Алаңсыз жұмысқа кіріссін деп, Құрылтайшылар Жеңіске жап-жаңа 2 ақ шаңқан киіз үй берді – кішірегін тұрғын үй, үлкенін кеңсе қылды, алдын-ала айлық, жақсы киім мен қара түсті шетелдік тұлпар, қымбат ат әбзелін тартты.
Кезінде бір рулы елді басқарған Хан баласының қамсыз-мұңсыз өмірден қоғамның ең төменгі сатысы – құлдық пен жалшылыққа құлдырауы, қаншама рет өз ісімен айналысып, кедейліктен құтылмақ болғаны, несие берушілермен бітпейтін қаржылық қақтығысқа барып, келіссөз жүргізгені – осынау ауыр сынақ Жеңіске тәжірибе жүзінде ең жоғарғы заңгерлік және экономикалық білім берген тамаша өмірлік Университет болған еді!
Жеңістің өзі құрған тізім бойынша, Құрылтайшылар кеңесшілік қызметке лайық ең білімді әрі ақылды адамдарды іздеп тауып, арнайы шақырып, жұмысқа алды. Сол кеңесшілерімен Жеңіс неше күн қатарынан жатпай-тұрмай мәжіліс құрып, ақылдасып, ара-тұра қағазына бірдеңелерді жазып, есеп жүргізіп отырды. Бір айдан соң, ол Федерация құру жоспарын талқылау үшін, Құрылтайшыларды жинады.
Мәжіліс кезінде Құрылтайшылардың назарына ұсынған алдағы іс-әрекеттер бағдарламасын Жеңіс «Мәңгі Ел стратегиясы – Әділдік, Қауіпсіздік және Әл-ауқат» деп атады. Ол ең бірінші кезекте Заң, Әскер және Экономика мәселелері қолға алынуы тиістігіне Құрылтайшылардың көзін жеткізді. Алдағы атқарылатын істер ауқымын көріп, әсерленген Құрылтайшылар Бағдарламаны мақұлдап, Одақтың Жарғылық капиталына ақша жинап берген соң, Жеңіс әрекетке көшті.
Заң мәселесі. Жеңістің ұйымдастыруымен, Мәжіліс, ең алдымен, Одақ құрамындағы төрт рудың тіл табысып, қауымдасып өмір сүруін қамтамасыз ететін ережелерді жазып, жаңа Федерация Заңдарын қабылдады; ол Заңдарға Ата Заңнан (Конституциядан) бастап, Азаматтық Кодекс, Әкімшілік Кодекс, Жер Кодексі, Салық Кодексі, Қылмыстық Кодекс және басқа да барлық негізгі Кодекстер кірді. Одақ құрамындағы субъект (яғни, егеменді) рулардың бәрі бірдей Федерация Заңдарын сақтауға міндеттелді, бұрынғы руішілік Заңдар қайта қаралып, Федерация заңнамасына толық сәйкестендірілді.
Заңдар қатаң орындалуы үшін, жергілікті билеушілерден тәуелсіз мықты Сот жүйесі құрылып, жаңа Ата Заң (Конституция) бойынша, оған «Федерациялық Сот жүйесі» мәртебесі берілді. Кез-келген дауды шешу хұқығы Федерацияның сот төресі – Төбе биге ғана берілді, ал, Төбе биді ақсүйек шонжарлар арасынан емес, қарадан шығып, өз күшімен көтерілген ірі кәсіпкерлер арасынан халық сайлап отырды. Өйткені, ондай ақылды, сақ әрі өз маңдай терімен байыған кісілер параға сатылмайды, онсыз да бай болғандықтан, ендігі жерде қалтасын қампайтуды емес, қайта, биік әлеуметтік мәртебеге жетіп, қолында билігі бар, қоғамға сыйлы көрнекті тұлға болуды армандайды.
Сот төресінің шешімін орындау Сот атқарушылары корпусына, яғни, Барымташыларға жүктелді, айыппұл сомасының 5% өздеріне тиесілі болғандықтан, барымташылар “Заңның күші – жазаның бұлтартпастығында” деген ұранмен тынымсыз жұмыс істеді. Қазақтың барымташысы – жылқы айдап әкететін ұры-қары емес, қайта, сот төресі тағайындайтын айыппұлды, көбінесе, малдай өндіретін Заң өкілі.
Әскер. Федерацияның біріккен Әскерін (Армия) құруға Жеңіс айрықша көңіл бөлді, ол үшін жауынгерлік тәжірибесі мол, елге сыйлы батырларды жиып, «Орта» деп аталатын әскери зияткерлік орталық (Бас Штаб) құрып, оны өзі басқарды.
«Орта» жаңа Әскер құрылымын жобалап, бекітті, жауынгерлерді даярлау және жұмылдыру іс-шараларын жүйеге келтірді, қаруландыру саласын, әскери қызмет жарғыларын, стратегия мен тактика әдіс-тәсілдерін бір қалыпқа түсірді, қару-жарақ өндірісі мен тылдағы әскери қамтамасыздық мәселелерімен айналысты.
Мәңгі Ел Федерациясы Әскерінің құрылымы «халық-әскер» қағидасына негізделді. Федерациядағы 16 мен 45 жас аралығындағы бүкіл еркек кіндікті әскери борышын өтеуге міндетті деп саналды. Әскер құрылымы 100 атты әскерден тұратын жүздіктерге негізделді, әр жүздікті жүзбасы басқарды. Он жүздіктен мыңдық құралды, оны мыңбасы басқарды, ал, түмен деп аталатын он мың сарбаз жиылған мықты бөлімшені түменбасы басқарды. Сондай ең алғашқы түменбасы болған жалайыр Мұқалы, кейін Ортабасы, яғни, бүкіл Мәңгі Ел Әскері Бас Штабының Қолбасы болып тағайындалды.
