Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды: «679 грамм болып туған нәресте 70 күн жансақтау бөлімінде емделіп, аман қалды. (…) Сәби 43 күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, тағы 25 күн СИПАП әдісімен тыныс алуына қолдау көрсетілді. Осыдан кейін ғана анасының қасына ауыстырылды. Алматы қаласындағы №2 қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері салмағы небәрі 679 грамм болып дүниеге келген шала туған нәрестенің өмірін сақтап қалды. Ұл бала 2026 жылғы 8 тамызда жүктіліктің 26 аптасы 6 күнінде дүниеге келген. Анасы перинаталдық орталыққа шұғыл жеткізілген. Жүктілік кезінде туындаған асқынуларға байланысты дәрігерлер медициналық көрсетілім бойынша кесарь тілігін жасауға шешім қабылдаған. Нәресте дүниеге келген сәттен бастап қарқынды медициналық көмекті қажет етті. Осы уақыт бойы дәрігерлер мен медицина қызметкерлері оның жағдайын тәулік бойы бақылап, қажетті ем-шараларды жүргізді. (…) Қазір сәбидің туғанына 75 күн болды. Салмағы 1800 грамға жеткен нәресте үш күннен бері анасымен бірге бір палатада жатыр. Бұл нәтижеге дәрігерлердің қажырлы еңбегі мен медицина қызметкерлерінің тәулік бойғы күтімінің арқасында қол жеткізілді. Нәрестенің денсаулығы күн өткен сайын жақсарып келеді. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында нәресте өлімінің ең төмен көрсеткішіне қол жеткізді. Елімізде тірі туған әрбір 1000 нәрестенің үшеуі шетінеу жағдайы тіркелген».
Еуразия24 пікірі:
Қазақстанда шала туған нәрестелердің өмірін сақтап қалу бағытында қол жеткізілген нәтижелер айтарлықтай жоғары. Дегенмен медициналық зерттеулерде жүктіліктің өте ерте кезеңінде дүниеге келген балалардың дамуында түрлі ауытқулар болуы мүмкін екені, сондай-ақ олардың бір, үш және бес жасқа дейінгі өміршеңдігіне қатысты қауіп сақталатыны көрсетілген.
Мәселен, 2024 жылы Нидерландта жарияланған зерттеуде жүктіліктің 24–26 аптасында туған балалардың денсаулығы 5,5 жасқа дейін бақылауға алынған. Зерттеу барысында тірі қалып, медициналық тексеруден өткен балалардың 46%-ында даму ауытқулары анықталмаған. Ал 36%-ында жеңіл, 18%-ында орташа немесе ауыр дәрежедегі даму бұзылыстары байқалған. Мұндай жағдай шала туған нәрестелердің ішкі ағзалары дүниеге келген кезде толық жетілмегенімен байланысты.
Қазақстандағы мерзімінен бұрын босану жағдайлары мен шала туған нәрестелердің өміршеңдігі туралы да мәліметтер жарияланған. Сол деректерге сәйкес, 2025 жылы елімізде салмағы 1000 грамнан төмен 1356 нәресте дүниеге келген. Бұл Қазақстанда туған барлық нәрестенің 0,3–0,4%-ын құрайды. Ал олардың бір жасқа дейінгі өміршеңдік көрсеткіші 53% болған.




