Айтудың өзі ауыр мәселелер бар. Дегенмен, өкінішке қарай, Үкімет 2025 және 2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде ең әлеуметтік маңызы жоғары бағыттар — денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларындағы шығындарды қысқарту шараларын енгізді. Сонымен қатар, ел экономикасының шамамен 38 пайызын құрайтын квазимемлекеттік сектордан түсетін дивидендтер кіріс бөлігінен алып тасталды.
НЕГІЗСІЗ ҮНЕМДЕУ
2026–2028 жылдарға арналған бюджеттің мәжілісте қаралуына бір күн қалғанда, 21 қазанда депутат Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-арнасында 2025 жылға арналған бюджетті талқылау барысында халықтың мүддесі үшін Үкіметпен қандай мәселелер бойынша келісімге келгенін егжей-тегжейлі баяндап, жария етті.
«Денсаулық сақтау министрлігінің бастапқы бюджет жобасында онкология мен онкогематологияға бөлінетін қаражат 25 млрд теңгеге қысқартылмақ болды. Біз мұнымен келісе алмадық. Бұл – жай сандар емес, бұл – адамдардың тағдыры мен өмірі. Талқылау соңында келесі нәтижелерге қол жеткіздік: онкологиялық науқастарды емдеуге қосымша 20 млрд теңге, онкогематологияға – 5 млрд теңге, гемодиализге – 8 млрд теңге, паллиативтік көмекке – 4 млрд теңге бөлінді. Онкогематология – бұл лейкоз және басқа да сирек кездесетін қан ауруларына шалдыққан адамдарға, оның ішінде көптеген балаларға арналған қымбат препараттар. Диализ – 9 мыңға жуық науқастың өмірін ұзартатын маңызды ем. Біздің түзетудің арқасында бұл бағыттардағы қаржыландыру қысқартылмай, керісінше артты. Ал паллиативтік көмек – бұл жай ғана медицина емес, бұл адамның өмірінің соңғы кезеңінде ауырсынусыз, қадір-қасиетін сақтап өткізуге деген құқығы. Осы түзету арқылы біз хоспистер мен паллиативтік көмек саласын қолдадық», – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Бұған қоса, Мәжіліс дарынды оқушыларды қолдау мақсатында олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысатын мектеп оқушыларының қажеттіліктеріне 400 миллион теңгеден астам қаржыны қайта бөлуді қолдады. Мәдениет пен қазақ тілді контентті дамытуға жәрдемдесу үшін депутаттар бірнеше бастама көтерді. Атап айтқанда, қазақ тілді анимациялық мультфильмдер жасау мен оларды интернетте ілгерілетуге 300 миллион теңге бөлуді; «ХХІ ғасыр көшбасшысы» және «Азамат» зияткерлік телевизиялық бағдарламаларын телеарна экранына қайтаруды; сондай-ақ «Жайдарман» жобасының жалғасуын қамтамасыз етуді ұсынды. Сонымен қатар, «Астана Опера» театры ұжымының жалақысы мәселесін шешу де күн тәртібіне қойылды.
Егер «ХХІ ғасыр көшбасшысы» телебағдарламасы расымен эфирге шығып, өңірлерде жыл бойы іріктеу кезеңдері өткізілген болса, қазақтілді анимациялық мультфильмдер саласындағы жағдай көңіл көншітпейді. 2024 жылы қазан айының басында бұқаралық ақпарат құралдары Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне сілтеме жасап хабарлағандай, 2019 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта «Қазақфильм» киностудиясы бюджеттен бөлінген 1,3 миллиард теңгеге 47 отандық анимациялық фильм түсірген. Алайда сол мультфильмдердің бірде-бірі кинотеатрларда көрсетілмеген. 2025 жылы отандық анимация саласында нақты қандай нәтижелерге қол жеткізілгені туралы толық ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің алдағы есебінен білуге болады. Дегенмен бұл бағыттағы ең мазмұнды әрі нақты деректерді Жоғары аудиторлық палата ұсынып отыр.
