Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен электр энергетикасы мен коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңартылған Қоғамдық кеңестің отырысы өтті.
Тарифті көтеріп, инвестиция тарту: жағдай ушығып барады!
Биыл 1,3 трлн теңгеге жуық қаржы игеріледі. Оның үштен бірі тарифтерді көтеру есебінен қамтамасыз етілсе, қалған бөлігі кейінгі жылдары тарифтердің өсуі арқылы өтелмек. Бұл – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаражаты, екінші деңгейлі банктердің несиелері мен сырттан тартылған қарыздар. Олардың барлығын тариф арқылы қайтаруға тура келеді. Оның үстіне, жылдық 16–20 пайыздық сыйақысы тағы бар.
Мәселен, БЖЗҚ қаражаты «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» холдингтерінің облигацияларын сатып алу арқылы тартылады. Бұл ретте нарықтық сыйақы мөлшерлемесі жылына 13–19 пайызды құрайды. Рас, 10 пайыздан асатын сыйақы мөлшерлемесінің айырмасын бюджет есебінен өтеу қарастырылған. Алайда тариф арқылы қайтарылатын инвестицияларға жыл сайын қосылатын 10 пайыздық сыйақының өзі тарифтердің одан әрі қымбаттауына айтарлықтай әсер етеді.
Тарифтерді көтеру есебінен қайтарылатын коммерциялық инвестициялардың түпкілікті құны қаншаға түсетінін бағалау үшін бір мәселеге тоқталайық. Биыл жаңғыртуға 1,3 трлн теңге жұмсалатын электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының тариф арқылы ақы алынатын қызметтерінің қазіргі жалпы құны қанша? Ал бұл көрсеткіш жаңғыртуға бағытталған инвестиция көлемімен қаншалықты сәйкес келеді?
Бұл сұраққа нақты жауап жоқ. Тарифтерді реттеуге жауапты Ұлттық экономика министрлігі тіпті болжамды мәліметтерді жариялаудан да жалтарып келеді. Ресми құжаттар мен лауазымды тұлғалардың көпшілік алдында жасаған мәлімдемелерінен инвестицияның қайда және қанша көлемде бағытталатынын, жылдар бойынша қалай бөлінетінін білуге болады. Алайда тарифтерге қатысты нақты дерек еш жерде көрсетілмеген. Тек олардың «негізсіз» өсуіне жол берілмейтіні және әлеуметтік осал топтарға өтемақы қарастырылатыны туралы үйреншікті мәлімдемелер ғана бар.
Ал тарифтердің «негізді» өсуіне келсек, қарапайым есептің өзі көңіл көншітпейді. Аяқталуға жақын қалған биылғы жылы игерілетін 1,3 трлн теңге, шамамен алғанда, жаңғырту бағдарламасына енгізілген кәсіпорындардың электрмен, жылумен және сумен жабдықтау қызметтерінен қазіргі кезде түсетін жалпы төлем көлемінен де асып түседі. Егер Ұлттық экономика министрлігінде бұдан дәлірек әрі жағдайдың соншалықты күрделі емес екенін көрсететін мәліметтер болса, оны жариялауға шақырамыз. Eurasia24 редакциясы бұл деректермен танысып, оқырмандарға ұсынуға дайын.
Ал әзірге мынадай қорытынды жасауға тура келеді:
а) Электр энергетикасы мен коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында қаржы игеру жоспардан едәуір кешігіп жатыр. Биылғы жылдың соңына дейін 4 трлн теңгеден астам инвестиция салынуға тиіс болғанымен, іс жүзінде бұл сома 2 трлн теңгеге де жетпейді;
ә) Алайда жоспарланған қаржының жартысы ғана игеріліп, оның небәрі төрттен бірі осыған дейін көтерілген тарифтер есебінен қамтамасыз етілсе де, бұл инфляцияны үдетуге жеткілікті болып отыр. Бұған дейін электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындары тарифтерін нарықта қымбаттап кеткен тауарлар мен қызметтердің бағасына қарай кешігіп көтеретін. Енді олардың өздері инфляцияның өсуіне ықпал ете бастады;
б) Коммерциялық қарыздар есебінен тартылған инвестициялар игеріліп, жеңілдік кезеңі аяқталғаннан кейін қарызды өтеу қажеттілігі тарифтердің кезекті рет қымбаттауына әкеледі. Қарыздарды қайтару мерзімі 5, 10 немесе 25 жылға созылғанымен, уақыт өте келе жаңа қарыз тарту көлемі бұрын алынған қарыздарды өтеуге жұмсалатын қаражатпен теңесетін кезең басталады. Сонда тарифтерді… үш есе көтеруге тура келе ме?
