Астана. 7 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Астанадағы келіссөздерде сауда-экономикалық байланысты дамыту, көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, өнеркәсіп пен цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тоқаев Рахмонды қарсы алып, оның сапары екі ел арасындағы ерекше құрмет пен шынайы достықтың көрінісі екенін атап өтті.
«Бүгінде бауырлас екі мемлекеттің стратегиялық әріптестігі мен одақтастығы туралы нық сеніммен айта аламыз. Ынтымақтастығымызда ешқандай түйткіл жоқ. Жан-жақты байланысымызды одан әрі дамыту үшін бірлесе қарап, шешуге тиіс мәселелер бар», – деді Тоқаев.
Қазақстан Президентінің айтуынша, қазір теміржол арқылы тасымалданатын экспорттық және импорттық жүк көлемі артып келеді. Бизнес-форумдар мен арнайы сауда миссияларының қорытындысында қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтар да жоспарға сай орындалып жатыр.
«Соның нәтижесінде жыл сайынғы тауар айналымымыз тұрақты түрде 1 млрд доллардан асып отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Рахмон Қазақстанның Тәжікстандағы жетекші сауда-экономикалық серіктестердің бірі екенін атап өтті. Оның мәліметінше, 2026 жылдың тоғыз айында екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 26%-ға өсіп, 1 млрд доллардан асқан.
«Қазір Тәжікстанда Қазақстан капиталының қатысуымен 130-дан астам кәсіпорын тіркелген. Ал Қазақстанда Тәжікстан тарапының қатысуымен 580-нен астам кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде 500 кәсіпорынның капиталы толығымен тәжік тарапына тиесілі. Бұл – өте жақсы көрсеткіш», – деді Рахмон.
Сондай-ақ сенбі күні екі ел президенттері Астанадағы Тәжікстан елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуына қатысады.