Тексеру нәтижесінде бар болғаны төрт мультфильм ғана мемлекеттік телеарналарда көрсетілгені анықталды: El Arna, Хабар, Qazaqstan және Balapan. Атап айтқанда, «Менің атым Қозы» атты мультсериалдың үш бөлімі: «1-серия», «2-серия: Масалар», «3-серия: Әженің аквариумын құтқару» және «Батыл қояндар» көрсетілген. Ал түсірілген анимациялық фильмдердің бірде-бірі кинотеатрларда көрсетілмеген», – делінген жарияланған материалда.
Сондай-ақ түсірілген 47 мультфильмнің тек 12-сі ғана Qazaq Animation атты YouTube арнасына жүктелген. Аталған арнада небәрі 475 жазылушы бар, ал бейнероликтердің орташа қаралымы – шамамен 1000-нан аспайды.
Егер 2025 жылы үкіметтен бөлінген қаражат есебінен жергілікті анимацияны дамытуға бағытталған миллиондаған теңге тағы да нәтижесіз жұмсалатын болса, «Қазақфильм» киностудиясының қызметіне қатысты орынды сұрақтар туындайды.
БЮДЖЕТ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ?
Осылайша, 22 қазанда Мәжіліс алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетті бірқатар сын-пікірлерге қарамастан қабылдады. Бұл ретте Қазақстан Халық партиясы мен «Ақ жол» фракцияларының ұстанымы ерекше назар аударуға тұрарлық: олар Үкімет ұсынған бюджет жобасында квазимемлекеттік сектордан түсетін дивидендтердің кіріс бөлігінен алынып тасталғанына орынды сын айтты.
«2026 жылға арналған республикалық бюджет жобасында мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардан түсетін дивидендтер 112 млрд теңге көлемінде жоспарланған. Бұл – 2025 жылмен салыстырғанда 51%-ға азайған. Сол уақытта тек «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Бәйтерек» холдингінің таза табысы 2,5 трлн теңге көлемінде болмақ: оның ішінде 2 трлн – «Самұрық-Қазынаға», 400 млрд теңге – «Бәйтерекке» тиесілі. Яғни квазимемлекеттік сектор бюджетке өз табысының небәрі 5%-ын ғана аударады. Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтердің табысын бюджетке толық аудару туралы бастаманы партия тұрақты түрде көтеріп келе жатқанын еске саламын. Өткен жылы бұл ұсыныс жартылай болса да Бюджет кодексіне енгізілген – табыстың кемінде 50%-ы бюджетке түсуі тиіс еді. Алайда, қазіргі жағдай көрсетіп отырғандай, бұл норманың өзі де орындалмай отыр», – деп түйіндеді Перуашев .
Сондай-ақ Азат Перуашев Жоғарғы аудиторлық палата мәліметтеріне сілтеме жасап, соңғы бес жылда триллиондап табыс тапқан квазимемлекеттік сектор бюджетке таза пайдасының небәрі 12 пайызын ғана аударғанын атап өтті.
«Бюджетке табыс түсіретін компаниялардың тізімін “Самұрық-Қазына” қорының өзі бекітеді. Осы себепті оның құрамындағы 11 еншілес ұйым бұл тізімге енбей қалған. Ал табыстың 50%-ын бюджетке бөлу туралы талап нақты табыстан емес, Үкіметтің тапсырмаларын орындағаннан кейінгі “қалдық” сомадан есептелген. Яғни, іс жүзінде ештеңе қалмайды. 2026 жылы “Самұрық-Қазына” қорынан бюджетке ешқандай қаражат түсіру жоспарланбаған. 2 трлн теңгеден астам сома Үкімет шешімімен өзге мақсаттарға бағытталады, бұл Парламенттің қарауынан тыс өтеді. Ал 112 млрд теңге – бұл “Бәйтерек” холдингінің таза табысының төрттен бірі ғана. Сондықтан Жоғарғы аудиторлық палата квазимемлекеттік сектор табысының бюджет шеңберінен тыс жұмсалуы бюджет жүйесінің ашықтығын төмендетеді деп орынды атап өтуде», – деді Перуашев.
