АСТАНА. 2 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанда 29 қарашаға белгіленген мәслихат депутаттарының сайлауына кандидаттар ұсыну және тіркеу кезеңі аяқталды. Бұл туралы дүйсенбі күні Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады.
«Барлығы 10 971 кандидат тіркелді. Елдің 20 өңірінде саяси партиялар түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 99 партиялық тізім ұсынды. Оларға 1 219 адам енгізілген. Партиялық тізімдердегі әйелдер мен жастардың жиынтық үлесі 43,2%-ды құрайды. Түрлі деңгейдегі мәслихаттардың 3 113 бірмандатты сайлау округі бойынша 9 752 кандидат тіркелді. Бір депутаттық орынға орта есеппен үш үміткерден келеді», – делінген комиссия хабарламасында.
ОСК мәліметінше, 1 қарашада сайлау науқанының келесі кезеңі – үгіт-насихат жұмыстары басталды.
Бұған дейін хабарланғандай, алдағы сайлауда 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлау жоспарланған. Оның ішінде 20 облыстық мәслихатқа 668 депутат, 38 қалалық мәслихатқа 626 депутат және 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланбақ.
Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының соңғы сайлауы 2023 жылғы наурызда өткен болатын. Мәслихат депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Елімізде облыстық және ірі қалалық мәслихаттардың депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша, ал аудандық және шағын қалалық мәслихаттардың депутаттары мажоритарлық жүйе негізінде сайланады. Мәслихат сайлауы жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізіледі.




