Алматы қаласының әкімдігі хабарлады: «Британдық сәулетшілер Алматыда түрлі жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр. Қаланың ерекше табиғи ландшафты, жасыл желектің молдығы және көшелерінің қолайлы орналасуы Алматыны одан әрі дамытуға кең мүмкіндік береді. Мұндай пікірді британдық SimpsonHaugh сәулет компаниясының серіктесі Кристиан Мэйл Алматыда екінші күн өтіп жатқан SHARE Kazakhstan халықаралық сәулет форумында білдірді. Сарапшы Алматының көлік және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымына, жасыл желекті сақтау жұмыстарына және жеңіл рельсті көлікті дамыту мүмкіндіктеріне жоғары баға берді. Британдық сәулет бюросының өкілі Алматыда жобалар жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. Оның айтуынша, жаңа ғимараттарды жобалағанда заманауи сәулет шешімдерімен қатар қаланың тарихи ерекшеліктері мен өзіндік келбеті де ескерілуі тиіс. Ал британдық Plan A Consultants Ltd компаниясының директоры Нед Барранның айтуынша, Еуропада Алматы сияқты тауға жақын орналасқан қаланың бұл ерекшелігі туристерді тартудағы басты артықшылықтардың біріне айналар еді».
Еуразия24 пікірі:
Алматының шетелдік, соның ішінде британдық сәулетшілермен бірлесіп жұмыс істеуде табысты тәжірибесі бар.Мәселен, даниялық урбанист Ян Гейлдің ұсынысымен 2017 жылы қаланың орталық бөлігі айтарлықтай өзгерді. Бүгінде серуендеушілер саны жылдан-жылға артып келе жатқан Панфилов көшесін жаяу жүргіншілерге арналған аймаққа айналдыру да оның бастамасы болатын.
2025 жылы Алматыда британдық сәулетшілердің қатысуымен салынған екі маңызды мәдени нысан ашылды. Chapman Taylor сәулет бюросы Almaty Museum of Arts музейінің жобасын әзірледі. Ал сәулетші Асиф Хан қазақстандық әріптестерімен бірге «Целинный» ғимаратын заманауи мәдениет орталығына айналдырды.
Айта кетейік, BBC Travel Алматының көрікті жерлерінің қатарында осы екі нысанға да баруға кеңес берген. Бұл туралы Eurasia24 бұған дейін жазған болатын.
Ал британдық SimpsonHaugh компаниясы Алматыға қандай жобалар ұсына алады? Мәселен, ескі ғимараттарды жаңартып, оларға жаңа қызмет беруге немесе тұтас қалалық аудандарды қайта дамытуға атсалысуы мүмкін. SimpsonHaugh компаниясының Лондондағы бұрынғы Battersea электр станциясы орналасқан аумақты жаңғыртуға және Манчестер музейін қайта құруға қатысқаны белгілі.
Сонымен қатар, британдық мамандардың жеңіл рельсті көлік жүйесін жасыл желегі мол қалалық ортаға үйлестіру тәжірибесі бар. Бұл Алматыда жоспарланған жеңіл рельсті көлік жобасы үшін де маңызды.




