Астана. 24 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ (ҚТЖ) ұжымына жаңа басшы Ерсайын Нағаспаевты таныстырып, теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысты негізгі міндеттерді белгіледі. Бұл туралы сейсенбі күні Үкімет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Басым міндеттер қатарында еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттыру, транзиттік тасымал көлемін ұлғайту, теміржол инфрақұрылымын дамыту және компания жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері аталды. Сондай-ақ корпоративтік тәртіпті нығайту, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және қабылданған шешімдер үшін басшылардың жеке жауапкершілігін арттыру қажеттігіне ерекше мән берілді.
Бектенов компанияның кадр саясатын ретке келтіруді және теміржол жылжымалы құрамының отандық өндірісін дамытуды да тапсырды.
Сонымен қатар, жүк тасымалының толыққанды мультимодальды жүйесін қалыптастыру, теңіз көлігі инфрақұрылымын дамыту және «Alatau Air Cargo» АҚ жүк тасымалдаушы әуе компаниясының жұмысын инвестормен бірлесіп тиімді ұйымдастыру маңызды екені атап өтілді.
Бұған дейін, сейсенбі күні Ерсайын Нағаспаев Президент жарлығымен өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметінен босатылып, «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешімімен ҚТЖ басқарма төрағасы болып тағайындалған болатын.
Ал 11 қарашада жемқорлық жасады деген күдікпен ҚТЖ-ның сол кездегі басшысы Елжас Өтіншіев пен «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов ұсталған еді. Кейін сот оларды қамауға алуға санкция берді.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Қазақстанның магистральдық теміржол желісінің операторы болып саналады. Компанияның жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» қоры.




