Астана. 7 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазақ пен тәжік халықтарын ғасырлар бойғы достық, рухани жақындық пен ортақ тарихи тағдыр байланыстыратынын атап өтті.
«Біздің өңірден әлемге танылған талай көрнекті ойшыл, ғалым, ақын және ағартушы шыққан. Олардың мұрасы жекелеген елдер мен халықтардың шеңберінен әлдеқашан асып, адамзаттың ортақ игілігіне айналды. Ислам өркениетінің өрлеу дәуіріндегі ең көрнекті тұлғалардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи. Ұлы ақын әрі ағартушының есімі біз, қазақтар үшін айрықша қастерлі. Ол халқымыздың тарихи жадында киелі ұғым ретінде орныққан. Сонымен бірге Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы бүкіл адамзатқа, соның ішінде ортақ рухани дәстүрлері ғасырлар бойы қалыптасып, дамыған Орталық Азия халықтарына тиесілі», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ұлы ойшылдың ілімі адамгершілік, әділдік, мейірім мен ізгілік идеяларына негізделгенін айтты.
«Бұл ілім біздің дүниетанымымызды, болмысымыз бен өмір салтымызды қалыптастырды деуге болады. Ғасырлар бойы адамдарды біріктіріп, олардың жақсылыққа деген сенімін нығайтты, жасампаздыққа үндеді. Ясауидің өз дәуірінен озық ойлары күні бүгінге дейін адамгершіліктің бағдарын көрсетіп, адал өмір сүруге жол сілтеп келеді. Құрметті Эмомали Шарипович, өзіңіз білетіндей, реформалардың нәтижесінде қоғамымыз жан-жақты жаңғырып жатыр. Осы ауқымды жұмыста жаңа қоғамдық әдеп қалыптастырудың орны ерекше», – деді Қазақстан Президенті.
Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи ілімінің өзегін құрайтын әділдік, еңбекқорлық, адалдық пен отаншылдық секілді асыл қасиеттер Қазақстан халқының қоғамдық санасына берік орнығып келе жатқанын атап өтті.
«Ясауи мұрасына айрықша мән бере отырып, ұлы ғалым, ойшыл, ағартушы әрі ұстаздың құрметіне жаңа мемлекеттік награда тағайындауды ұсындым», – деді Тоқаев.
Қазақстан Президенті Эмомали Рахмонның есімі Тәжікстанның қазіргі тарихында ерекше орын алатынын айтты.
«Сізге ел тізгінін аса күрделі, тіпті қасіретті кезеңде қолға алып, Тәжікстанды бейбітшілікке, бірлік пен жасампаздыққа бастау сияқты зор тарихи жауапкершілік жүктелді. Сіздің табанды әрі парасатты басшылығыңызбен Тәжікстан мемлекеттілігін нығайтып, қоғамдық келісімді қамтамасыз етті. Бүгінде ел тұрақты даму жолымен сенімді ілгерілеп келеді», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы жан-жақты байланысты тереңдетудегі Рахмонның айрықша рөлін атап өтті. Сондай-ақ оның Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесіне тоқталды.
«Рухани-мәдени құндылықтарды сақтауға, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға сіңірген зор еңбегіңізді, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достық пен одақтастықты дамытуға қосқан үлесіңізді ескере отырып, Сізді, құрметті Эмомали Шарипович, «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл жоғары награда – Қазақстан халқының Сізге және барша бауырлас тәжік халқына деген шынайы құрметінің белгісі», – деді Қазақстан Президенті сөзін қорытындылап.
Тәжікстан Президенті сенбі күні Астанаға ресми сапармен келді. Сапар аясында Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігінің жаңа ғимаратын ашу жоспарланған.