Бейбіт еңбекпен айналыса жүріп те, әр көшпенді ер-азаматтың үйінде міндетті түрде қару-жарағы, жорық жабдығы, жорыққа мінетін аты сай тұруы керек. Алда-жалда жорыққа шақыра қалса, бір тәулік ішінде ол өз жүздігі жиналатын жерге келіп жетуі тиіс, жүздік бір тәулікте өз мыңдығына, ал, барлық мыңдықтар тағы екі күн жүріп, Одақ шекарасының кез-келген нүктесіндегі түменге қосылуы керек. Осылайша, төрт күн ішінде Федерацияның бүкіл әскері жұмылып, жауды күтіп алуға даяр тұрады.
Кейін бұл әдісті Ресейдегілер орыс казактарының әскери қызметін ұйымдастырғанда қолданды, сондай-ақ, Швейцарияның әскери жүйесінде әлі күнге дейін қолданылады, сол үшін де бұл елмен Екінші дүниежүзілік соғыста, тіпті, Гитлер мен Сталин де байланыспауға тырысқан.
Бүкіл Әскердің ұйытқысы 111 кәсіби командир – яғни, жүзбасылар, мыңбасылар және түменбасы болған, олар жасақтың жабдықталуы мен әскери даярлығына жауап беріп, оны кез-келген көрші мемлекеттің басқыншылығына төтеп беруге қабілетті, тамаша жаттықтырылған Әскерге айналдыра алған.
Жайлаудан қыстауға көше салысымен, әскерге баруға міндетті барлық ер-азамат 7 күндік оқу-жаттығу жиындарына аттанған. Жиын аяқталған соң, жауынгерлер жабайы жануарларды қамалап аулап, оқып-білгендерін іс жүзінде қолданатын ауқымды машықтану шарасы өткізілген. Бұл жерде атты жасақтар жортуыл мен жасырын қуғын, барлау мен шолғын, торуыл мен өтірік шегіну, бетпе-бет шабуыл мен қашықтан садақ атып жауды жайрату кезінде тактикалық тұрғыдан өзара әрекеттесуге жаттыққан.
Жаңа Ата Заң бойынша, Мәңгі Ел құрамындағы рулардың жеке қарулы күштерін жасақтауына тыйым салынды; есесіне, Федерациялық Әскердегі жүздіктер мен мыңдықтар міндетті түрде теңдей мөлшерде әр түрлі қазақ руларынан шыққан жауынгерлер мен командирлерден аралас жасақталды. Осылай әскерде бірге болып, қатар жүріп жауынгерлік қызмет атқарған Федерацияның әр рудан шыққан барша ер-азаматтары өзара бауырласып, достасып, ауызбірлігі нығайған, соның арқасында олар бейбіт өмірде де ынтымақтасып, тіл табысып тіршілік еткен.
Әскердің соғыста түсірген олжасы енді жаңаша үлестірілді: 10% – Федерацияның қазынасына, 10% – Ардагерлер мен әскери қызметкерлердің отбасыларын қолдау қорына, ал, 80%-дық қомақты бөлігі командирлер мен жауынгерлерге материалдық сыйақы ретінде берілді.
Әскердің экспедициялық корпусын «іссапарға» жібергенде, ардагерлермен қатар, ең жас жауынгерлер де жорыққа шақырылып, сөйтіп, олар да алғашқы әскери тәжірибеден өткен. Ұрыста қаза тапқан жауынгерлердің отбасыларына Қордан қомақты зейнетақы-өтемақы тағайындалып, өмір бойы берілетін болған, ал, із-түссіз жоғалғандардың отбасыларына мүлде ештеңе берілмеген, сол себепті де, Мәңгі Ел Әскерінде тұтқынға берілу немесе жаралылар мен өлгендерді ұрыс алаңында тастап кету сияқты масқара жағдайлар атымен болмаған.
Жеңіс Федерацияның Сыртқы Барлау және Қарсы Барлау Қызметтерін ұйымдастыруға айрықша мән берді, өйткені, мемлекет үшін барлаушы-тыңшыдан артық әрі құнды, әрі қауіпті адам жоқ! Бұған ең білімді әм байқампаз, ой-өрісі кең, талдауға бейім, есте сақтау қабілеті мықты, түрлі шет тілдерін меңгерген, зерек әрі айлакер, тартымды әрі әртістік қабілетке ие, кез-келген кейіпке оңай еніп, кез-келген жерде, кез-келген рөлде «жасырын» жұмыс істей алатын жасы да, ұлты да әр түрлі аса дарынды ерлер мен әйелдерді іріктеп, машықтандырған.
Алайда, Федерация стратегиясындағы басты мәселе халықтың әл-ауқатын арттыру болғандықтан, Жеңіс бұл салада орасан зор өзгерістер енгізуді жоспарлады.
Федерацияның ауқымды әрі табысты экономикалық жобалары бүкіл Еуразия континентінің алдағы көпғасырлық тарихын жаңа арнаға бұрды, сондықтан, оларға жеке көңіл бөлу қажет.
Кітаптың бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Алғы сөз»
Кітаптың екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Зор күмәндар бастауы»
Кітаптың үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Халықтың аспаздық өнері – тарих айнасы»
Кітаптың бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны»
Кітаптың алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны. Моңғол ұғымы»
Кітаптың жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Қазақстан туы. Тәңіршілдік»
Кітаптың сегізінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Кедей қалай хан болды?»