Біздің бағалауымызша, тарифтерді үш есе арттырудың өзі жеткіліксіз, оларды одан да жоғары көтеруге тура келуі мүмкін. Оның үстіне, бұл – тек электр энергетикасы мен коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясындағы есеп. Ал аталған жоба Қазақстанның нарықтық экономикасы кезеңінде салынған жаңа нысандарды емес, кеңестік дәуірден қалған қолданыстағы өндірістік қуаттарды жаңартуды ғана көздейді.
Осы тұста жаңа электр өндіру қуаттары мен электр желілерінің құрылысы да қарқынды жүріп жатқанын ескеру қажет. Бұл жобалар да қайтарымды коммерциялық қаржыландыру арқылы, оның ішінде шетелдік қарыздар есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Мұның соңы не болмақ?
Eurasia24 ұлттық инфрақұрылымды осындай коммерциялық инвестициялар есебінен қаржыландырудың немен аяқталатынын ашық айтады. Оның салдары көп күттірмейді, тіпті келесі жеті жылдық президенттік мерзім аяқталғанға дейін-ақ тариф жүйесі күйреуі мүмкін.
Яғни тарифтерді соншалықты жоғары көтеруге тура келеді, соның салдарынан төлем жасай алмайтын тұтынушылар көбейіп, қызметтерді пайдалану көлемі азаяды. Осыдан кейін электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын жаңарту және дамыту бағдарламасының болашағына біржола нүкте қоюға тура келмек.
Тағы бір жағымсыз болса да, айтуға тиіс ащы шындық бар. «Инвестицияға айырбас ретінде тарифті көтеру» саясатының әзірге кейінге шегеріліп отырған, бірақ түбінде болмай қоймайтын күйреуі Үкіметтің макроэкономика, қаржы және энергетика салаларына жауапты құрылымдарының өрескел қателігі емес. Керісінше, бұл – алдын ала жасалған нақты есеп. Бірақ оны аталған мемлекеттік органдардың өздері емес, Қазақстанның шикізатты сыртқа шығаруға негізделген экономикасын өз мүддесіне пайдаланатын сыртқы күштер жасаған. Ал Үкімет пен Ұлттық банкке сол жоспарды орындау міндеті жүктелген.
Бұл есептің қисыны айқын әрі нақты: ел ішінде өндірісті несиелендіруге, әсіресе инвестиция тартуға жол берілмеуі тиіс. Тек бюджет есебінен қаржыландырылатын жобаларға ғана мүмкіндік бар. Оның өзі бюджет тапшылығына байланысты шектеулі.
Ішкі нарықта несие беру мен инвестиция салуды шектеу міндетін Ұлттық банк атқарып отыр. Ол үшін инфляциямен күрес деген желеумен базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде ұсталады. Алайда іс жүзінде базалық мөлшерлемені бірнеше есе көтеру ақша массасының өсуін тежей алмайды. Оның қарапайым себебі бар: Ұлттық банк ел экономикасын тікелей несиелендірумен айналыспайды.
Есесіне Ұлттық банк валюта нарығындағы соңғы қатысушы ретінде ақша айналымына белсенді ықпал етеді. Бұл жолы ол несиелік эмиссияны емес, валютаны айырбастау арқылы ақша шығару тетігін пайдаланады. Елге келіп түсетін шетелдік инвестициялар мен қарыздарды теңгеге айырбастау нәтижесінде айналымдағы ұлттық валюта көлемі ұлғаяды. Ал мұндай ақша артықшылығы, өз кезегінде, Қазақстан экономикасындағы инфляцияны күшейтіп, оның деңгейін әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда төрт есе жоғары болуына ықпал етіп отыр.
