ҚЫТАЙ МӘСЕЛЕСІ
Сыртқа жаппай жүн сату (экспорт) мақсатында Мәңгі Ел Үкіметі, бірінші кезекте, ең жақын көрші Солтүстік Қытайдың халық тығыз орналасқан аймақтарын нысанаға алды. Алайда, Федерацияның бұл бағыттағы жоспарлары қандай үлкен болса, ол жоспарларды жүзеге асыру жолындағы қиындықтар да сондай үлкен болды.
13-ғасырдың басында Қытай ондаған ірі княздік-мемлекеттерден тұрды, ол мемлекеттер салық төлейтін халық, жер және су ресурстары үшін үнемі өзара жауласып отырды. Қоластындағы жер ғана емес, онда тұратын адамдар да билеуші-князьдардың басыбайлы меншігі болғандықтан, билеушілер оларды малша жұмысқа жегіп, бар ақшасын алым-салыққа сыпырып алып, байлыққа батты.
Бұндай қанаушылық шыдамы шегіне жеткен қытай халқының ауық-ауық көтеріліп, Билеушілермен партизандық соғыс жүргізген көтерілісші отрядтардың пайда болуына әкеп соқты. Қаруланған көтерілісші отрядтар біртіндеп, Робин Гудтің талғаусыз тонайтын баскесерлері тәрізді, заңсыз қарақшы топтарға айнала бастады. Князьдар сияқты, кедей қарақшы топтар да өз араларында билеп-төстейтін аумақтар үшін таласатындықтан, Қытайдағы халықтың өмірі, тіптен, мүшкіл болды.
Ұлы Қытай қорғанының құрылысында тәжірибе жинаған Князьдар, өз қалаларында мықты қамалдар салып алып әрі жақсы қаруланған, үздіксіз қақтығыстарда шыңдалған кәсіби әскерлерден күзет ұстап, халық көтерілістерінен де, бүлікші қарақшылардан да қауіптенбеді.
Жауласқан княздіктердің арасында сауда қатынастары болмады, әмбе жолдарда көбейген қарақшылардың бейбастақтығы да оған зор кедергі еді. Солтүстік Қытайдың экономикасы шектеулі жергілікті тұтыну аясында тұйықталып қалды, оны дамытудың мәнісі де жоқ еді. Князьдар бұл жағдайға міз бақпады — олардың бәлен атасынан үзілмеген байлығы, оған қоса, халықтан жинайтын аждаха салықтары жақсы қорғанып, алаңсыз, жайлы өмір сүруіне артығымен жетті.
Дүнияуи игіліктерге тойынып, еріккен Қытай қоғамының билеуші элиталары сан алуан өнер түрлері мен ғылымдармен әуестеніп, ақыры шектен шыға дандайсып, өздерінің жері, яғни, Қытай – Ғаламның Кіндігі, ал, Қытайдан тысқары жерлер Дүниенің шеті деп күпсінді. Князьдар «қытайлықтар Құдайдың сүйген құлдары, қалған халықтар екі аяқты жабайы хайуандар» екеніне зәредей шәк келтірмеді.
Міне, осы «хайуандардың» ішіндегі ең жабайысы, яки, көшпенділерден Ұлы Қорған арқылы тасаланып, олардың сирек шабуылдарынан қамалдарында бұғып, тыныш қана құтылып жүргендерінде, ойда-жоқта ол далалықтар көз көріп, құлақ естімеген дөрекілік танытты. Дәттері барып, қытайларға әдемі пергамент бланктерге жазылған, қайдағы бір Мәңгі Елдің мөрі басылған ресми хаттар жіберді!
Хаттарда бұрын естімеген беймәлім Көшпенділер Федерациясының әлдебір басшысы қытай Князьдарына Біртұтас экономикалық кеңістік пен Кедендік Одақ аясында ынтымақтасып, бейбіт сауда саласын ұйымдастыруды ұсынып, тауар-ақша экономикасын дамытудың өзара тиімді кереметтерін келістіре сипаттапты!
Бұл ұсыныстан Князьдар бір-ақ нәрсе ұқты – көшпенділер Қытай аумағында қой жүнін саудалауға рұқсат сұрайды, сөйте тұра, жүк тиеген керуендерін кедендік баж салығынсыз және транзиттік төлемсіз, яғни, өз жерлері арқылы ақы-пұлсыз тегін өткізулерін өтінеді, сонда жүннің бағасы да қарапайым қытайдың қалтасы көтерердей арзан болатынын айтып, сылтауратыпты.
