Су ресурстары және ирригация министрлігі өзінің ресми Telegram-арнасында елдің солтүстігіндегі 200-ден астам ауыл алдағы жылдары таза ауыз суға қол жеткізетінін хабарлады. Осыған байланысты екі ауданда ұзындығы 200 шақырымнан асатын су құбырының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл құбырлар шамамен 20 елді мекенді орталықтандырылған су жүйесіне қосады. Сонымен қатар, тағы екі жоба жоспарланған мерзімінен 1,5 жыл бұрын аяқталғаны атап өтілді. Жалпы, барлық жұмыстар толықтай аяқталғаннан кейін облыстың 40 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауыз сумен қамтылмақ. Бұл мақсат жүзеге асады деп сенім бар. Дегенмен, Қазақстан тұрғындарын түгел дерлік таза ауыз сумен қамту мәселесі мемлекет тарапынан ұзақ жылдардан бері қолға алынған мәселе.
2001 жылдан бері Қазақстанда ел халқын орталықтандырылған сумен қамтуды мақсат тұтқан бес ауқымды мемлекеттік бағдарлама ауысты. Осы уақыт ішінде су инфрақұрылымын дамытуға триллиондаған теңге бөлінді, сумен жабдықтау желілері жаңғыртылып, топтық су құбырлары салынды, сондай-ақ арнайы мамандандырылған кәсіпорындар құрылды. Енді осы бағыттағы жұмыстардың барысына кеңірек тоқталған жөн.
МҰНДАЙ БОЛАТЫН БОЛСА, БАСТАМАУ КЕРЕКЕДІ?
2001–2010 жылдарға арналған алғашқы мемлекеттік бағдарлама – «Ауыз су» – Үкіметтің 2001 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысымен бекітілді. Бұл құжат 1990-жылдардың соңында елдегі су инфрақұрылымының ауыр ахуалына жауап ретінде қабылданған еді. Бағдарлама деректеріне сәйкес, сол кезеңде қалалық халықтың шамамен 75 пайызы ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған болса, ауылдық жерде бұл көрсеткіш небәрі 60 пайызды құрады. Ал 500 мыңға жуық адам суды тасып ішуге мәжбүр болған. Сол кездегі су құбырларының басым бөлігі 1970–1980 жылдары салынған, тозу деңгейі 60 пайыздан асып кеткен еді. Елдің солтүстік және батыс аймақтарындағы кейбір топтық су құбырлары мүлдем істен шыққан. Салдарынан су шығыны 30 пайызға дейін жеткен еді.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты сумен қамтамасыз ету деңгейін 65 пайызға дейін арттыру және су жүйелерінің тозуын тоқтату Жалпы инвестиция көлемі 118,2 миллиард теңге (сол кездегі бағам бойынша шамамен 800 миллион АҚШ долларын).
2002 жылы бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, жаңа редакциясында орталықтандырылған сумен қамтуды 80 пайыз халықты қамтитындай деңгейге жеткізу негізгі мақсат ретінде белгіленді. Яғни бұл көрсеткіш бастапқы межеден де жоғары болды.
Ресми есептерге сәйкес, 2010 жылға дейін елімізде жалпы ұзындығы 12,9 мың шақырым болатын су құбырлары салынып, қайта жаңғыртылды. Сөйтіп, 3,5 миллионнан астам адам тұратын 3,4 мың елді мекенде су мәселесі біршама жақсарған. Сонымен қатар, тасымалданатын суды пайдаланатын ауыл тұрғындарының саны алты есе қысқарғаны айтылды. Алайда осы жетістіктерге қарамастан, 2011 жылға қарай ауылдағы орталықтандырылған сумен қамту деңгейі небәрі 42,5 пайыз болып қалған.
Одан кейін, 2011 жылғы 24 мамырда Үкімет «Ақ бұлақ» бағдарламасын (2011–2020 жылдар) бекітті. Бұл бағдарлама бұған дейінгі су реформасы толық қамтымаған қала мен ауылдарды түгел қамтуды көздеді.
