Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) хабарлады: «Тәуелсіздік қоғам үшін аса маңызды құндылықтардың бірі болып қала береді. Оның мәні мемлекеттіліктің қалыптасу тарихымен ғана шектелмей, Қазақстанның қазіргі даму кезеңін азаматтардың қалай бағалайтынымен де тығыз байланысты. Мұны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері көрсетіп отыр. Сауалнамаға 8 105 респондент қатысты. (…) Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, елдің даму бағытын оң бағалайтын азаматтар барлық негізгі әлеуметтік-демографиялық топтарда басым. Қазақстандықтардың 93 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. Ең жоғары қолдау 18–29 жас аралығындағы жастар арасында байқалған. Бұл жастағы респонденттердің 95,1 пайызы елдің даму бағытын оң бағалаған. (…) Сауалнамаға қатысқандардың 82,4 пайызы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының жүзеге асырылуын оң бағалайды. Бұл көрсеткіш те 18–29 жас аралығындағы жастар арасында ең жоғары деңгейге жетіп, 89,6 пайызды құраған. Ал 61 жастан асқан азаматтардың 77,6 пайызы аталған қағидаттың жүзеге асырылуына оң баға берген».
Еуразия24 пікірі:
Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында егемен елде дүниеге келген ұрпақтың қоғамдық көзқарасы бізді ерекше қызықтырды.
Бүгінгі 18–29 жас аралығындағы қазақстандықтар Кеңес Одағы кезеңін көрген жоқ, 90-жылдардағы ауыр қиындықтарды да бастан өткермеді. Сондықтан олардың өздері өмір сүріп жатқан елді бағалау өлшемдері де мүлде басқа. Оның үстіне, бұл буынның Қазақстанды өзге мемлекеттермен салыстыру мүмкіндігі әлдеқайда кең. Шекаралар ашық, интернет пен әлеуметтік желілер қолжетімді заманда өскен жастар әлемдік ақпарат кеңістігімен тығыз байланыста.
Әрине, елдің даму бағытын оң бағалау нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты наразылық жоқ дегенді білдірмейді. Оның үстіне, сауалнамаға қатысқандардың барлығы бірдей оң пікір білдірген жоқ. Азаматтардың бірі бағаның өсуіне, екіншісі медициналық қызмет сапасына, енді бірі әкімдік жұмысына көңілі толмауы мүмкін. Бірақ бұл олардың өз елінің болашағына деген сенімін жоғалтқанын білдірмейді.
Біздің ойымызша, сауалнама нәтижелерін түсіндіруде осы екі мәселенің ара-жігін ажырату аса маңызды. Өйткені бүгінгі жағдайға сын көзбен қарап, сонымен бірге елдің болашағына сенім арту бір-біріне қайшы келмейді.




