Евразия24Басты бетӘлемдегі сайттардың шамамен 70%-ына ортақ технологиядан ...

Әлемдегі сайттардың шамамен 70%-ына ортақ технологиядан аса қауіпті осалдық анықталды. Бұл Қазақстанға әсер ете ме?

|

|

Cоңғы екі  күнде  киберқауіпсіздік  саласында  бірден  үш  маңызды  мәселе  туындады.  PHP  бағдарламалау  тілінде  аса  қауіпті  екі  осалдық  анықталды,  Node.js  платформасына  шұғыл  жаңартулар  қажет  болды.  Сонымен  қатар  eMudhra  компаниясының  цифрлық  сертификаттарының  қауіпсіздігіне  нұқсан  келгені  белгілі  болды.  Еуропадағы  мемлекеттік  мекемелердің  сайттары  неліктен  уақытша  жұмысын  тоқтатты  және  бұл  жағдай  Қазақстанға  әсер  ете  ме?  Осы  мәселелерге  тоқталайық.

21  қазанда  Еуропаның  бірнеше  елінде  мемлекеттік  органдардың,  ақпараттық  порталдар  мен  ауруханалардың  сайттары  уақытша  қолжетімсіз  болды.  Алайда  бұған  хакерлік  шабуыл  себеп  болған  жоқ.  Ақпараттық  жүйелерді  ықтимал  шабуылдардан  қорғау  мақсатында  аталған  ресурстардың  жұмысы  әкімшіліктерінің  шешімімен  уақытша  тоқтатылды.

Бұған  PHP  бағдарламалау  тілінде  анықталған  екі  аса  қауіпті  осалдық  себеп  болды.  Жүйе  әкімшілері  қауіпсіздік  жаңартуларын  орнатып  жатқан  кезде  тағы  екі  мәселе  белгілі  болды.  Атап  айтқанда,  Node.js  платформасындағы  осалдықтарды  шұғыл  жою  қажеттігі  туындап,  браузерлерде  интернет  байланысының  қорғалғанын  растайтын  цифрлық  сертификаттардың  қауіпсіздігіне  қатысты  мәселе  анықталды.

PHP  жүйесінде  қандай  мәселе  анықталды?

PHP  –  серверде  веб-беттерді  қалыптастыруға,  пайдаланушылар  толтырған  электрондық  нысандардағы  мәліметтерді  өңдеуге  және  дерекқордан  қажетті  ақпаратты  алуға  арналған  бағдарламалау  тілі.  Қарапайым  интернет  пайдаланушылары  оның  жұмыс  істеу  ерекшеліктеріне  мән  бере  бермейді.  Алайда  WordPress,  «1С-Битрикс»  және  басқа  да  көптеген  жүйе  PHP  негізінде  жұмыс  істейді.  Әлемдегі  веб-сайттардың  едәуір  бөлігі  осы  технологияны  қолданады.

PHP  әзірлеушілері  жүйеде  аса  қауіпті  екі  осалдық  анықталғанын  хабарлады.  Бұл  осалдықтар  бөгде  адамдарға  өзгенің  серверінде  құпиясөзсіз  бағдарламалық  нұсқауларды  орындауға  мүмкіндік  беруі  мүмкін. Соның  салдарынан  сайт  материалдарына,  дерекқорлар  мен  қызметтік  ақпаратқа  рұқсатсыз  қол  жеткізу  қаупі  туындайды.  Екі  осалдықтың  да  қауіптілік  деңгейі  он  балдық  шкала  бойынша  9,2  балға  бағаланған.

Еуропаның  киберқауіпсіздік  қызметтері  сайт  әкімшіліктеріне  қауіпсіздік  жаңартуларын  шұғыл  орнатуды  немесе  жаңарту  жұмыстары  аяқталғанша  сайттарға  интернет  арқылы  кіруді  уақытша  шектеуді  ұсынды.  Көптеген  ұйым  екінші  жолды  таңдады.  Өйткені  ықтимал  кибершабуылдың  зардабын  жойғаннан  гөрі,  сайт  жұмысын  бірнеше  сағатқа  тоқтата  тұрған  әлдеқайда  қауіпсіз.

Қандай  сайттар  уақытша  жұмыс  істемеді?

Латвияда  165  мемлекеттік  және  жергілікті  басқару  мекемесінің  сайтына  кіру  уақытша  шектелді.  Елдің  қоғамдық  хабар  тарату  ұйымына  қарасты  LSM.lv  жаңалықтар  порталы  шамамен  бес  сағат  бойы  жұмыс  істемеді.  Латвия  радиосының  сайты  мен  мобильді  қосымшасының  жұмысында  да  іркілістер  болды.  CERT.LV  ұлттық  киберқауіпсіздік  қызметі  бұл  шаралардың  алдын  алу  мақсатында  қабылданғанын,  мемлекеттік  ақпараттық  жүйелерге  заңсыз  қол  сұғылғаны  расталмағанын  атап  өтті.

