Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) 48 оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскеннен кейін санитариялық-эпидемиологиялық қызмет екі аптаға жуық тексеру жүргізді. Нәтижесінде мектеп асханасынан стафилококк пен ішек таяқшасы бактериялары анықталды.
«Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, сырқаттанған оқушылар мен асхана қызметкерлері тексеруден өтті. Мамандар дайын тағамдардан, шикі өнімдер мен ауызсудан сынама алып, ыдыс-аяқ пен жұмыс беттерінен сүртінділер жинады. Сондай-ақ дезинфекциялау құралдарының үлгілері зерттелді. 12–15 қазан аралығында зертханаға дайын тағамнан жеті, дайын өнімнен екі, шикі өнімнен үш, ыдыс-аяқ пен жұмыс беттерінен 30 сүртінді, судан бес және дезинфекциялау құралдарынан екі сынама жіберілді. Зерттеу нәтижесінде кейбір дайын тағамдардың микробтармен ластанғаны, азық-түлік сынамалары мен ыдыс-аяқтан алынған сүртінділерде ішек таяқшасы тобына жататын бактериялардың бары анықталды. Сонымен қатар дезинфекциялау құралының жұмыс ерітіндісі белгіленген санитариялық талаптарға сай келмеген», – деп Kazinform Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сілтеме жасап хабарлады.
Асхананың 38 қызметкері патогенді стафилококк пен ішек инфекцияларын қоздыратын бактерияларды тасымалдаушылыққа тексерілді. Олардың төртеуінен 10³ концентрациясында Staphylococcus aureus, яғни алтын түстес стафилококк анықталды. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы негізінде аталған қызметкерлер уақытша жұмыстан шеттетілді.
Бұдан бөлек, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мамандары тамақтандыруды ұйымдастыру, құжаттама жүргізу, азық-түлікті сақтау шарттары мен асүй жабдықтарын таңбалау тәртібінен де заңбұзушылықтарды анықтады. Асханада іс жүзінде ұсынылған тағамдар мәзірі есептік құжаттардағы мәліметтерге сәйкес келмеген, ал алдын ала әзірленуге тиіс перспективалық мәзір мүлде болмаған.
Ауруханаға түсер алдында оқушылардың басым бөлігі мектеп-интернат асханасында тауық етінен жасалған рулет пен бесбармақ жеген.
«Инфекцияның көздері, жұғу механизмі мен таралу жолдары анықталды. Жедел ішек инфекциялары фекальды-оральды механизм арқылы, яғни тағаммен жұққан. (…) РФММ оқушыларының жаппай сырқаттануына байланысты санитариялық-эпидемиологиялық тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Инфекция ошағы оқшауланып, оның таралуына ықпал еткен болжамды факторлар анықталғанымен, іс жүргізу шаралары әлі аяқталған жоқ. Тергеп-тексеру нәтижесінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы екі хаттама толтырылды. Бірі РФММ-ге қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 425-бабының 1-бөлігі бойынша, екіншісі асхана жұмысын басқаратын «MasterFood» ЖШС-не қатысты осы баптың 2-бөлігі бойынша рәсімделді. Сонымен қатар 2026 жылғы 13 қазандағы қаулыларға сәйкес, «MasterFood» ЖШС асханасы мен РФММ мектеп-интернатының ас блогының жұмысы 60 күнге тоқтатылды», – делінген хабарламада.
РФММ оқушыларының жаппай улану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Осы тұста заңды сұрақ туындайды: Қазақстандағы ең беделді мектептердің біріне оқуға түсу балалар үшін қиын болғанымен, қауіпті инфекциялардың енуіне неге еш кедергі болмаған?
Ыдыс-аяқтан ішек таяқшасының табылуы, азық-түлікті сақтау талаптарының бұзылуы және дезинфекциялау ерітіндісінің дұрыс дайындалмауы – алдын ала болжау немесе болдырмау мүмкін емес төтенше жағдайлар емес. Бұлар – күн сайын қатаң қадағалануға тиіс қарапайым санитариялық талаптар.
Егер тексерушілер бірден осыншама заңбұзушылықты анықтаса, мұндай олқылықтар балалар жаппай ауырғанға дейін-ақ қордаланған болуы мүмкін деп болжаймыз. Сонда қайғылы жағдайдың орын алуы тек уақыт еншісіндегі мәселе болғаны ма?
РФММ әкімшілігіне де қояр сауал бар. Тамақтандыру қызметін жеке мердігерге тапсыру мектепті балалардың қауіпсіздігін бақылау жауапкершілігінен босата ма?




