Әлемдік үстемдіктің бір алпауыттан екіншісіне ауысуы АҚШ-тың орнын Қытайдың басуымен ғана шектелмейді. Вашингтонның ықпалына негізделген бүкіл халықаралық жүйе өзгеріске ұшырап жатыр. Өйткені Бейжің әлемдік көшбасшылықтың мүлде басқа үлгісін ұстанады. Оның үстіне АҚШ ұжымдық Батыстың жетекші күші екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан тұтас Батыс блогының геосаяси салмағы мен өркениеттік ықпалы әлсіреп, оның негізгі тіректері саналатын әскери қуаттың, доллардың, Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ), Халықаралық валюта қорының (ХВҚ), НАТО-ның, сондай-ақ КСРО ыдырағаннан кейінгі БҰҰ жүйесінің де бұрынғы ықпалы төмендеп келеді.
Ұжымдық Батыстың ықпалы қалай әлсіреп жатқанын Африка мысалынан айқын көруге болады. Бұл құрлық бес ғасырға жуық уақыт бойы еуропалық отаршыл мемлекеттердің байлық көзі болды және әлі де сол күйінде қалып отыр. Отарлық саясаттың мұрагерлері саналатын Еуропалық Одақ пен Ұлыбритания Африка ресурстарын пайдалануды жалғастыруда. Ал әлемдік жетекші держава ретіндегі АҚШ та құрлықтың табиғи байлығын өз мүддесіне жаратуға ұмтылып отыр.
Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы Африка елдеріне, сондай-ақ Орталық Азия, Латын Америкасы мен Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттеріне Халықаралық валюта қорының талаптарына тәуелді болмай, аса маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға мүмкіндік береді. Қытай бұл елдерге саяси шарттар қоймай, технологиялар мен кредиттер ұсынады.
Батыс елдері жыл сайын Жаһандық Оңтүстік мемлекеттерінен 2,2 трлн доллар көлемінде қаржы алып отыр. Ал бұл елдерге көрсетілетін көмектің көлемі небәрі 150 млрд долларды құрайды.
Бес жүз жыл бұрын Қытайдың үлесіне әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен біріне жуығы тиесілі болған. Мұндай экономикалық қуатқа ие мемлекетке жақын немесе алыс елдер мен халықтардың байлығын тонаудың қажеті болмады. Керісінше, бастапқыда салыстырмалы түрде кедей болған Батыстың баюына өзге елдердің ресурстарын иемденуі негіз болды.
Еуропаның отаршыл державалары, кейіннен АҚШ қалыптастырған әлемдік жүйе тарихи даму тұрғысынан қалыпты үрдістен ауытқу болды. Дегенмен тарихтың даму жолы күрделі әрі қайшылықтарға толы.
1860 жылы Екінші апиын соғысы кезінде ағылшын-француз әскері Ескі жазғы сарайдан (Юаньминъюань) 1,5 млн тарихи жәдігерді алып кеткен. Сонымен қатар Бейжіңнен 130 млн лян күміс әкетілген (бір лян шамамен 40 грамға тең). Айта кетейік, ол кезде Лондонда да, Парижде де адам құқықтары туралы сөз қозғалмаған. Ал бүгінде Қытай Батыс қалыптастырған, өзге елдердің байлығын пайдалануға негізделген әлемдік тәртіпті біртіндеп өзгертіп жатқанда, ҚХР-дағы «адам құқықтары» мәселесі Батыс БАҚ-тары мен үкіметтік емес ұйымдарының толассыз сынына айналды.
Қытай микрочиптер шығара бастағаннан кейін оның даму бағыты өзгерген жоқ. Өйткені бұл ел мыңдаған жыл бойы өндіріс пен технологиялық дамудың алдыңғы қатарында болды. Өзгерген – бұрынғыдай өзге елдердің байлығын иемдену мүмкіндігінен айырылған ұжымдық Батыс.
55 мемлекетті біріктіретін Африка одағы 2002 жылы құрылды. Оған дейін, 1963 жылғы 25 мамырдан бастап, Африка бірлігі ұйымы ретінде жұмыс істеген. Ұйымның құрылтай құжаттарында маңызды әрі қажетті міндеттер әлдеқашан айқындалған. Алайда олар XXI ғасырдың 2010-жылдарында, Қытай әлемдік деңгейде капитал мен технологияның ірі жеткізушісіне айналған кезде ғана іс жүзінде жүзеге асырыла бастады.
Биылдың өзінде Африка елдерінде алтын тазартатын бес жаңа аффинаж зауыты пайдалануға берілді. Бұл құрлық мемлекеттерінің өз табиғи байлығы мен оны өңдеуден түсетін қосымша құнның барынша көп бөлігін Африкада қалдыру үшін бірлескен шаралар қабылдап жатқанын көрсетеді.
АҚШ Парсы шығанағында Ираннан стратегиялық жеңіліс тапқаннан кейін әлем Таяу Шығыстағы америкалық үстемдіктің тірегі болған жүйенің қалай ыдырап жатқанын көріп отыр. Бұл үдеріс ауыр жүріп жатыр. Өйткені әскери базалар, одақтастық қатынастар мен қару-жарақ жеткізу жүйесін бір сәтте өзгерту мүмкін емес. Мұнай долларына негізделген экономикалық тәртіпке, шииттер мен сүнниттер арасындағы алауыздықты әдейі қоздыруға, сондай-ақ шетелдік ықпалдан гөрі өз халқынан көбірек қауіптенетін монархиялық режимдерді қолдауға да осыны айтуға болады.
Таяу Шығыста қалыптасқан бұл жүйе табиғи даму нәтижесінде пайда болған жоқ әрі аймақтың тұрақты дамуына қызмет етпеді. Оның сақталуы Пентагонның әскери қуатына ғана тәуелді болды. Ал бүгінде АҚШ-тың әскери басымдығы қарсыластарына қарағанда әлсірегендіктен, бұрынғы күшке сүйеніп құрылған бүкіл жүйенің ыдырауы заңды құбылысқа айналып отыр.
Қазақстан әлемде болып жатқан өзгерістердің мәнін және халықаралық дамудың қай бағытқа бет алғанын дұрыс түсінуі қажет. Соңғы оқиғалар көрсеткендей, стратегиялық қателіктер үкіметтерге де, олар басқаратын халықтарға да өте қымбатқа түседі. Кейде оның зардабы тіпті орасан болуы мүмкін.