Нидерландта  Overheid.nl  мемлекеттік  порталы,  Роттердам  портының,  KNVB  футбол  қауымдастығының  және  бірқатар  аурухананың  сайттары  уақытша  қолжетімсіз  болды.  Францияда  префектуралар  сайттарының  жұмысына  шектеу  қойылса,  Германияда  жекелеген  федералдық  мекемелердің  интернет-ресурстарына  кіру  тоқтатылды.  Финляндияның  мемлекеттік  ақпараттық  технологиялар  орталығы  да  қауіпсіздік  шараларын  қабылдады.

Еуропалық  патенттік  ведомство  ресми  сайты  мен  бірнеше  онлайн-порталының  жұмысын  уақытша  тоқтатты.  Қауіпсіздік  жаңартулары  орнатылғаннан  кейін  аталған  ресурстардың  жұмысы  кезең-кезеңімен  қалпына  келтіріле  бастады.

Қазақстан  мен  көршілес  елдер

Бұл  мәселе  Қазақстанды  да  айналып  өткен  жоқ.  21  қазанда  «1С-Битрикс»  компаниясының  Қазақстандағы  өкілдігі  Битрикс24  және  «1С-Битрикс:  Сайтты  басқару»  жүйелерін  пайдаланушыларға  ескерту  жасады.  Компания  өкілдері  қауіптің  өз  өнімдеріне  емес,  олардың  жұмысында  қолданылуы  мүмкін  PHP  бағдарламалау  тіліне  қатысты  екенін  түсіндірді.

Битрикс24  сервисінің  бұлттық  нұсқасын  пайдаланушыларға  ешқандай  жаңарту  орнатудың  қажеті  жоқ.  Серверлердің  қауіпсіздігіне  қызмет  көрсетуші  компания  жауап  береді.  Ал  сайттары  жеке  хостингте  орналасқан  пайдаланушыларға  PHP  нұсқасын  хостинг  провайдерінен  немесе  жүйе  әкімшісінен  нақтылау  ұсынылды.

22  қазандағы  жағдай  бойынша  ашық  дереккөздерде  осы  осалдықтарға  байланысты  Қазақстандағы  банктердің,  мемлекеттік  порталдардың  немесе  бұқаралық  ақпарат  құралдарының  сайттары  уақытша  тоқтатылғаны  туралы  расталған  мәлімет  жоқ.  Дегенмен  бұл  елге  ешқандай  қауіп  төнбейді  деген  сөз  емес.  Әзірге  нақты  киберқауіпсіздік  оқиғасы  тіркелді  деп  айтуға  негіз  жоқ.

Ресейде  мамандар  ондаған  мың  сайтқа  қауіп  төнуі  мүмкін  екенін  ескертті.  Ал  хостинг  қызметін  көрсететін  компаниялар  клиенттеріне  шұғыл  хабарламалар  жолдады.  Алайда  бұл  дерек  нақты  жасалған  шабуылдардың  санын  емес,  ықтимал  қауіптің  ауқымын  көрсетеді.

Node.js  платформасына  қосымша  түзетулер  енгізілді

21  қазанда  Node.js  платформасын  әзірлеушілер  де  жоспардан  тыс  жаңартулар  ұсынды.  Бүгінде  көптеген  заманауи  веб-сервис  осы  платформа  арқылы  жұмыс  істейді.  Жаңартулар  деректерді  сығу  және  өңдеу,  қорғалған  байланыстарды  тексеру,  сондай-ақ  сервер  мекенжайларымен  жұмыс  істеу  кезінде  анықталған  кемшіліктерді  түзетуге  арналған. Олардың  кейбірі  белгілі  бір  жағдайда  ақпараттық  жүйелердің  қауіпсіздігіне  елеулі  қатер  төндіруі  ықтимал.

Дегенмен  Еуропадағы  мемлекеттік  порталдардың  уақытша  жұмыс  істемеуіне  Node.js  платформасы  себеп  болды  деуге  негіз  жоқ.  Соған  қарамастан,  осы  күндері  PHP  қолданылмайтын  сайттардың  да  қауіпсіздігін  тексеріп,  қажетті  жаңартуларды  шұғыл  орнатуға  тура  келді.

eMudhra  сертификаттары  мен  браузердегі  құлып  белгісі

Үшінші  мәселе  цифрлық  сертификаттар  жүйесінде  анықталды.  Сайт  мекенжайының  жанындағы  құлып  белгісі  браузердің  тиісті  сервермен  қорғалған  байланыс  орнатқанын  және  оның  шынайылығын  тексергенін  білдіреді.  Бұл  үшін  браузерлер  цифрлық  ортада  нотариус  қызметіне  ұқсас  міндет  атқаратын  куәландыру  орталықтарының  сертификаттарына  сүйенеді.