Ақшаны өзіне тартатын қаржы жүйесі
Алдағы талдауымыз бен одан шығатын қорытындылар үшін тағы бір маңызды мәселеге тоқталайық. Ел ішіндегі ақшаның құны сыртқы нарықпен салыстырғанда төрт есе жоғары болуы отандық өндірушілердің шығындарын көбейтіп, инфляцияны одан әрі үдетеді. Сонымен қатар, халықтың төлем қабілеті төмендеп, онсыз да қаржы тапшылығын сезініп отырған ішкі экономикадағы қаражат банк жүйесіне қарай ағылады.
Басқаша айтар болсақ, базалық мөлшерлеменің жоғары болуына байланысты банктер ұсынатын депозиттердің табыстылығы да артады. Соның нәтижесінде нақты экономикада айналымға түсуі мүмкін бос қаражаттың өзі ерікті түрде банк салымдарына аударылады. Алайда мұндай мүмкіндік негізінен халықтың ауқатты бөлігіне ғана қолжетімді. Өйткені қазақстандықтардың басым бөлігінің банкте жинағы мүлде жоқ.
Дегенмен депозиттер арқылы қаражат тартумен қатар, тұтыну секторындағы ақшаны қаржылық алыпсатарлық операциялар саласына мәжбүрлі түрде бағыттайтын тағы бір тетік жұмыс істейді. Ол – міндетті зейнетақы жарналары.
Бұл жарналар ресми түрде жұмыс істейтін барлық қазақстандықтың табысынан олардың келісімінсіз ұсталады. Ай сайын жалақының 10 пайызы отбасылық бюджеттен алынып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) аударылады. Іс жүзінде бұл қаражат зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банктің қарамағына өтеді. Айтпақшы, зейнетақы активтерін неліктен дәл Ұлттық банк басқаратыны да өз алдына бөлек мәселе.
Осылайша, азаматтардың табысынан іс жүзінде тегін алынған қаражат түрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Соның нәтижесінде бастапқыда ешқандай шығынсыз жиналған ақша жылдық 14–16 пайыздан басталатын табыстылыққа ие қаржы активіне айналады. Мұндай қаражат қаржы нарығындағы алыпсатарлық операциялар үшін тиімді болғанымен, нақты экономика үшін керісінше ауыр салмаққа айналады.
Қателік емес, алдын ала жасалған есеп
Қайталап айтайық: бұл – қазақстандық банкирлер мен қаржыгерлердің қателігі емес, сырттан жасалған нақты, тіпті өзінше ұтымды, бірақ ешқандай адамгершілік қағидасымен санаспайтын есеп. Оның мәні мынада: тек шикізат өндіріп, оны сыртқа шығаруға бейімделген Қазақстан экономикасында ұлттық валютамен өндірісті дамытуға арналған несие де, инвестиция да болмауға тиіс!
Мұның негіздемесі қарапайым: шетелдік мүдделі тараптарға қажет кез келген өндіріс пен қызмет сырттан-ақ жеткілікті көлемде қаржыландырылады. Соның нәтижесінде елден өндірілген шикізат пен бастапқы өңдеуден өткен өнімдер ғана емес, шетелдік қаржыландырудан түсетін табыс та сыртқа шығарылады.
Ал сыртқы нарыққа қажеті жоқ ішкі қажеттіліктерге, соның ішінде электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға қаражат жұмсау Үкіметке міндеттелген «инвестицияға айырбас ретінде тарифті көтеру» саясаты арқылы қатаң шектеледі.
Бұл ретте Қазақстанның электр энергетикасы жүйесінің өзінде де Біртұтас сатып алушы тетігі мен «инвестицияға айырбас ретінде тарифті көтеру» саясатынан тыс қалатын кәсіпорындар тобы қалыптастырылған. Мұның бәрі аса мұқият әрі кәсіби деңгейде ұйымдастырылған. Соның салдарынан ұлттық электр энергетикасы жүйесін жаңарту мен дамытуға қатысты мәселелер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты айтпағанда, тек елдің ішкі мәселесіне айналып отыр.