«Халық» партиясы да осы мәселеде ұқсас ұстаным білдірді. Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, соңғы жылдары квазимемлекеттік сектордан түсетін дивидендтердің азаюы тұрақты үрдіске айналған. Бұл туралы ол фракцияның ресми парақшасында мәлімдеді.
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов 2026 жыл да бұл үрдістен тыс қалмағанын атап өтті – келесі жылға жоспарланған дивидендтер көлемі 231 миллиард теңгеден 112 миллиардқа дейін қысқарған. «Формалды түрде бұл жағдай ұлттық компаниялардың ірі инвестициялық жобаларға қатысуымен түсіндірілуде. Алайда мұнда ең басты мәселе – ашықтық пен есептілікке келіп тіреледі. Іс жүзінде, мемлекеттік қаржының едәуір бөлігі бюджеттен тыс, шектеусіз, Парламенттің қарауынсыз және Бюджет кодексінде көзделген есеп беру тетіктерінсіз пайдаланылуда», – деді депутат.
Ұлттық компаниялардың әрекетін қорғаған Премьер-министр Олжас Бектенов «Халық» депутаттарының сынына жауап ретінде, экономика дамуына бағытталған кірістерді пайдалану ашық жүргізіліп жатқанын айтты.
«Жақында қабылданған жаңа Бюджет кодексінде әрбір ұлттық компанияның дивиденд төлеу деңгейі 50%-дан кем емес, 70%-ға дейін болуы тиіс деген нақты норма енгізілді, – деді Премьер-министр Олжас Бектенов. – Бұған дейін мұндай талап болған жоқ, бұл көрсеткіш үкімет қаулысымен белгіленетін. Біз бұл норманы ұлттық компаниялардың қаржысын пайдалануда ашықтықты арттыруға, есеп берушілікті күшейтуге және парламенттік бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам деп есептейміз».
Үкімет басшысы бюджетке төленетін дивиденд көлемінің азайғанын жоққа шығарған жоқ, алайда бұл жағдайды «Самұрық-Қазына» қоры жүзеге асырып жатқан 53 трлн теңгеден асатын ауқымды инвестициялық бағдарламамен және денсаулық сақтау нысандарын (550 млрд теңге) мен жалдамалы тұрғын үй (272 млрд теңге) құрылысына бағытталған маңызды әлеуметтік жобаларға қатысуымен түсіндірді.
Бәлкім үкіметтің негізгі акционер саналатын квазимемлекеттік секторға мемлекет тарапынан белгілі бір деңгейде қолайлы жағдай жасалуы орынды да шығар. Алайда осындай жағдайда ең алдымен әлеуметтік шығындарды – оның ішінде медицина саласын қысқартудың этикасы мен адамгершілікке сайлығы жөнінде орынды сұрақ туындайды.
2026 жылға арналған бюджет жобасы аясында атқарылған жұмыстарды саралай келе, Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өз парақшасында депутаттар жедел жәрдем қызметіне қосымша 5 млрд теңге бөлгізе алғанын мәлімдеді. Бұл қаражат жаңа жедел жәрдем бригадаларын ашуға, материалдық-техникалық жабдықтарды жаңартуға, еңбекақы төлеуге және жөндеу жұмыстарына жұмсалады. Сонымен қатар, қатерлі ісік ауруларын емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеу бойынша Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталықтың жобаларына да қолдау көрсетілген.
Инвестициялар маңызды, алайда өзін әлеуметтік мемлекет ретінде жариялаған ел үшін халықтың өмірі мен денсаулығы бірінші орында болуы тиіс.