- Олардың біздің кедейлерімізде не шаруасы бар? Ақымақ қиялилар! Онымен қоймай, бізді нақұрыс көреді тағы! Біздің нарығымызға кіргісі келе ме – төлесін! – деп шабынды қытайлар.
Сауда өзара теңдей тиімді болуы үшін, жабайылар қытайларға сатқан жүндерінің ақшасына «Қытайда жасалған» деген белгі соғылған қытай шаруашылық өнімдері – шай, жібек, фарфор ыдыс және басқа да халық тұтынатын тауарларды сатып алмақшы. Соған орай, халықаралық сауданы бастау үшін, өз теңгелеріне балама алтын мен күміс құнын келісіп, сондай-ақ, қытай ақшасына айырбас бағамын бекітуді көптен-көп өтініш қылыпты.
Тұқымдарымен өтірікші-саясаткер, сарайдың небір қитұрқысына қанық бәлеқор Қытай билеушілерінің көзінде бұл ұсыныстар көшпенділердің тактикалық айласы болып көрінді: «Салыстырған түрлерін, біздің Қытайда миллион бас халық бар, ал, олардың халқы мың есе аз! Олар бізден аз-маз тауар сатып алғансып, өздері бізге мың есе көп ақшаға жүн сатпақшы ғой. Армандапты – бұл тең сауда емес, олар өз пайдасын көздеп отыр, сөйте-сөйте, бүкіл алтын-күмісімізді өздеріне аудырып алмақшы!».
Қысқасы, Қытай князьдары қитығып, Мәңгі Елдің сабырмен бірнеше мәрте жеткізген ұсыныстарына дөрекілікпен бас тарта жауап берді, кейде, тіпті, жауап қайтармай діңкелетті.
Қытай билеушілерінің бұл қаупі, көшпенділердің адалдығына шүбәлануы бекер еді, олар Мәңгі Ел басшысының «Үлкен сауда» деген атаумен, шынымен де, ауқымды сауда операцияларын ойластырғанын сезген де жоқ.
Әрине, Жеңіс Қытаймен сауда өзара тиімді әрі теңдей болуы үшін, Федерация халқының сұранысынан бірнеше есе артық көлемде қытай импортын сатып алуы тиіс екенін түсінетін, бірақ, оған бола қынжылған емес, өйткені, соның арқасында Мәңгі Ел тағы бір жаңа кәсіпті бастай алады, дәлірек айтқанда – артылған қытай тауарларын Орталық Азия, Таяу Шығыс, Кавказ және Русь нарықтарында сатып, пайдаға кенелуге болады.
Жеңістің бұл ойы стратегиялық құпия болатын, оны өзінен басқа ешкімге білдірмеді, ал, қытайлықтар, тіптен, білмеуі керек, әйтпесе, олар тауарларының бағасын бірден шарықтатып жіберері анық.
- Жарайды, — деді Жеңіс қытайлықтардың қырсықтығына ашу шақырған Үкіметтегі әріптестеріне, — құр сөз, құрғақ уәдемен олардың көздерін жеткізе алмаймыз. Әмбе бізге сенбейтін жөндері де бар, кезінде ата-бабаларымыздан беті қайтып қалған ғой, солардан қорғанамыз деп, бір ғана түкке тұрғысыз Ұлы қорғанға қаншама ақша мен адам шығындады! Одан да ізгі ниетімізді Княздарға емес, қарапайым қытай халқына іспен дәлелдейік. Ол үшін былай істейміз! Әскерді алдыға салып, Қытайға жүн керуендерімізбен басып кіреміз, Князьдарға ештеңе төлемейміз, есесіне жүнді олардың халқына барынша арзан бағамен сатамыз. Бірінші кезектегі міндет — бүкіл қытайларды, кедей-кепшігіне шейін біздің жүнімізді күнделікті қажетіне пайдалануға дағдыландыру. Жылы заттарға зәру халық алдымен өздерін қамтамасыз етеді, сосын, көресіңдер – біздің арзан жүнімізден мата, киім, кілем сияқты жаңа тауарлар өндіріп, бағасын қымбаттатып сата бастайды. Екінші кезектегі міндет – жүн саудасынан түскен бар ақшаға әдейі көз қылып, олардың бүкіл шайын, жібегін, басқа да жаңа тауарларын сатып алу керек, қолымыз жеткен дүниенің бәрін аламыз, ақша артылып жатса, болашақта жасалатын сауда ақысын алдын-ала төлеп кетеміз. Қытайдың бүкіл экономикасын жаппай бізге сатуға арналған тауарлар өндірісіне көшіргенше, бірнеше жыл онымен осылай жұмыс істей тұрамыз! Бізден басқа ешкім де олардың өнімін мұндай көлемде сатып алмайды, міне, сол кезде біз қытай тауарларын саудалауға монополия орнатып, Қытайға өз шартымызды қойып, олардан сатып алатын тауарлардың бағасын қалыпқа келтіре бастаймыз!
