Дели. 26 қазан. ИНТЕРФАКС – Ресей Мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володин БРИКС елдерінің парламентаралық ынтымақтастығы аясында жасанды интеллект саласының мамандарынан тұратын сарапшылық кеңес құру туралы бастама көтерді.
Володин БРИКС-тің XII парламенттік форумында сөйлеген сөзінде: “Ұсынысымыз қолдау тапса, БРИКС аясындағы парламентаралық ынтымақтастық шеңберінде елдеріміздің жасанды интеллект саласындағы мамандары қатысатын сарапшылық кеңес құруды ұсынамыз. Бұл заң шығару ісіндегі озық тәжірибелермен алмасуға мүмкіндік береді”,– деді.
Оның пікірінше, жасанды интеллект жаңа мүмкіндіктер ашқанымен, қазіргі қоғамға елеулі қауіп-қатер де төндіреді.
«Біз мұны ескеріп қана қоймай, оның мәнін терең түсінуіміз керек. Жасанды интеллект адамзатқа қызмет етуі тиіс. Оның адамзатты басқару құралына айналуына жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз қажет. Мұндай қауіптің алдын ала біліп, оған тосқауыл қою маңызды. Осы мақсатта тиісті құқықтық нормаларды тек ұлттық заңнамада ғана емес, БРИКС пен Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты ірі халықаралық бірлестіктер деңгейінде де бекітуге күш салуымыз керек», – деді Мемлекеттік дума төрағасы.
Володин қазіргі технологиялардың қарқынды дамуын ескере отырып, парламенттердің заңнаманы өзгеріп жатқан жағдайға дер кезінде бейімдеуі маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол БРИКС елдері парламенттерінің салалық комитеттері арасындағы ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды. Мемлекеттік дума төрағасының айтуынша, жыл сайын өтетін парламенттік форумдар тәжірибе алмасуға және заң шығару саласындағы тиімді тәсілдерді ортаға салуға мүмкіндік береді.
«Парламентаралық ынтымақтастығымыздың күн тәртібі ұлттық егемендікті нығайтумен ғана шектелмейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және жасанды интеллектіні дамыту мәселелері де қамтылған», – деді ол.
Вячеслав Володин Ресей парламентшілерінен құралған делегацияны бастап, Үндістанға жұмыс сапарымен барды. Бұл – оның Мемлекеттік думаның жаңа шақырылымының төрағасы болып сайланғаннан кейінгі алғашқы шетелдік сапары.
26 қазанда Ресей депутаттары мен сенаторлары БРИКС-тің XII парламенттік форумына қатысып жатыр. Ал жексенбі күні Володин Үндістан парламенті Халық палатасының спикері Ом Бирламен кездесті.




