Астана. 4 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Қытайдың ұлттық атом компаниясымен елдегі екінші атом электр станциясын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.
«Алғашқы атом электр станциясы – «Балқаш» АЭС-ін Ресейдің «Росатом» консорциумымен бірлесіп саламыз. Ал екінші станция – «Мойынқұм» АЭС-інің құрылысын қазір Қытайдың ұлттық атом компаниясымен талқылап жатырмыз», – деді Ақкенженов сәрсенбі күні Үкіметте өткен брифингте.
Бұған дейін Қазақстанда бірнеше атом электр станциясын салу жоспарланып отырғаны хабарланған еді. Алғашқы «Балқаш» АЭС-ін «Росатом» салады. ВВЭР-1200 реакторлары бар екі энергоблоктың құрылысы жөніндегі жол картасына 2025 жылы қол қойылды. Станция құрылысы 2027 жылы басталуға тиіс және 2035–2036 жылдары аяқталуы мүмкін.
Әрқайсысының қуаты 1 200 МВт болатын екі энергоблоктан тұратын «Мойынқұм» АЭС-і де Балқаш көлінің жағасында салынады. Екінші станцияны салуға басымдық беріліп отырған ықтимал серіктес – Қытайдың CNPC компаниясы. Тағы екі АЭС салуға қолайлы орындар зерттеліп жатыр.