Тоқтам осы болды. Жүн тиелген керуендердің шекарадан тегін әрі қауіпсіз өтуін және оның қытай княздіктеріне кедергісіз сатылуын қамтамасыз ету үшін, Федерация Қытайға шағын қол жіберді. Экспедициялық корпусты басқаруды Жеңіс талантты түменбасы Мұқалыға тапсырды, соған орай, сапар алдында Үкіметте Қытай Жобасына қатысушылардың бірлескен отырысы өтті.
Ең бірінші Ұлттық Сауда Корпорациясының басшысы сөз алып, Мұқалыға әр княздіктің тұрғындарына жүн сатудың келешегі туралы баяндап, жүнді бүкіл Қытай аумағында, әсіресе, Гималайдың суық бөктерлі аудандарында тұрақты сатуға болатынын, одан әрі Тибет арқылы Солтүстік Үндістанның нарығына шығуға мүмкіндік барын айтты.
Сыртқы Барлау қызметінің бастығы да, өз кезегінде, Мұқалыға шаруалар көтерілістері мен Князьдардың өзара қырқыстарынан «шаңырағы шайқалып» тұратын қытай княздіктеріндегі тұрақсыз ішкі саяси ахуал туралы толық ақпарат берді. Баяндама барысында Мұқалыға князьдіктердің егжей-тегжейлі топографиялық карталары мен қолданыстағы қамалдардың сызбалары көрсетіліп, қолына тапсырылды, сол қамалдардағы әскерлердің саны мен сапасы, қару-жарақ жүйелерінің тактикалық-техникалық көрсеткіштері, азық-түлік және су қорлары сипатталып, ақпарат берілді.
Одан бөлек, Мұқалыға «әр княздіктегі біздің қытайлық достарымыз» делініп, әлдебір құпия тізімдер берілді, оларда биліктегі жемқор ықпал етуші агенттердің, жасырын я айқын саяси оппозиционерлердің, көтерілісшілер қозғалысы жетекшілерінің, ұйымдасқан қылмыстық топтар жетекшілерінің және барлық бұқаралық топтардан мәлімет жеткізушілердің аты-жөндері, парольдері мен мекен-жайлары көрсетілді. Жеке бағанда олардың бір реттік қызметтерінің алтын я күміспен төленетін бағасы да жазылып тұрды.
Сөйтіп, экспедициялық корпустың Қытайдағы іс-әрекетінің стратегиясы мен тактикасы айқындала бастады. Соған орай, Мұқалы Жеңіске былай деп мәлімдеді:
- Мен Князьдармен біздің керуендерімізді тегін өткізсін деп, тағы да келісуге тырысамын, бәлкім, түменімді көріп, олардың мінез-құлқы өзгерер. Егер қорқыта алмасам, онда бекіністерінен шығармай, қамауда ұстаймын, олар жаяу әскерімен бекініс сыртына шығуға қорқады, ашық далада менің атты әскеріме қарсы тұра алмайтындарын біледі. Ал, қамалда отырып, керуендердің жүріп-тұруына, тұрғылықты халықпен сауда жүргізуімізге еш кедергі жасай алмайды. Халық, негізінен, қамалдарды айнала я олардан алыс тұрады, сондықтан, мен олардың Билеушілері мен әскерін қамауда ұстап отырғанда, Ұлттық Сауда Корпорациясының адамдары халыққа емін-еркін жүн сатып, олардың тауарларын сатып алатын болады.
– Жақсылықпен келісімге келе қоймас, дегенмен, байқап көру керек, — деді Жеңіс. – Тіпті болмаса, бір-екі қамалды көздерінше қиратып тастауға тура келер, сонда басқа Князьдарға үлгі болады.