Бастапқы деректерге сәйкес, сол кезеңде ауыл тұрғындарының 42,5 пайызы және қала халқының 82 пайызы орталықтандырылған су жүйесіне қол жеткізген болатын. Алайда «Ауыз су» бағдарламасына бөлінген 118 миллиард теңгеге қарамастан, су жүйелерінің 60 пайыздан астамы әлі де күрделі жөндеуді немесе толық ауыстыруды қажет етті.
«Ақ бұлақ» бағдарламасының шеңберінде 2020 жылға қарай ауыл тұрғындарының 80 пайызы және қала халқының 100 пайызы таза құбыр суын тұтынуы тиіс болатын. Осы маңызды мақсатты жүзеге асыру үшін бөлінетін қаржы көлемі бұрынғы бағдарламалармен салыстырғанда 10 есе артық есептелді – жалпы сомасы 1,27 триллион теңге, оның 1,16 триллионы республикалық бюджет есебінен қарастырылған еді.
Алайда «Ақ бұлақ» бағдарламасын толыққанды аяқтау бұйырмапты. 2014 жылы Президенттің Жарлығымен 2040 жылға дейінгі кезеңді қамтитын Су ресурстарын басқарудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
Бағдарлама қабылданған сәтте құжатта келтірілген мәліметтерге сәйкес, орталықтандырылған таза ауыз суға қалалық тұрғындардың 85 пайызы, ал ауылдық жердегі халықтың 47,7 пайызы қол жеткізген болатын. Бұл көрсеткіштер, әрине, 4 жыл бұрынғымен салыстырғанда біршама жақсарған. Мемлекеттік бағдарламаны екі кезеңмен жүзеге асыру жоспарланды: бірінші кезең – 2014–2020 жылдар аралығы, екінші кезең – 2021 жылдан 2040 жылға дейін. Жалпы қаржыландыру көлемі шамамен 8,2 триллион теңгені құрады.
2020 жылға қарай бағдарламада белгіленген негізгі нысаналы көрсеткіш – Қазақстан халқын 100 пайыз орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету болатын. Алайда сол жылы бұл мақсатқа толық қол жеткізілмей, бағдарлама іс жүзінде қайта іске қосылды. Жаңа мерзім ретінде 2030 жыл межеленді.
Бір қарағанда, нақты қадамдары мен жауапты мемлекеттік органдары көрсетілген мемлекеттік бағдарлама бар сияқты. Алайда бұл Үкіметке жеткіліксіз көрінсе керек – халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге бағытталған сол мақсаттар мен міндеттер 2015 жылы тағы бір бағдарламаның – инфрақұрылымдық «Нұрлы жолдың» құрамына енгізілді. Бұл жолы су мәселесі көлік, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықпен бір кешенде қарастырылды. Ал осы «Нұрлы жол» бағдарламасының өзінде келтірілген деректерге сүйенсек, 2015 жылы ел аумағының тек 49 пайызы ғана таза ауыз суға қол жеткізген. Бұл тіпті 2001 жылғы көрсеткіштен де төмен емес пе?
Осылайша, тағы да елді мекендерге ауыз су тарту, тозған желілерді жаңарту сияқты «наполеондық» жоспарлар жасалды. Алайда белгісіз себептермен бұл жолы да желілердің тозу деңгейі бұрынғыдан бетер өсіп, 67 пайызға дейін жетті. Соған қарамастан, көптен бері айтылып келе жатқан 100 пайыздық қамту межесі, әсіресе ауыл тұрғындары үшін, тағы да орындалмай қалды.
Есесіне жаңа инфрақұрылымдық бағдарлама – «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы (2020–2025) іске қосылды. Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, бағдарлама басталған сәтте қалалардың 97 пайызы, ал ауылдық елді мекендердің 85 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген болатын. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2020 жылы Қазақстанда барлығы 6459 ауыл тіркелген. Осыны ескерсек, сол жылы 969 ауылдың тұрғындары әлі де ауыз су құбырына қосылмаған жағдайда өмір сүріп жатты деген сөз.
