Жамбыл облысында үш оқушының өліміне ұласқан бопсалау мен зорлық-зомбылыққа қатысты істің тергеуі аяқталды. Арнайы прокурорлар Қордай ауданы Қаракемер ауылындағы мектеп оқушылары арасында әрекет еткен «Система» деп аталатын бейресми құрылымның қызметін тергеді.
Тергеу дерегінше, жасөспірімдер қылмыстық ортаға тән тәртіпке бағынған: өзара бағыныштылық пен жазалау жүйесі қалыптасқан. Енді жеті күдікті сот алдында жауап береді. Олардың екеуіне бопсалаумен қатар кәмелетке толмағандарды өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізді деген айып тағылып отыр.
Құқық қорғау органдары «Система» мүшелерінің ізіне 2026 жылы 15 сәуірдегі қайғылы оқиғадан кейін түскен. Сол күні шаруашылық қора-жайдан 9-сыныпта оқитын екі баланың мәйіті табылған. Олар әртүрлі мектепте оқыған, өзара дос болған, көпбалалы отбасыларда өскен. Жақындары болған жағдайдың себебін түсіндіре алмаған. БАҚ мәліметінше, қайтыс болар қарсаңда жасөспірімдер құрдастарымен хат алмасып, бұған дейін көз жұмған достарын қатты сағынғандарын айтқан.
«Қордай ауданындағы суицид деректері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлаған сол кезде Жамбыл облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Жеті айға жуық уақыт өткенде тергеу екі емес, үш кәмелетке толмаған баланың өліміне қатысты жүргізілгені белгілі болды. Қылмыстық істің негізгі мән-жайы мектепте қалыптасқан қылмыстық иерархиямен байланысты болып шықты.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында ауыл мектептерінің оқушылары арасында «Система» деп аталатын бейресми құрылым жұмыс істегені анықталды. Оның өз иерархиясы, мінез-құлық, бағыну және жазалау тәртібі болған», – деп хабарлады Бас прокуратура. Ведомствоның мәліметінше, «жиналған дәлелдемелер жиынтығы бопсалау деректері мен үш кәмелетке толмаған баланың өлімі арасында себеп-салдарлық байланыс бар екенін көрсетеді».
Бұл дәлелдемелерге түпкілікті құқықтық бағаны сот береді. Сонымен қатар прокурорлар құзырлы органдардың әрекеттеріне де құқықтық баға берілгенін хабарлады. Қайғылы оқиғаға себеп болған және оған жол берген жағдайларды жою жөнінде ұсынулар енгізілген.
Бұған дейін, 2025 жылы 18 қазанда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Жамбыл облысындағы мектептерді тексеру нәтижелерін жариялаған еді. Сол кездің өзінде мектептерде зорлық-зомбылықтың кең таралғаны белгілі болған.
«Қордай ауданының мектептеріндегі 5, 7 және 9-сынып оқушылары «система», әлімжеттік, жоғары сынып оқушыларының өздеріне азық-түлік пен сусын сатып алуға мәжбүрлейтіні, ұрып-соғу мен буллинг туралы жазады. Кейбір мектептерде балалар мұғалімдердің өздеріне қол көтеретінін, зат лақтыратынын және қудалауға өздері де қатысатынын айтқан», – деп хабарлаған БАҚ Динара Закиеваның мәлімдемесіне сүйеніп.
Арада жарты жыл өткенде Қаракемерде 9-сыныпта оқитын екі бала өзіне қол жұмсады…




