Қазақстанда тұрғын үй кешендері қасынан әлеуметтік инфрақұрылымды қатар салу мәселесі бірнеше жылдан бері қызу талқыланып келеді. Саяси ерік-жігерге, депутаттық бастамалар мен қоғам тарапынан көп жылдан бергі үндеулерге қарамастан, құрылыс саласы мектеп, балабақша мен емханаларды ірі тұрғын аудандар шеңберінде салу жауапкершілігін өз мойнына алуға қатысты кез келген бастамаға елеулі қарсылық танытқан. Тіпті 2025 жылы жаңа Құрылыс кодексін әзірлеу мен талқылау барысында да заң шығарушылар «мектеп болмаса – құрылысқа рұқсат берілмейді» деген нақты норманы заңнамада бекіте алмады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, құрылыс компанияларының мүддесі мен өсіп келе жатқан қалалардың қажеттіліктері арасындағы қайшылық уақыт өткен сайын ушығып барады.
Әрекет түбі берекет
Қазан айында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтың мәлімдемесі қоғамда кеңінен талқыға түсті. Ол Мәжілісте қаралып жатқан Құрылыс кодексі әлеуметтік салаға тікелей қатысты маңызды мәселелер ескерілмей қабылдануы мүмкін екенін айтты.
«Мектеп пен балабақша тұрғын үйлерден кейін емес, олармен қатар салынуы тиіс. Былтыр көпқабатты тұрғын үйлерді әлеуметтік инфрақұрылымсыз – мектепсіз, балабақшасыз, емханасыз – салуға тыйым салатын маңызды ереже қабылданған еді. Бұл талап енді ғана қолданысқа ене бастағанымен, жаңа Құрылыс кодексі жобасында бұл норма жоқ болып шықты. Неліктен? Бұл кімге тиімді? Мұның – өмірлік маңызды мәселе еес пе?! Бүгінде жаңа шағынаудандар қарқынды өсіп жатыр, бірақ мектеп пен емхана салынбай келеді. Мыңдаған отбасы қалаға ағылып жатыр, бірақ балаларға баратын мектеп жоқ. Мұны әділетті деуге келмейді. Сондықтан біз нақты ереже енгізуді ұсынамыз: егер мектеп, балабақша мен емхана салу көзделмесе – құрылыс жүргізуге рұқсат берілмесін. Жергілікті жоспарларда мектеп пен балабақша салынуы тиіс делінген жерлерге көп ұзамай тұрғын үй, сауда орталығы, тіпті түнгі клуб бой көтеріп жатады. Кейде ескі мектеп апатты деп танылып, орнына тұрғын үй салынады, ал жаңа мектеп қала шетіне көшіріледі. Мұндай жағдайлар қайталанбауы тиіс. Біз мынадай ұсыныс айттық: мектеп пен балабақша салуға арналған жердің мақсатын өзгертуге жол берілмесін. Тек бір ғана жағдайда – егер соған тең балама жер дәл сол маңнан, 100 метр аумақта бөлінсе ғана рұқсат берілсін»,- деп жазды депутат. Бұл жаңалықты Eurasia24 түсіндірмелі материал ретінде жариялаған:
Бұл мәселе қоғамда кеңінен талқыланса да, депутаттардың сынына қатысты Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Ниғаспайдың түсіндірмесі көпшілік назарынан тыс қалды .
«Нормалар алып тасталмаған», – деді ол. – «Алда екінші оқылым бар, біз оларды енгізуге дайынбыз. Мәселе тек олардың нақты қай деңгейде бекітілетінінде – Кодекстің өзінде ме, әлде оған қосымша нормативтік-құқықтық актілерде ме?».
Аймағамбетов шырылдайтындай-ақ бар. Ол өзінің Telegram-арнасында құрылыс кодексі жобасына ұсынылған көптеген депутаттық түзетулер қабылданбағанын өкінішпен жазды. Әсіресе, тұрғын үй кешендерімен қатар әлеуметтік нысандардың қатар салынуына қатысты өзгерістер назардан тыс қалған. «Заң құрылыс компанияларының емес, адамдардың құқығын қорғауы керек», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты. Бірақ…
Кімдер келіп, кімдер кетпеді
Қызығы сол 2025 жылы депутаттар бірнеше жыл бұрын алғашқы Президент тұсында-ақ өткір көтерілген мәселеге қатысты үкіметпен және құрылыс компанияларымен әлі бір тоқтамға келе алмай отыр. .
Мәселен, 2016 жылдың сәуірінде Нұрсұлтан Назарбаев «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясында өткен кеңесте тұрғын үй кешендерінің жанынан балабақшалар салу құрылыс компаниялары үшін міндет болуы тиіс екенін ашық айтқан еді.
«Үлкен көлемде тұрғын үйлер салынып жатыр, бірақ олардың бірінші қабатында балабақшалар қарастырылып жатыр ма? Мұнда барлық құрылыс компанияларының өкілдері отыр, біз оларға ақша, несие беріп отырмыз. Сондықтан бірінші қабаттарға балабақша ашуды талап етіп, тікелей міндеттеу қажет. Арнайы бөлек ғимараттар салып, оған коммуникация мен жылу тартудың керегі жоқ. Бұл мәселені қанша рет айтуға болады? Ел бойынша 1 миллион 700 мың пәтер салынды, қанша ғимарат бой көтерді, ал балабақшалар қайда?»
Осы сөздерді айтқанда-ақ тұңғыш президент елімізде жыл сайын 100-ге жуық тұрғын үй кешені пайдалануға берілсе де, соның ішінде тек 25 шағын орталық қана ашылғанын атап өткен болатын.
Арада бір жыл өтіп, дәл сол мәселелер – жасыл аймақтар мен автотұрақтардың жетіспеуі де бар – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сол кездегі Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке ескерту ретінде айтты.
