АСТАНА. 2 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстандық Qarmet металлургия комбинаты жылына 540 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы жаңа сұрыптық прокат цехын биылғы жылдың соңына дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дүйсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа цехтың құрылыс алаңын аралады.
«Қазір нысанда негізгі технологиялық жабдықтарды орнату және қажетті инфрақұрылымды салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сұрыптық прокат цехын 2026 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарланған», – делінген Президенттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Жобаның технологиялық серіктесі – Қытайдың CERI инжинирингтік компаниясы.
Жаңа цехта беріктігі жоғары А600 және А1000 санатындағы құрылыс арматурасын өндіру көзделген. Сонымен қатар металл бұрыштықтар, швеллерлер және басқа да металл бұйымдарын шығару арқылы өнім түрлерін көбейту жоспарланып отыр.
«Жоба Qarmet компаниясына сұрыптық прокат өндірісін едәуір арттыруға, ішкі нарықтың импорттық өнімге тәуелділігін азайтуға және құрылыс саласындағы, соның ішінде атом электр станциясын салуға қажетті өнімдерді жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады», – делінген баспасөз хабарламасында.
Ашық дереккөздерге сәйкес, қазіргі уақытта Qarmet кәсіпорнының қолданыстағы сұрыптық прокат өндірісінің жылдық қуаты 400 мың тоннаны құрайды.
Qarmet (бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау») – болат өндіру және тау-кен өнеркәсібімен айналысатын ірі компания. Оның құрамына Қазақстандағы ең ірі болат өндіруші кәсіпорын – Қарағанды металлургия комбинаты кіреді.
2023 жылы қазақстандық Allur автомобиль өндірушісінің тең иесі Андрей Лаврентьев «АрселорМиттал Теміртауды» 286 млн долларға сатып алды. Кейін кәсіпорын Qarmet деп аталды.