– Мен де солай ойлаймын, керек болса, солай істеймін де. Қытай Князьдары бір-бірімен өмір бойы соғысып келеді, менімен соғысу үшін де біріге қоймайтындары айдан анық. Сондықтан, барлығымен бір мезгілде соғысып әлек болмаспыз. Біздің реформаларымызды Қытай экономикасына асықпай, бір князьдіктен екіншісіне өте жүріп, біртіндеп енгіземін. Егер әлдебір қамалды алу керек болса, қабырғаларына өзіміз өрмелемейміз, жергілікті партизандарды, қарақшылар мен ауылдардағы кедей-кепшікті айдап салам, қаланы тонауға берем, олар оны қамал қабырғаларымен қосып, жалаң қолмен-ақ құрылыс материалдарына талап әкетеді.
– Бейбіт халыққа кесір тигізіп алмаңдар, Мұқалы! Халықты сақтау керек, олар біздің сатып алушыларымыз әрі бізге арнап импорт тауар өндірушілер ғой. Лажы болса, істі шабуылсыз тындыр.
– Ол жағын түсінемін. Шын мәнінде, жергілікті тұрғындар князьдарға көмектесуге құлықсыз, сондықтан, қара халықпен ешқандай қақтығыс бола қоймауы керек. Қақтығыспақ түгілі, жүннен түскен күміске олардың тауарларын сатып ала бастасақ, өздері-ақ артымыздан жүгіріп, алақандарына салып, алып жүреді әлі! Менің жігіттерім әдеп сақтап, бейбіт тұрғындармен сыпайы сөйлесетін болады. Ол жағын өзім қадағалаймын.
– Айтқаныңның бәрі жөн, жарайсың! – деді Жеңіс, — Бастысы – асықпа, қытайлықтар қақтығыс, төңкеріс атаулыны ұнатпайды, сондықтан, Қытаймен бірер жыл машақаттануға тура келеді. Кілтипаны көп мемлекет, халқы ғасырлар бойы құлдықта өмір сүріп келеді, пайымы бөлек, ділі өзге, бізге онша-мұнша түсініксіз. «Кімнің жерін жерлесең, соның жырын жырларсың» деген. Даланың демократиялық құндылықтарын оларға тықпалама. Бұл ұзақ сапар болатынын біл, осының бәрі қолыңнан келе ме?
Ақылынан айналайын Мұқалының қолынан келгенде қандай! Кезекті Князьды бекінісінде қамап қойып, ол, ең алдымен, қарапайым халықты жемір салықтардан босатып, князьдік жерлерін ауылдықтарға таратып берді. Көтерілісшілер мен заңсыз қарақшы топтардың барлық мүшелері амнистия алып, қаруларын тастап, өздерін күткен бала-шағасының ортасында бейбіт, адал еңбек ету үшін, жер телімдерін алуға кезекке тұрды. Халық арасында сыйлы князьдік тұрғындарынан Мұқалы жергілікті Өзін-өзі басқару комитеттерін ұйымдастырып, олар халықтың әлеуметтік мәселелерін шешумен айналысты.
Бекіністерінде қамалып, табыссыз қалған Князьдар, көп ұзамай, бүкіл жиғандарын шығарып, өздерімен бірге қалған шенеуніктердің, сарбаздар мен қызметшілердің жалақысын төледі. Жергілікті шаруалар қоршауда қалғандарға азық-түлік бағасын қуана-қуана бірнеше есе көтерді, ал, әлгілердің алтын-күмісі таусыла бастағанда, аш қызметшілер қамалдардан үйлеріне қашып, егістіктерде, бау-бақшаларда, қолөнер шеберханаларында жұмыс істеп, нәпақа табуға кірісті.
Кедейлікке ұшыраған, қорғансыз Князьдар қызметкерлерімен бірге жорғалап кеп, Мұқалының аяғына жығылып, соған бағынышты облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық әкімшіліктердің басшылары, яғни, әкім болып жұмысқа орналасты. Мұқалы оларға Федерация көшпенділеріне қажетті тауар өндірісіне бағдарланған әлеуметтік-экономикалық даму жоспарын құрып, жүзеге асыру міндетін жүктеді, сонымен қатар, бекітілген аумақтардың жылдық Жалпы Ішкі Өнімінің 10% мөлшерінде Федерация салығын жинауды тапсырды. Князьдардың қамалдары жарқын болашақта керексіз болып қалатындықтан, бұзылып, тұрғын үй жағдайын жақсартып, мектептер мен ауруханалар салуға қажет құрылыс материалдары ретінде қала халқына таратылды.