Үндістанның  eMudhra  компаниясына  тиесілі  сегіз  аралық  сертификаттың  құпия  кілттері  бөгде  адамдардың  қолына  түскені  белгілі  болды.  Соның  салдарынан  интернет  байланысын  ұстап  қалуға  мүмкіндігі  бар  қаскөйлер  жалған  сайтты  шынайы  ресурс  ретінде  көрсетуі  ықтимал  еді.  Chrome  мен  Firefox  браузерлері  аталған  кілттерді  жедел  бұғаттады.  Алайда  сол  сертификаттау  тізбегіне  кіретін  кейбір  сайттарда  HTTPS  қосылымына  қатысты  қателер  пайда  болып,  олардың  иелеріне  сертификаттарды  қайта  рәсімдеуге  тура  келді.

Бұл  HTTPS  жүйесінің  тұтастай  істен  шыққанын  білдірмейді.  Мәселен,  Let’s  Encrypt  сертификаттарының  eMudhra  компаниясына  қатысы  жоқ.  Дегенмен  бұл  жағдай  сайт  қауіпсіздігі  тек  оның  ішкі  қорғаныс  шараларына  ғана  емес,  браузерлер  пайдаланатын  халықаралық  цифрлық  сенім  жүйесінің  сенімділігіне  де  байланысты  екенін  көрсетті.

Қауіптің  алдын  алу  үшін  не  істеу  керек?

Интернеттен  бас  тартудың  қажеті  жоқ.  Ол  үшін  браузер  мен  құрылғының  бағдарламалық  жасақтамасын  уақтылы  жаңартып,  цифрлық  сертификаттарға  қатысты  ескертулерді  ескерген  жөн.  Сондай-ақ  күмәнді  сайттарға  құпиясөз  енгізбеген жөн.  Егер  күнделікті  кіріп  жүрген  сайт  ашылмаса,  электрондық  пошта  немесе  мессенджер  арқылы  келген  сілтемелерді  пайдалануға  асықпаған  дұрыс.  Мұндай  жағдайда  сайт  жұмысының  қалпына  келтірілгені  туралы  ресми  хабарламаны  күткен  қауіпсіз.

Ал  сайт  иелеріне  қойылатын  талаптар  бұдан  да  жоғары. Сайттың  дизайнын  жаңарту,  WordPress  жүйесін  немесе  жекелеген  плагиндерді  жетілдіру  жеткіліксіз.  Серверде  орнатылған  бағдарламалық  жасақтаманың  нұсқасын  біліп,  деректердің  тексерілген  резервтік  көшірмелерін  сақтап,  қауіпсіздік  жаңартуларын  дер  кезінде  орнату  қажет.  Ең  алдымен  хостинг  қызметін  көрсететін  компаниядан  немесе  жүйе  әкімшісінен  серверде  PHP  бағдарламасының  қай  нұсқасы  қолданылып  жатқанын  анықтап  алған  жөн.

Редакция атынан

21  қазанда  Eurasia24  сайтының  орыс  және  қазақ  тіліндегі  нұсқаларында  қолданылатын  PHP  бағдарламасын  тексеріп,  қауіпсіздік  кемшіліктері  түзетілген  8.3.36  нұсқасына  жаңарттық.  Осылайша,  екі  сайттағы  да  аса  қауіпті  осалдықтар  жойылды.  Оқырмандардың  сайттарға  кіруін  шектеудің  қажеті  болған  жоқ.  Қазіргі  уақытта  ақпараттық  инфрақұрылымның  өзге  де  құрамдас  бөліктерін  тексеру  және  олардың  қорғанысын  күшейту  жұмыстары  жалғасуда.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Доллар бағамы еуроға шаққанда тұрақты, фунт пен иенаға қатысты нығайды

Жұма күні таңертең АҚШ долларының еуроға шаққандағы бағамы айтарлықтай өзгерген жоқ. Ал фунт стерлинг пен иенаға қатысты біршама нығайды.

Си Цзиньпин жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек көрсетуді тапсырды

Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Тибет автономиялық ауданында болған магнитудасы 7 балдық жер сілкінісінен кейін із-түзсіз жоғалған адамдарды іздестіру, құтқару және зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету жұмыстарын барынша күшейтуді тапсырды.

Маск АҚШ-тағы сайлау қарсаңында республикашылдарға 440 миллион доллардан астам қаржы бөлді

Кәсіпкер Илон Маск АҚШ Конгресіне өтетін аралық сайлауға кемінде 445 миллион доллар бөлді. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.

АҚШ қор нарығында Nasdaq индексі күрт төмендеді

Бейсенбі күнгі сауда қорытындысында Dow Jones Industrial Average индексі аздап өсті. Ал S&P 500 және Nasdaq Composite индекстері технологиялық компаниялар акцияларының арзандауына байланысты күрт төмендеді.