ВАШИНГТОН. 2 қараша. ИНТЕРФАКС – АҚШ-та өтетін аралық сайлауда Республикалық партия сәтсіздікке ұшыраған жағдайда, президент Дональд Трамптың НАТО-ға қысымды күшейтіп, альянсты бұрынғыдан да қатаң сынауы мүмкін. Politico басылымының дереккөздері хабарлағандай, НАТО елдері осындай жағдайға дайындалып жатыр.
«Әдетте өкілеттік мерзімінің соңына қарай саяси ықпалы әлсіреген президенттер наразылығын ашық білдіріп, сыртқы саясатта тәуекелі жоғары шешімдер қабылдауға бейім келеді», – деді басылымға еуропалық жоғары лауазымды әскери шенеуніктердің бірі.
Оның айтуынша, НАТО-ны сынау Трамптың саяси көзқарасында бұрыннан қалыптасқан ұстаным.
Politico тілдескен бірнеше дереккөз Демократиялық партия Конгресте көпшілік орынға ие болса, Трамптың ішкі саясаттағы мүмкіндіктері біршама шектелуі ықтимал екенін айтты. Олардың пікірінше, мұндай жағдайда АҚШ президенті халықаралық мәселелерге көбірек көңіл бөліп, сыртқы саясаттағы жетістіктері арқылы тарихта із қалдыруға ұмтылуы мүмкін.
Үш дипломат Трамптың Еуропадағы америкалық әскери күштер санын қысқартуы ықтимал екенін жеткізді. Сондай-ақ олар АҚШ-тың НАТО-ға бөлетін қаржысын азайтып, альянс елдерінің Украина үшін америкалық қару-жарақ сатып алуына арналған PURL (Prioritised Ukraine Requirements List) тетігін шектеуі және Ресеймен қарым-қатынасын нығайтуы мүмкін деп алаңдайды.
Ал Ақ үй өкілінің көмекшісі Оливия Уэльс басылымға берген түсініктемесінде «президент Трамп НАТО үшін бұрын-соңды ешкім жасамаған жұмысты атқарды» деп мәлімдеді. Сонымен бірге ол АҚШ басшысының Иран төңірегіндегі қақтығыста альянс тарапынан жеткілікті қолдау көрсетілмегеніне әлі де наразы екенін айтты.
АҚШ-та аралық сайлау 3 қарашада өтеді. Сайлауда Өкілдер палатасының барлық орны және Сенаттағы орындардың бір бөлігі сарапқа салынады. Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, Демократиялық партияның Өкілдер палатасындағы басымдықты қайтарып алуға мүмкіндігі жоғары. Ал жағдай қолайлы қалыптасса, партия Сенатта да көпшілік орынға ие болуы ықтимал.