Ал 2019 жылдың қазан айында ел президенті қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласындағы қала құрылысы саясатын өткір сынға алды. Бұл мемлекет басшысының сынынан кейін бір ай өтпей, Almaty Investment Forum 2019 алаңында қала әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылыс саласын экономиканың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде атап, тұрғын үймен бірге әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын қатар салудың маңыздылығына тоқталды. Бұл мәселені кейінге қалдырмай, нақты шешім қабылдауға кірісті.
Араға екі жыл салып, 2021 жылдың маусымында Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қаласының сәулеттік келбеті мен қала құрылыстық жоспарлауына қойылатын жаңа талаптарды таныстырды.
«Әлеуметтік нысандардың жаяу қашықтықта қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында құрылыс салушы тұрғын үй құрылысын жүргізу кезеңінде әр мың адамға шаққанда кемінде 100 орындық балабақша, 180 орындық мектеп, сондай-ақ емханалар мен полиция бекеттері үшін орын көздеуі тиіс», – деді сол кезде Алматы әкімі.
Жылдар өтті, алайда мәселе шешімін таппай келеді. Бұған 2023 жылғы қыркүйекте Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың сөзі дәлел бола алады. Ол мемлекет құрылыс компанияларының бос жатқан жер телімдерінде құрылыс жүргізуін тежеуді көздеп отырғанын айтты .
«…алдағы уақытта басымдық кешенді құрылысқа берілетін болады. Біз тұтас шағынаудандарды салу барысында әлеуметтік инфрақұрылымды – жаяу жетуге ыңғайлы балабақша, мектеп, сауда орындары, дүкендер сынды нысандардың болуын міндетті түрде ескереміз. Бірақ бір нәрсені ескертіп өткім келеді: бұл – біртіндеп жүзеге асатын үдеріс. Құрылыс стандарттарын өзгерту уақытты талап етеді. Министрлік бұл бағыттағы жұмысты менен бұрын да жүргізіп келген, сондықтан кешенді құрылыс бойынша алғашқы нәтижелерді біз келесі жылы ғана көре бастаймыз деген ойдамын», – деді ведомство басшысы.
Біраз уақыттан кейін, 2023 жылғы қарашада Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік нысандарды ескерместен тұрғын үй кешендерін салуға тыйым салу жөніндегі заңнамалық бастама туралы жағымды жаңалықпен бөлісті.
«Енді мектеп, балабақша мен аурухана құрылысы ескерілмеген жағдайда көпқабатты тұрғын үйлер салуға тыйым салынады», – деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты.
Саладағы кедергілер
Уәде етілген нәрсенің үш жыл күтетінімізді барлығы біледі. Ал мүмкін, одан да ұзақ күтуге тура келетін шығар. Себебі 2024 жылы әзірленген жаңа Құрылыс кодексінің жобасында тұрғын үй құрылысын әлеуметтік инфрақұрылыммен қатар алып жүруді міндеттейтін нақты нормалар мүлдем қарастырылмаған.
Тіпті құжат 2025 жылдың қазанында Мәжілісте бірінші оқылымда қабылданғанға дейін де, халық қалаулылары салалық министрлікті мұндай талаптарды Кодекс деңгейінде бекітудің қажеттігіне иландыра алмады.
Бұл мәселе бойынша құрылыс саласының қарсылығы айқын сезіледі. Мысалы, Yestate атты салалық интернет-платформада Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Виктор Микрюковтың Мәжіліс депутаттарымен бірге Құрылыс кодексін әзірлеуге 1,5 жылдық қатысу тәжірибесіне қатысты кең көлемді пікірі жарияланған болатын .
Аталған мақалада ол «мектеп пен балабақша болмаса – құрылысқа рұқсат жоқ» деген норманы қауіпті деп атаған.
«Қала аумағын кешенді түрде дамыту қажеттігімен толық келісеміз. Алайда мемлекет құрылыс саласына тыйым салу жолын таңдамауы тиіс. Мұндай тәсіл құрылыс жұмыстарының тоқтауына, мыңдаған адамның жұмыссыз қалуына және саланың жалпы ішкі өнімге қосар үлесінің кемуіне әкеп соғуы мүмкін. Тыйым салу орнына экономикалық ынталандыру шараларын қолдану керек. Мысалы, құрылыс компаниясы тұрғын үй кешенін тұрғызумен қатар, әлеуметтік нысандарды да қатар салады, ал мемлекет бұл нысандарды әділ нарықтық бағада, жылдам әрі кепілді түрде сатып алады. Бұл тұрғындардың өздері де сұраныс танытып отырған қаланың серпінді дамуына жол ашады», – деді кәсіпкер.
Бұл пікірдің өзегінде логика бар – табыс әкелмейтін әлеуметтік нысандарды тек жеке құрылыс бизнесіне жүктеу нарық заңдылығына қайшы келеді. Алайда соңғы жылдары салынған ірі тұрғын үй кешендерінің көпшілігі тығыз орналасқан, балабақша, мектеп немесе емхана салуға арналған бос алаңдар қарастырылмаған. Мұндай жағдайда мемлекет өз қаржысымен араласқысы келсе де, оған мүмкіндік жоқ.
Нәтижесінде әлеуметтік инфрақұрылым тапшылығы мәселесі әлі күнге дейін өзекті күйінде қалып отыр. Бұған дейін тұрғын үй құрылысы жобаланған кезде мемлекет пен бизнеске әлеуметтік нысандарды – мектептер, балабақшалар, емханалар сияқты «адамға қажетті» инфрақұрылымды қатар жоспарлауды міндеттейтін бірқатар нормативтік актілер қабылданғанына қарамастан, бұл талаптар толық орындалмай отыр.




