Евразия24ЖаңалықтарАҚШ Латын Америкасы жағалауларына есірткі картельдеріне қарсы күресу үшін сегіз әскери кеме...

АҚШ Латын Америкасы жағалауларына есірткі картельдеріне қарсы күресу үшін сегіз әскери кеме жөнелтті

|

|

 

Вашингтон. 28 тамыз. ИНТЕРФАКС – АҚШ Әскери-теңіз күштері Кариб теңізі мен Тынық мұхиты аймағындағы Орталық және Оңтүстік Америка жағалауларына сегіз әскери кеме жөнелтті. Бұл қадам есірткі картельдеріне қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Бұл туралы The Washington Post газеті хабарлады.

АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі басылымға берген түсініктемесінде:

«Кемелер кеңейтілген есірткіге қарсы операция аясында Латын Америкасында есірткі контрабандасын тоқтатуға тартылып отыр», – деді.

Газеттің мәліметінше, АҚШ оңтүстік бағытқа үш эсминец, бір крейсер, екі десанттық кеме-док, әмбебап десанттық кеме және бір жағалаулық әрекет кемесін жіберген. Кемелер бортында АҚШ-тың жағалау күзеті мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. Олар есірткі тасымалын тоқтату кезінде күдіктілерді ұстау жұмыстарын жүргізеді.

Алайда, АҚШ ӘТК өкілінің айтуынша, кемелер Венесуэла жағалауына тікелей жақындамаған. Мысалы, USS Gravely және USS Jason Dunham эсминецтері қазіргі таңда Кариб теңізінің шығыс бөлігінде орналасқан. Ал USS Sampson эсминеці сейсенбі күні Панама жағалауында, Тынық мұхит аймағында жүзіп жүрген.

Сонымен қатар, 2,5 мың теңіз жаяу әскері бар Iwo Jima әмбебап десант кемесі мен оны сүйемелдеген екі кеменің бағыты «Эрин» дауылы салдарынан өзгертілген. Сейсенбі күні бұл топ АҚШ-тың шығыс жағалауында болған.
USS Minneapolis-St. Paul жағалаулық кемесі Кариб аймағында, ал USS Lake Erie крейсері Мексика жағалауындағы Тынық мұхит суларында әрекет етуде.

The New York Times басылымы да дереккөздерге сілтеме жасай отырып, АҚШ президенті Дональд Трамп Пентагонға Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне қарсы әскери шаралар қабылдау жөнінде құпия нұсқау бергенін хабарлады. Алайда мұндай операциялардың нақты мазмұны әлі белгісіз. Бұған дейін WP картель жетекшілеріне қарсы зымырандық соққыдан бастап, Мексика билігіне қолдау көрсетуге дейінгі түрлі нұсқалардың қарастырылып жатқанын жазған.

АҚШ-тың бұл әскери белсенділігі Венесуэла билігінің алаңдаушылығын туғызып, олар Колумбиямен шекарада қосымша күштерді жұмылдырған. Бұған дейін АҚШ әкімшілігі Венесуэла президенті Николас Мадуроның тұтқындалуына әкелетін ақпарат үшін сыйақыны $25 млн-нан $50 млн-ға дейін арттырған. АҚШ бас прокуроры Пэм Бонди Мадуроны «Трен-де-Арагуа» және «Синалоа» картельдерімен есірткі тасымалын ұйымдастыруда байланысы бар деп айыптаған.

Алайда WP атап өткендей, қатаң мәлімдемелерге қарамастан, Вашингтон Венесуэлада мұнай өндіруді жалғастырып жатқан Chevron компаниясына лицензияның күшін ұзартқан. Өткен аптада АҚШ-қа Венесуэла мұнайын тиеген екі танкер келген. Сонымен қатар, АҚШ пен Каракас америкалық аумақтан заңсыз мигранттарды қайтару бойынша бірлескен ұшуларды үйлестіруді жалғастыруда. Биылғы ақпаннан бері шамамен 8 мың венесуэлалық заңсыз мигрант АҚШ-тан депортацияланған.

«Көрінерде жағдай шиеленіскенмен, сырт көзден тыс – бәрі қалыпты жүріп жатыр», – деп түйіндейді басылым дереккөзі.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

WPP: 2025 жылы әлемдік жарнама шығындары 8,8%-ға өседі

Лондон. 8 желтоқсан. ИНТЕРФАКС – 2025 жылы жаһандық жарнамаға...

Нидерланд 2026 жылдың басында Украинаға 700 млн еуро көлемінде әскери көмек көрсетпек

Берлин. 8 желтоқсан. ИНТЕРФАКС – Нидерланд билігі 2026 жылдың...

Қазақстан мен Палестина президенттері телефон арқылы ынтымақтастық болашағы мен халықаралық өзекті мәселелерді талқылады

Астана. 8 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт...

Тоқаев 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы және бюджетаралық аударым көлемі жөніндегі заңдарға қол қойды

Астана. 8 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев...