Мәскеу. 26 қазан. ИНТЕРФАКС – Дүйсенбі күнгі саудада АҚШ қор индекстерінің фьючерстері өсіп жатыр.Инвесторлар мұнай бағасының төмендеуін бағамдап, маңызды экономикалық жаңалықтарға толы аптаға дайындалуда. Алдағы күндері нарық қатысушыларының назары компаниялардың тоқсандық қаржылық есептері мен АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемеге қатысты шешіміне ауады.
Жақын күндері S&P 500 индексіне кіретін компаниялардың шамамен үштен бірі қаржылық нәтижелерін жариялайды. Олардың қатарында Alphabet, Microsoft және Amazon.com сияқты ірі технологиялық корпорациялар бар.
Инвесторлар бұл компаниялардың көрсеткіштерін мұқият қадағаламақ. Өйткені жасанды интеллект саласына салынған ауқымды инвестициялардың қаншалықты табыс әкеліп жатқанын анықтау маңызды. Бұған өткен аптада қаржылық есептерін жариялаған, жасанды интеллект саласымен байланысты басқа да ірі технологиялық компаниялардың нәтижелерін нарықтың аса жоғары бағаламауы себеп болды.
«Жасанды интеллектіге деген сұраныстың жоғары болуы енді жеткіліксіз. Нарыққа бұл технологияның нақты табыс әкелетінін, компаниялардың рентабельділігі қолайлы деңгейде екенін және ақша ағынының тұрақтылығын растайтын көрсеткіштер қажет», – деді Saxo компаниясының бас инвестициялық талдаушысы Чару Чанана.
Федералдық резерв жүйесі негізгі мөлшерлемеге қатысты шешімін сәрсенбі күні жариялайды. Сарапшылар қыркүйектегі өсімнен кейін реттеуші мөлшерлемені әзірге өзгеріссіз қалдырады деп күтеді.
LSEG деректеріне сәйкес, трейдерлер желтоқсанда мөлшерлеменің қайта көтерілуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сондай-ақ 2027 жылдың ортасына дейін оның әрқайсысы 25 базистік тармақтан кемінде екі рет артатынын болжап отыр.
Әлемдегі ірі көлік-логистика компанияларының бірі FedEx Corp. (SPB: FDX) акциялары негізгі сауда басталғанға дейінгі сессияда 0,6 пайызға қымбаттады.
Компания 30 қарашадан бастап Джамер Джексонның атқарушы вице-президент әрі қаржы директоры қызметіне тағайындалатынын хабарлады. Ол маусым айынан бері осы міндетті уақытша атқарып келген Клод Рассты алмастырады. Бұған дейін Джексон автокөлік бөлшектері мен керек-жарақтарын сататын дүкендер желісіне иелік ететін AutoZone компаниясының қаржы директоры болған.
EQT Corp. компаниясы Range Resources-ті сатып алатынын жариялады. Мәміле нәтижесінде Солтүстік Америкада құны 50 млрд доллардан асатын, табиғи газ өндірудің барлық негізгі кезеңдерін қамтитын ең ірі компания құрылады.
Осы жаңалықтан кейін Range Resources акциялары 10 пайыздан астам қымбаттаса, EQT бағалы қағаздары 8 пайыздан астам арзандады.
Microsoft Corp. (SPB: MSFT) акциялары 0,5 пайызға, Boeing Co. (SPB: BA) – 0,4 пайызға, Nvidia Corp. (SPB: NVDA) – 1,1 пайызға, Advanced Micro Devices (SPB: AMD) – 1,2 пайызға қымбаттады.
Intel Corp. (SPB: INTC) акциялары 1,5 пайызға, Micron Technology – 2,6 пайызға, Alphabet Inc. (SPB: GOOG) – 0,6 пайызға, Amazon.com Inc. (SPB: AMZN) – 0,9 пайызға өсті.
Ал Ресейде экстремистік ұйым деп танылып, қызметіне тыйым салынған Meta (SPB: META) компаниясының акциялары 0,2 пайызға арзандады. Бұған компанияның жалпы құны 95 млрд долларға дейін жететін жай және артықшылықты акцияларды орналастыру жоспары туралы ақпарат әсер етті.
Verizon Communications (SPB: VZ) акциялары 0,7 пайызға төмендеді. Байланыс операторының үшінші тоқсандағы түзетілген пайдасы сарапшылардың орташа болжамынан жоғары болғанымен, түсімі күткен деңгейге жетпеді.
Apple Inc. (SPB: AAPL) акциялары 1,3 пайызға арзандады. Бұған дейін БАҚ компанияның жиналмалы iPhone Duo смартфондарына сұраныс жоғары болғандықтан, жеткізушілерден өндірісті жеделдетіп, өнім жеткізу көлемін ұлғайтуды сұрағанын хабарлаған еді. Алайда бұл жаңалық акция бағасының төмендеуіне тосқауыл бола алмады.
International Business Machines (SPB: IBM) акциялары 0,6 пайызға, Chevron Corp. (SPB: CVX) – 1,3 пайызға, ExxonMobil (SPB: XOM) – 1,4 пайызға арзандады.
Мәскеу уақытымен сағат 15:41-де Dow Jones және Standard & Poor’s 500 индекстерінің желтоқсан айындағы фьючерстік келісімшарттары 0,3 пайызға қымбаттады. Ал Nasdaq 100 индексінің желтоқсандық фьючерстері 0,5 пайызға өсті.




