«Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі даркнетте қазақстандықтардың «Жоғарғы сот деректері» сатылып жатқаны туралы ақпаратты тексеріп жатыр», – деп ҚазТАГ агенттігі Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке сілтеме жасап хабарлады.
«Осы жағдайға қатысты арнайы тексеру тағайындалды, қазір жұмыс жүріп жатыр. Оны Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүргізуде. Жарияланған ақпараттың мазмұны тексеріледі. Мүмкіндік болса, аталған файлдарға қол жеткізіліп, олардың ішіндегі мәліметтер де зерттеледі. Сонымен қатар, тиісті мемлекеттік органда қандай рәсімдік талаптардың бұзылғаны анықталып, соған сәйкес шаралар қабылданады», – деді Мәдиев Үкіметте өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, даркнетте белгілі бір адамдардың қазақстандықтарға қатысты, оның ішінде жеке деректерді иеленетіні туралы хабарландырулар мезгіл-мезгіл жарияланып тұрады. Алайда мұндай мәліметтердің арасында көбіне ешқандай құндылығы жоқ ақпарат, тіпті Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ фотосуреттер мен басқа да файлдар кездеседі.
Сонымен, не болды? Әңгіме қандай ақпарат туралы болып отыр?
Шамамен бір апта бұрын киберқауіптерді бақылаумен айналысатын халықаралық SOCRadar компаниясы даркнетте 507 млн жазбадан тұратын деректер жиынтығының сатылымға шығарылғанын анықтады. Болжам бойынша, бұл мәліметтер 2014–2026 жылдар аралығында Қазақстанның сот органдарының ақпараттық жүйесінен алынған болуы мүмкін. Хабарландыруда деректердің жалпы құны 50 мың доллар екені көрсетілген.
Eurasia24 редакциясы мемлекеттік органдар ресми түсініктеме бергенге дейін бұл жаңалыққа қатысты пікір білдіруге асыққан жоқ. Өйткені тексеру нәтижелері шықпайынша, мұның құнды ақпарат ретінде ұсынылған кезекті жарамсыз деректер жиынтығы ма, әлде шынымен алаңдауға негіз бар ма, белгісіз. Дегенмен соңғы бірнеше жылда жеке деректердің таралып кетуіне қатысты бірнеше жағдайдың расталғанын ескерсек, бұл оқиғаны да назардан тыс қалдыруға болмайды.
Мәселен, 2024 жылы наурызда Мемлекеттік техникалық қызмет Zaimer.kz микроқаржы ұйымының 2 миллионнан астам клиентінің жеке деректері таралып кеткенін анықтаған болатын. Алайда бұл оқиғаның салдарын іс жүзінде компанияның өзі ғана тартты. Оған 500 айлық есептік көрсеткіш немесе 1 млн 846 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал азаматтарға өз құқықтарын қорғау үшін сотқа өз бетінше жүгіну ұсынылды.
2025 жылы маусымда қазақстандықтардың жеке мәліметтері қамтылған 16 млн жазба тағы да ашық интернет кеңістігінде пайда болды. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. 2026 жылғы сәуірде ҰҚК тергеуді әлі жалғастырып жатқан еді. Ал 6 қазанда жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин журналистерге ведомствода бұл істің немен аяқталғаны туралы ақпарат жоқ екенін мойындады.
Қазақстандықтардың жеке деректері неге соншалықты сұранысқа ие тауарға айналды? Олардың заңсыз таралуына қатысты оқиғалардың жиі қайталануына не себеп? Ал жеке деректердің заңсыз таралғаны расталған әрбір жағдай бойынша нақты кінәлілер анықтала ма? Қоғам олардың кім екенін біле ала ма?




