.
Әскери басқару жүйесін жетілдіруге, шешім қабылдау жеделдігін арттыруға және әскердің өзіне жүктелген міндеттерді орындауға дайындығын күшейтуге ерекше назар аударылды.
Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде жұмылдыруды жоспарлау және әскери резервті даярлау, жоспарланған шығыстардың негізділігі, бюджет тәртібін сақтау және бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мәселелері қаралды. Сондай-ақ қаржылық бақылауды күшейту және шығыстардың нәтижелілігін бағалау тәсілдері талқыланды.
«Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, әскердің даярлық сапасын жақсарту, армияның басым қажеттіліктерін қаржыландыру және бюджет қаражатын ұтымды пайдалану жөнінде бірқатар міндет жүктеді», – деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.




