Брюссель. 5 қараша. ИНТЕРФАКС — Еуропалық комиссия (ЕК) бейсенбі күні несиелік қолдау бағдарламасы шеңберінде Украинаға 4,36 млрд евро бөлінгенін жариялады.
«Бүгін 4,36 млрд евро бөле отырып, біз Украинаға өмірлік маңызы бар мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етуге және шұғыл қорғаныс міндеттерін шешуге көмектесеміз», — деп мәлімдеді Еуропалық комиссияның төрайымы Урсула фон дер Ляйен.
ЕК коммюникесінде бұл соманың 2026 жылға келісілген макроқаржылық көмектің екінші траншы ретіндегі 3,7 млрд евроны, сондай-ақ қорғаныс қажеттіліктеріне бөлінген 658 млн евроны қамтитыны хабарланған.
Құжатта түсіндірілгендей, 3,7 млрд евро көлеміндегі транш — Киевке берілетін жалпы көлемі 8,35 млрд евроны құрайтын макроқаржылық көмек бағдарламасы шеңберінде 2026 жылға жоспарланған үш төлемнің екіншісі.
«Қаражат Украинаның тиісті реформалар мен міндеттемелерді табысты орындауы шартымен транштар бойынша төленеді. Осы екінші траншты алу үшін Украина келісілген барлық 12 шартты толық орындады. Олардың қатарына ішкі кірістерді жұмылдыру шаралары енгізілді: цифрлық платформалар арқылы алынған кірістерге салық салу туралы заңнаманы қабылдау; құны төмен коммерциялық сәлемдемелерді ҚҚС-тан босатуды жою; сондай-ақ салық заңнамасын сақтау деңгейін арттыру», — делінген ЕК хабарламасында.
Бұдан бөлек, Брюссель Украина бюджеттік жоспарлауды және мемлекеттік инвестицияларды басқаруды жақсартуға, кедендік жүйелерді жаңғыртуға әрі сыртқы аудитті нығайтуға бағытталған реформаларды ілгерілетуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді деп есептейді.
Еуропалық комиссия сондай-ақ Украинаны несиелік қолдау бағдарламасының қорғаныс компоненті шеңберінде қосымша 658 млн евро бөледі. Бұл — осы құрал аясында қорғаныс қажеттіліктеріне ұсынылып отырған жетінші транш.
«Бөлінген қаражат Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғанысы үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын, зымырандарды, радиолокациялық станцияларды, радиоэлектрондық күрес жүйелерін және оқ-дәрілерді сатып алуға бағытталады. Бұл қаражаттың басым бөлігі украиндық кәсіпорындардан техника сатып алуға жұмсалады, өйткені Украинаның қорғаныс өнеркәсібі қазіргі заманғы әскери іс-қимылдарды жүргізуге қажетті техниканы әзірлеуде және жеткізуде басты рөл атқарады», — делінген коммюникеде.
Еурокомиссия Украинаға қаржылық көмек ретінде және қорғаныс қажеттіліктеріне 4,36 млрд евро бөледі
|
|
Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media
Бөлісу:




