Астана. 20 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында Үкіметке аграрлық саладағы бағдарламаларды жан-жақты талдауды тапсырды.
«Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау мақсатында әзірленген құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуі қажет. Әр бағдарламаның нақты мақсаты мен міндеттері болуы тиіс. Ең бастысы, қабылданған шаралар ауыл шаруашылығы өкілдеріне түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл мәселе бюджет қаражатын үнемдеу қажеттілігімен тікелей байланысты», – деді Тоқаев жұма күні өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында.
Президенттің сөзінен үзінділерді Ақорданың баспасөз қызметі таратты.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары аграрлық салада атауы ғана әртүрлі, ал мазмұны бірін-бірі қайталайтын көптеген бағдарлама пайда болғанын атап өтті.
«Әрине, әрбір жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін әзірленеді. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігі қандай? Меніңше, мұны сұрауға толық негіз бар. Бізге бағдарламалардың санын көбейту емес, ауыл шаруашылығын сапалы дамыту қажет», – деді Тоқаев.
Президент бұл бағытта жалпы жұмыс жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
Салалық министрліктің мәліметінше, былтыр ғана «Ауыл – Ел бесігі» бастамасы аясында 500-ге жуық ауылда жалпы құны 173 млрд теңге болатын 921 жоба жүзеге асырылған.
Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйелері жаңғыртылған.
«Мүмкін, осы жұмыстардың нақты нәтижесін тексеретін кез келген шығар? Жарияланған деректер қаншалықты шынайы?» – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, бұл мәселені жан-жақты зерделеу қажет.
«Өйткені бұрын бізге бәрі керемет, тіпті мінсіз болып көрінетін есептер ұсынылатын. Шынын айтқанда, мұндай нәтижелер бәрімізді шын көңілден қуантатын. Кейін нақты статистика берілмеді деген сияқты түрлі сылтау тауып, мәселені жылы жауып қоя салатынбыз. Алдағы уақытта мұндай тәсілге жол беруге болмайды», – деді Тоқаев.
20 қарашадағы ресми валюта бағамы – 1 АҚШ доллары үшін 448,72 теңге.




