Вашингтон. 24 қараша. ИНТЕРФАКС – АҚШ Соғыс министрлігі автокөлік өндіруші компаниялармен ұшқышсыз ұшу аппараттарына (ҰҰА) қажетті бөлшектерді ірі көлемде шығару мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл туралы сейсенбі күні The Wall Street Journal (WSJ) газеті хабарлады.
«Пентагон General Motors (GM) және басқа да өндірушілермен дрондарды жаппай шығаруға жәрдемдесу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр», – деп жазды басылым.
Газеттің мәліметінше, бұған дейін Пентагон автокөлік концерндерінің өндірістік қуаттарын зымырандардан бастап жүк көліктеріне дейінгі түрлі әскери өнімдерді құрастыруға пайдалануға тырысқан. Ал қазір мұндай ынтымақтастыққа General Motors компаниясы ерекше қызығушылық танытып отыр.
Жоспар бойынша автокөлік өндірушілері дрон шығаратын компанияларды қажетті бөлшектермен қамтамасыз етеді.
Пентагон өкілдері GM, канадалық Magna International және басқа да компаниялармен, соның ішінде автокөлік өндірісіне қатысы жоқ кәсіпорындармен кездесулер өткізген. Алайда газет келіссөздердің әзірге бастапқы кезеңде екенін, түпкілікті келісімдер жасалмағанын нақтылады.
Пентагон дрондар нарығының жылдық көлемін 20–30 млрд долларға бағалап отыр. Дереккөздердің айтуынша, Соғыс министрлігі өз бастамаларына қатысатын автокөлік компанияларына қомақты қаржы ұсынуға дайын.
WSJ мәліметінше, Пентагон миллиондаған дрон сатып алу жоспарын жариялағанымен, АҚШ-та мұндай аппараттарды өндіру ісі енді ғана жолға қойылып жатыр. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын құрастыратын көптеген компания америкалық әскерилердің сұранысын толық қамтамасыз етуге әлі дайын емес. Ал Қытай дрондарға қажетті көптеген бөлшектің негізгі, кей жағдайда жалғыз жеткізушісі болып отыр.
Сонымен қатар, басылымның жазуынша, автокөлік өндірушілері әскери өнім шығаруға қатысудың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін екеніне алаңдайды. Оларды Пентагон тарапынан сұраныстың тұрақсыз болуы және АҚШ Конгресінің бұл мақсаттарға жыл сайын қаржы бөлу-бөлмеуі де ойландырып отыр.




