Астана. 24 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан 2027 жылы спутниктік байланыс қызметін көрсететін тағы екі шетелдік оператордың – қытайлық Shanghai Spacecom Satellite Technology және америкалық Amazon LEO компанияларының нарыққа шығуын күтіп отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев хабарлады.
«Келесі жылы Қазақстан нарығына Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon LEO компаниялары келеді деп күтіп отырмыз. Осылайша, Қазақстан Орталық Азияда төрт оператордың барлығы өздерінің жерүсті станцияларын орналастыратын алғашқы ел болады. Бұл ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай келеді», – деді Мәдиев сейсенбі күнгі Үкімет отырысында.
Ол 1 қазанда OneWeb және Starlink спутниктік байланыс операторларына лицензия берілгенін еске салды.
«Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп Direct-to-Cell технологиясы іске қосылды. Бұл технология спутник арқылы смартфонға тікелей байланыс орнатып, елдің кез келген нүктесінде хабарлама алмасуға және интернеттің базалық қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Android құрылғыларына қолдау көрсетіледі, ал iOS жүйесіне енгізу жұмыстары жалғасып жатыр», – деді вице-премьер.
Shanghai Spacecom Satellite Technology компаниясы кеңжолақты интернет қызметін көрсетуге арналған Қытайдың төмен орбиталы Qianfan («Мың желкен») спутниктік жүйесін дамытып жатыр. Жоба аясында орбитаға 15 мыңнан астам спутник орналастыру көзделген. Алғашқы спутниктер 2024 жылғы тамызда ғарышқа ұшырылды.
Amazon LEO (бұрынғы Project Kuiper) – америкалық Amazon компаниясының бүкіл әлемді кеңжолақты спутниктік интернетпен қамтуға бағытталған жобасы. Компания Жердің төменгі орбитасына 3 мыңнан астам спутник орналастыруды жоспарлап отыр. 2026 жылғы қыркүйекте Amazon Өзбекстанның Uztelecom операторымен әріптестік орнатқанын жариялады.