Нәтижесінде, 8 жылдың ішінде, яғни, 1209-жылдан 1217-жыл аралығында солтүстік қытай князьдіктерінің барлығы Мәңгі Елмен өзара тиімді саудаға белсене араласты.
Осылайша Қытаймен арада Ұлы Сауда басталып, оның экономикасы қарқынды даму алды. Қытайдың барлық солтүстік князьдіктері табиғи шаруашылықтан тауар өндірісіне көшіп, өз өнімдерін Федерацияға сатты, ал, Федерация аспай-саспай, олардың өндіргенінің бәрін кез-келген мөлшерде сатып алғанымен қоймай, тіпті, өндіріс көлемін ұлғайтуды өтінді!
Мәңгі Елден жеткізілетін арзан қой жүнінен Солтүстік Қытай қолөнершілері кілем, киіз, мата, киім шығару ісін тез қолға алды, оларды Ұлттық Сауда Корпорациясы түгелдей сатып алып, Федерация жұртына ғана емес, Тибет пен Солтүстік Үндістанның алыпсатарларына да сата бастады, сөйтіп, оларға сұраныс жыл сайын еселеп арта берді. Қытай шайының жаңа плантациялары көбейе түсті, өйткені, бұл шайдың дәмін бір алып, дәніккен дала көшпенділері, оны тонналап алдырып, сол қытайдың фарфор ыдыстарынан рахаттана ішетін болды. Қытай жібегінен тігілген төсек-орын, сәнді көйлектер, жейделер мен іш киімді Мәңгі Елдің малшылары көптеп сатып алды. Салмағы ауыр, ұзақ сапарға шыдамай тез бұзылатын қытай күрішін Ұлттық Сауда Корпорациясы Далаға апармай, жақын орналасқан ұйғыр елді мекендеріне тасыды, ұйғырлар одан қазақтың шойын қазандарында палау пісіруді үйреніп алды. Федерациядағы бүкіл іс қағаздарын жүргізуге енді қымбат пергаменттер емес, арзан күріш қағазы пайдаланылды, Үлкен Сауданың бухгалтерлік есебі кітаптарын жүргізу үшін, ол қағазды құлаштап алдырып, жаппай тұтынатын болды.
КАРТИНКА ҰЛЫ ЖҮН ЖОЛЫ
Монополиялық жүн экспортынан түскен пайда сияқты, импорттық тауарларды өз халқына сатудан түскен пайда да Мәңгі Ел бюджетіне қыруар қаржы әкелді! Солтүстік Қытай экономикасын дамыту бойынша жасампаз еңбегінің жетістіктері үшін саңлақ саясаткер әрі әскери стратег Мұқалыны Жеңіс қытай бағытындағы жұмыстың бас жетекшілігіне тағайындап, оған Ноян жоғары әскери атағын берді.
Ал енді, достар, Мұқалы Ноянның Қытайдағы қайраткерлігін тарихшылардың қалай қарабайыр сипаттағанын оқыңыздаршы. Олардың кітаптарында жазатыны сол баяғы – «соғысты, тонады, басып алды, бүлдірді»! Олардың түсінігінде жабайы-көшпенділердің қолынан басқа түк те келмейді!
Алайда, қытайлықтар өздерімен арадағы сауда-саттық Мәңгі Елдің «Ұлы Жүн Жолы» деп аталатын орасан зор экономикалық жобасының алғашқы кезеңі ғана екенін әлі білмейтін еді.
Кітаптың бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Алғы сөз»
Кітаптың екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Зор күмәндар бастауы»
Кітаптың үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Халықтың аспаздық өнері – тарих айнасы»
Кітаптың бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны»
Кітаптың алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны. Моңғол ұғымы»
Кітаптың жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Қазақстан туы. Тәңіршілдік»
Кітаптың сегізінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Кедей қалай хан болды?»
Кітаптың тоғызыншы бөлімі “Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі ел құру жоспары”
Кітаптың оныншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Көшпенділердің жаңа экономикалық саясаты»
Кітаптың он бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы сауда көлігі»