Астана. 25 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасына бөлінген қаражаттың жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құру және оның құрамын бекіту туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Сәрсенбі күні Ақорданың ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттері – бағдарлама аясындағы жобалардың уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, бюджет қаражатына төнетін тәуекелдерді азайту және бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалуына жол бермеу.
Бағдарламаның барлық кезеңі, яғни жобаларды жоспарлау мен қаржы бөлуден бастап нысандарды толық пайдалануға беруге дейінгі жұмыстар бақылауға алынады.
Мемлекеттік комиссия жобалардың орындалу мерзімін, құнын және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің заңдылығын қадағалайды. Сондай-ақ тәуекелі жоғары жобаларды анықтап, туындаған мәселелерді шешу жолдарын әзірлейді. Бағдарламаның іске асырылу барысына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша Президентке тоқсан сайын және жыл сайын есеп ұсынылады.
Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік комиссияның жұмыс органы болып белгіленді.
Комиссия құрамына тиісті мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай (бір палаталы парламент) депутаттары, Халық кеңесінің мүшелері, журналистер, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, өңірлер мен бизнес өкілдері енді.
Мемлекеттік комиссияның төрағасы болып Жоғары аудиторлық палатаның басшысы тағайындалды.
«Халықтық құрылыс» – Қазақстанның инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуға бағытталған бағдарлама. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның басталатынын 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында жариялаған болатын.
Бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр. Ал 2027 жыл Қазақстанда Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы болып жарияланды.




