Астана. 7 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Астанада өткен Қазақстан мен Тәжікстан президенттерінің келіссөздері қорытындысында екі елдің ресми делегация өкілдері бірқатар үкіметаралық және ведомствоаралық келісімге қол қойды. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон екіжақты ынтымақтастықтың алдағы басым бағыттарын айқындайтын Бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері Тәжікстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Шекара әскерлері үшін кадр даярлау туралы келісімге қол қойды. Сондай-ақ электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастық және тау-кен өндірісі мен тау-кен металлургиясы салаларындағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді әріптестікті одан әрі кеңейту мен тереңдету жөніндегі келісімдер жасалды.
Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тауар айналымын ұлғайтудың 2030 жылға дейінгі жол картасына қол қойылды.
Екі елдің бас прокуратуралары әріптестік және ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Тәжікстан Үкіметі жанындағы Әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы агенттігі зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы ақпараттық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Екі елдің денсаулық сақтау министрліктері денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім жасасты.
Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрлігі мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды.
Екі елдің ауыл шаруашылығы министрліктері 2027–2028 жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға арналған жол картасын бекітті.
Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Тәжікстанның Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру жөніндегі 2027 жылға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды.
Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Тәжікстанның Мемлекеттік қаржылық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Тәжікстан Президенті жанындағы Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігі жасанды интеллект саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен Тәжікстан Президенті жанындағы Инновациялар және цифрлық технологиялар агенттігі электрондық коммерция жүйесін дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум қабылдады.
«Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» мен Тәжікстан Үкіметі жанындағы Телевизия және радио комитеті өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.




