«Жанжал көлік салонының былғануынан басталған. Алайда жүргізуші мәселені сабырмен шешудің орнына жолаушы әйелге дөрекі сөйлеп, балағаттаған. Оқиға Алматыда болды. Әйел көлікке баласымен бірге отырған. Бүлдіршін абайсызда салонды былғап алғанда, 53 жастағы жүргізуші ашуға булығып, әйелді қорлай бастаған. Көлікті тоқтатып, сыртқа шыққаннан кейін де жанжалын доғармай, былапыт сөздер айтқан. Әйел болған жайтты телефонына түсіріп, полицияға арызданған», – деп хабарлады Алматы қаласының полиция департаменті.
Полиция жолаушының арызы бойынша шара қолданып, іс материалдарын сотқа жолдаған. Сот шешімімен такси жүргізушісі жеті тәулікке қамалды.«Тұрмыстық жанжал немесе жолаушыға көңілі толмау ешкімге адамның ар-намысын қорлауға, қоғамдық тәртіпті бұзуға құқық бермейді. Әсіресе, мұндай әрекет балалардың көзінше жасалмауы тиіс», – делінген полиция хабарламасында.
Енді жүргізушінің кәсібінің кірісі мен шығысын асықпай есептеуіне тұтас бір апта уақыты бар. Көлікті тазалауға қанша ақша кететінін, ал жеті тәулік қамауда отырып, табыстан қағылудың қаншаға түсетінін енді анық білетін болады. Салондағы кірді жуып кетіруге болатынын, ал дөрекіліктің жазасын кейде қамауда өтеуге тура келетінін де түсінер. Қалай десек те, заманауи технологияның пайдасы көп. Заң бұзушылықтың бейнежазбасы әркімге өз қылығына сырт көзбен қарауға мүмкіндік береді. Ал тым шектен шыққандар сол қылығын әкімшілік қамау камерасында отырып саралайды.