Атап айтқанда, Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарын игеріп жатқан шетелдік концессионерлер ілеспе газбен жұмыс істейтін жеке электр станцияларын салып алды. Ал бұдан да ертерек экспортқа бағытталған жекеменшік тау-кен өндіру және металлургия компаниялары кезінде өз кәсіпорындарын энергиямен қамтамасыз ету үшін салынған жылу электр орталықтары мен мемлекеттік аудандық электр станцияларын жекешелендіріп алған болатын.
Иә, Біртұтас сатып алушы жүйесі мен «инвестицияға айырбас ретінде тарифті көтеру» саясатынан тыс қалған мұндай электр станциялары әлі де елдің біртұтас энергетикалық жүйесіне қосылған. Олар ортақ жүйенің тұрақтылық кепілдіктері мен қызметтерін толық пайдаланады. Алайда бүкіл энергетика саласында жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешуге қаржы жұмсамайды әрі бұл үшін ешқандай жауапкершілік алмайды.
Халықаралық қаржы «қадағалаушыларының» назарын аудармай, инвестициялық кеңістікті қалай басқаруға болады?
Қорытынды жасап, нақты ұсыныстарға көшпес бұрын, жоғарыда сөз болған зейнетақы жарналарына қайта оралайық. Иә, Қазақстанға сырттан таңылған жинақтаушы зейнетақы жүйесінің де көздегені сол. Бұл жүйенің құрылымы да дәл осындай есепке негізделген: ел ішінде ұлттық инвестицияға жол бермеу! Азаматтардың отбасылық бюджетінен алынатын нақты әрі ешқандай шығынсыз жиналатын қаражат не ел ішіндегі толассыз қаржылық алыпсатарлық операцияларға жұмсалады, не шетелдік борыш нарықтарына «инвестиция» ретінде бағытталады.
Ал осы қалыптасқан жүйенің екі бірдей кедергісінен өту мүмкін бе? Біріншісі – Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банктің инвестицияны тек сырттан тартуға негізделген қағидаларды сақтауын қадағалайтын сыртқы бақылау. Екіншісі – осы қағидалардың ел ішінде бұлжытпай орындалуы.
Бір қарағанда, бұл мүмкін емес сияқты. Алайда әлемдік тәртіп өзгеріп, бұрынғы жүйенің іргесі шайқалып жатқан қазіргі кезеңде халықаралық қаржы «қадағалаушыларының» назарын аудармай-ақ, Қазақстанның инвестициялық ресурстарын өз бетінше басқаруға кірісуге әбден болады.
Ал өзіміздің Ұлттық банк пен Үкіметке келсек, олар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) ресми есебінен алынған мына сандарға негізделген қарапайым есепке қарсы қандай дәлел келтіре алар екен?
1 қарашадағы жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналары есебінен 2 456 млрд теңге түскен. Жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 3 трлн теңгеге жуықтайды.
Төлемдер көлемі – 1 567 млрд теңге. Оның ішінде сақтандыру ұйымдарына аударылған қаражат – 662 млрд теңге, тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсалғаны – 520 млрд теңге, ал емделу ақысын төлеуге бағытталғаны – 623 млрд теңге.
Енді өз есебімізге көшейік.
Тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге жұмсалатын қаражатты есептен шығарып тастайық. Өйткені зейнетақы жүйесінің негізгі мақсаты бұл емес. Іс жүзінде мұндай мүмкіндік табысы жоғары салымшыларға ғана өз жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын қайтарып алуға берілген жеңілдік болып отыр. Бұл қисынға да, әділдік қағидатына да сай келмейді. Мұндай тәжірибені тоқтататын уақыт жетті.
Еңбек етіп жүрген азаматтардың қалтасынан тікелей алынған 2,5 трлн теңгенің 1,1 трлн теңгесі зейнеткерлерге төленген. Ал қалған 1,4 трлн теңге қаржылық алыпсатарлық нарығына бағытталып, нақты экономикадан тыс қалған. Оның үстіне, бұл қаражаттың басым бөлігі тағы да Қаржы министрлігінің борыштық облигацияларына салынады. Соның нәтижесінде бюджеттен қосымша қаражат алынып, «инвестициялық табыс» түрінде сол жинақтаушы қаржы жүйесіне қайта құйылады.
