Астана. 23 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Үкіметі 2026 жылдың соңына дейін цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтар үшін еңбек, салық және әлеуметтік қатынастарды қамтитын жеңілдетілген құқықтық режим әзірлеуі тиіс. Бұл туралы дүйсенбі күні жарияланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығында айтылған.
Үкіметке 1 желтоқсанға дейін халықтық цифрлық экономиканы дамытудың кешенді жоспарын бекіту тапсырылды. Құжат азаматтардың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейтуге, цифрлық платформалар арқылы жұмыспен қамтуды дамытуға және кәсіби қызметте жасанды интеллектіні қолдануға бағытталмақ.
Жаңа құқықтық режим аясында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнаулы салық режимін қолдануға болатын қызмет түрлерінің тізімін кеңейту мүмкіндігі де қарастырылады.
Жарлыққа сәйкес, компаниялар мен кәсіпкерлер цифрлық платформаларда ақы төленетін қысқа мерзімді тапсырыстарды тұрақты түрде орналастыра алады. Азаматтар бұл тапсырыстарды орындап, жинақталған мәліметтерді өздерінің практикалық жұмыс тәжірибесін растау үшін пайдалана алады.
Сонымен қатар, Үкіметке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шараларын электрондық сауда алаңдарының, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру тапсырылды. Бұл отандық өнім өндірісін ұлғайтып, оны өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік бермек.
Ауылдағы өндірушілерге де ерекше көңіл бөлінеді. Олардың өнімдерін электрондық сауда алаңдары мен сауда желілері арқылы қабылдау, сатуға дайындау, тасымалдау және өткізу жүйесін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ болашақта өнім сатудан түсетін кіріс есебінен алдын ала қаржыландыру тетіктерін енгізу көзделген.
2027 жылдың 1 сәуіріне дейін еліміздің жекелеген өңірлерінде цифрлық дамуға бағытталған пилоттық жобалар іске қосылуы тиіс. Үкімет сол жылдың 1 қыркүйегіне дейін олардың нәтижелерін бағалап, тиімді тәжірибелерді басқа өңірлерге енгізу шараларын айқындауы қажет.
Өңір әкімдіктеріне 2027 жылдың 15 қаңтарына дейін тиісті аймақтық жоспарларды бекіту тапсырылды.
Кешенді жоспарды әзірлеу және жүзеге асыру барысында Үкімет Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Ли Кай-Фудың ұсыныстарын, әсіресе кәсіби қызметте жасанды интеллектіні қолданудың практикалық дағдыларын дамытуға қатысты ұсыныстарын басшылыққа алуы тиіс.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.




