Астана. 24 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан америкалық Nvidia компаниясы мен Firebird инвесторы қатысатын «Деректер орталықтары алқабы» жобасын жүзеге асыруға қатысты әзірге құқықтық шектеулер туындауы мүмкін деп есептемейді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
«Әзірге ешқандай қауіп-қатер көріп отырған жоқпыз. Бұл мәселе әзірге АҚШ президентінің мәлімдемесі деңгейінде ғана айтылды. Экспорттық бақылау аясында «Деректер орталықтары алқабы» жобасына жаңа шектеулер тудыруы мүмкін нақты құқықтық нормалар, заңнамалық өзгерістер немесе ережелер қабылданған жоқ. Сондықтан жоба жалғасып, оны жүзеге асыра аламыз деп ойлаймын», – деді Мәдиев сейсенбі күні Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Осылайша, министр америкалық компаниялардың шетелде деректер орталықтарын салуына ықтимал шектеулер енгізілуіне қатысты журналистің сұрағына жауап берді.
Ол «Деректер орталықтары алқабы» жобасына Nvidia компаниясы мен Firebird инвесторы қатысатынын хабарлады.
«Деректер орталығын өзіміз салып жатырмыз. Ал осы орталықтарда америкалық технологияларды пайдалануды жоспарлап отырмыз», – деп түсіндірді министр.
Өз кезегінде «Қазақтелеком» АҚ бас директоры – жобаларды басқару жөніндегі директоры Ғазиз Дөненбай Firebird компаниясының қажетті тәжірибесі бар екенін және Арменияда деректер орталығын салғанын атап өтті.
«Деректер орталықтары алқабы» жобасында Nvidia технологиялық серіктес ретінде GPU графикалық процессорларын жеткізеді. Біз өз тарапымыздан ешқандай қауіп-қатер көріп отырған жоқпыз. Firebird компаниясына қатысты барлық мәселе мұқият тексерілді», – деді ол.
Компания өкілінің айтуынша, Қазақстан деректер орталықтарының есептеу қуаттарын жалға береді.
«Деректер орталықтары алқабында жұмыс істейтін компаниялар өз мәліметтерін өздері өңдейді. Бұл деректерге қазақстандық компаниялар да, еліміздің арнайы қызметтері де қол жеткізе алмайды», – деді Дөненбай.
Бұған дейін Қазақстан Павлодар облысында жүзеге асырылатын «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының екінші кезеңі аясында Gaw Capital, Boosteroid және Firebird компанияларымен жалпы қуаты 480 МВт болатын есептеу инфрақұрылымын орналастыру жөнінде алдын ала келісімдерге қол қойғаны хабарланған.
Жалпы, 2029 жылға қарай «Деректер орталықтары алқабының» қуатын 1 ГВт-қа жеткізу жоспарланып отыр.
KPMG халықаралық агенттігінің бағалауынша, жобаның экспорттан түсетін жылдық табысы 3,1 млрд долларға жетуі мүмкін. Ал деректерді өңдеу орталықтарын пайдаланудың 20 жылдық кезеңіндегі инвестициялардың жиынтық көлемі 115 млрд долларға бағаланып отыр.
«Деректер орталықтары алқабы» жобасы Павлодар облысының Екібастұз қаласында жүзеге асырылуда. Мұнда энергетикалық әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жететін Орталық Азиядағы ең ірі деректер орталықтары кешенін құру көзделген. Жобаға жалпы аумағы 1,4 мың гектар жер бөлінген.