Соңында қалай болды деп ойлайсыз? «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы да 2025 жылға қарай халықты сумен қамтуды 100 пайыздық деңгейге жеткізуді уәде етті. Бұл мақсаттарға жалпы көлемі 5,2 триллион теңге қаражат қарастырылған болатын. Алайда осы мақалада бастапқыда сөз болған Солтүстік Қазақстандағы Су ресурстары министрлігінің жаңалығына сүйенсек – алдағы жылдары тағы 200 ауылды су құбырларына қосу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде, Қазақстан бойынша 100 пайыздық сумен қамту көрсеткішінің әлі де орындалмай жатқанын көрсетеді.
ОРЫНДАЛҒАН, ОРЫНДАЛМАҒАН АРМАН
Соңғы жиырма жылда Қазақстан су тарту және су бұру жүйелерін дамытуға 15 триллион теңгеден астам қаржы жұмсады. Бұл сома елдің бір жылдық ішкі жалпы өнімінің 15 пайызынан да көп. Алайда 2025 жылға дейінгі ең сақ есептің өзімен, шамамен 1 миллионға жуық ауыл тұрғыны әлі күнге дейін таза ауыз суға тұрақты қол жеткізе алмай отыр. Мұндай жағдайда, өткен жылдары іске асырылған барлық «ауыз суға» қатысты мемлекеттік бағдарламаларды жан-жақты тексеріп, қойылған мақсаттар мен нақты нәтижелерді салыстыра отырып ревизия жүргізу – орынды әрі қажетті қадам болар еді.
Бірақ енді неге адамдар ауылдан қалаға жаппай көшіп жатқанын түсіну қиын емес. Ауыл тұрғындарына жылдар бойы таза су емес, тек уәде ғана «беріліп» келсе, олардың қалалық болуға ұмтылысы – заңды құбылыс. Қазір сол үрдіс белсенді жүріп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында былай деген еді: «Бақылаусыз ішкі және сыртқы көші-қон еліміздің ірі қалаларына, азаматтар үшін тартылыс орталығына айналған мегаполистердің инфрақұрылымына айтарлықтай салмақ түсіруде».
Мемлекет басшысы мысал ретінде Астананы келтірді – соңғы үш жылда қала халқы 250 мыңнан астам адамға артқан, оның ішінде өткен жылдың өзінде 100 мыңға жуық адам қоныс аударған. Президенттің айтуынша, елорда инфрақұрылымы ресми саны 1,5 миллион адам деп көрсетілген тұрғындардан 400 мыңға көп адамға қызмет көрсетіп отыр. Дәл осындай артық жүктеме бүгінде еліміздің көптеген өңірлеріндегі қалаларға тән.
«Ауылдық аймақтардан көші-қон қалалардың өсуіне ықпал етуде. 2025 жылдың басынан бері Астана халқы 2,48%-ға, Шымкент – 1,44%-ға, Алматы – 1%-ға артты. Бұл қайта бөлініс қалалардың мүмкіндіктер орталығы ретіндегі маңызын айқындайды, ал ауылдық өңірлер тұрғындарын жоғалта беруде. Соңғы он жылда қалалықтар үлесі алты пайыздық тармаққа өсіп, 63%-дан асты. 2025 жылғы мамыр айындағы дерекке сәйкес, елде 12,8 миллион қала тұрғыны және 7,5 миллион ауыл тұрғыны тіркелген. Сарапшылар 2025 жылдың соңына қарай урбанизация деңгейі 62,6% болады деп болжаған еді, алайда нақты деректер бұл үдерістің күткеннен жылдамырақ жүріп жатқанын көрсетеді. 2030 жылға қарай халықтың 64,2%-ы, ал 2050 жылға қарай шамамен 70%-ы қалаларда өмір сүреді деп күтілуде», – деп жазады БАҚ Ұлттық статистика бюросының деректеріне сілтеме жасап.
Су, дәлірек айтқанда, орталықтандырылған сумен қамту – ауылдан қалаға көшуге себеп болатын басты себеп емес. Дегенмен тарихи тұрғыдан алғанда, су ресурстары айналасына бизнес, әсіресе өндіріс орындары шоғырланады. Су болмаса – кәсіпорын да болмайды, кәсіпорын болмаса – жұмыс күші де, ауыл өмірі де тоқырайды.