Енді зейнетақы жарналары құны әлі қымбаттамаған, яғни әзірге тегін қаржы күйінде тұрған кезде түрлі қаржы құралдарына емес, нақты инфрақұрылымға, атап айтқанда, электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға инвестиция ретінде бағытталады деп елестетіп көрейік.
Жоқ, мұндай инвестициялар да тегін болмайды. Алайда бұл – ең ұзақ мерзімге тартылатын әрі ең арзан қаржы көзі. Өйткені оны қайтару мерзімі азаматтың бүкіл еңбек жолын қамтиды. Ал оның құнын анықтау үшін, мысалы, тұтыну себетінің құнына қарай ақшаның сатып алу қабілетін сақтап, оған жылына небәрі бір пайыз табыс қосу жеткілікті. Мұндай жағдайда да зейнетақы мөлшері міндетті жарналар есебінен жинақталған сомадан бір жарым есе артық болады.
Енді биылғы зейнетақы төлемдерін тариф арқылы қаржыландыру қаншаға түсетінін есептеп көрейік.
Биылғы тоғыз айда өндірілген электр және жылу энергиясының құны 1 948 млрд теңгені, ал сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің көлемі 292 млрд теңгені құрады. Жыл қорытындысында бұл көрсеткіштердің жиынтық көлемі шамамен 3 трлн теңгеге жетеді. Ал БЖЗҚ-дан зейнеткерлерге төленетін қаражат, аннуитеттік төлемдерді қоса есептегенде, жылына шамамен 1,3 трлн теңгені құрайды. Демек, бұл төлемдер тариф арқылы қаржыландырылатын болса, электрмен, жылумен және сумен жабдықтау қызметтерінің құнын 44 пайызға көтеру қажет болар еді.
Төрт есе емес, небәрі 44 пайызға! Оның өзінде тарифті бір рет көтеру жеткілікті. Бұл есеп электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындары БЖЗҚ-ның зейнеткерлер алдындағы барлық міндеттемесін толық өз мойнына алған жағдайға негізделген.
Есесіне аталған салалар іс жүзінде көлемі шектелмеген, өте ұзақ мерзімге берілетін әрі арзан қаржыға қол жеткізер еді. Жыл сайын түсетін 3 трлн теңге зейнетақы жарнасы – электр энергетикасы мен коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаның операторлары қазіргі кезде жобалық-сметалық құжаттамамен, мердігерлермен және жабдық жеткізілімімен қамтамасыз етіп үлгеріп жатқан жұмыстардың құнынан шамамен үш есе көп.
Тіпті мұндай қаражат есебінен Қазақстанның бүкіл ірі энергетика саласын ішкі ресурстар арқылы қаржыландыруға болады. Атап айтқанда, жоспарланған үш атом электр станциясының құрылысын және экологиялық тұрғыдан жетілдірілген көмір генерациясын дамытуды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік туар еді.
Ал енді БЖЗҚ-ға міндетті жарналардан бөлек, ерікті түрде қосымша ақша аударатын азаматтарға арнайы жеңілдіктер қарастырылса ше? Мысалы, жылдық екі пайыздық табыстылық ұсынылса, жинақталған зейнетақы көлемі 2,2 есе ұлғаяр еді. Немесе салымшының өз таңдауына қарай тұрғын үй-коммуналдық қызметтер үшін төленетін ағымдағы төлемдерге жеңілдік беруге болады.
Жалпы, елестетіп көріңіздерші: Қазақстанның электр энергетикасы мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымы болашақ зейнеткерлердің өз қаражаты есебінен қаржыландырылып, сол азаматтардың меншігіне өтеді. Бұл үлкен жетістік емес пе?
Ескі Қазақстаннан Жаңа әрі Әділетті Қазақстанға көшудің нақты көрінісі осы емес пе?




