2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде өмір сүрудің орташа ұзақтығы алғаш рет 75,4 жасқа жетіп, өлім-жітім 3 пайызға төмендегенін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мемлекет басшысына баяндады. Алайда бұған қарамастан, психоактивті заттарды пайдалану салдарынан психикалық және мінез-құлықтық ауытқулары бар азаматтар санының көбеюі туралы мәселе ақпараттық кеңістікте кеңінен айтылмай отыр. Бұл түйткілді Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева жақында Үкімет деңгейінде көтерді. Белгілі болғандай, министрлер кабинеті де жағдайдың ушығуына алаңдаулы. Соңғы бір жылда жаңа психоактивті заттарды тұтынудың салдарынан мұндай диагноз қойылған пациенттер саны 20 пайызға артқан.

ЖҮЙЕЛІ ҚАҒИДАТ ҚАЖЕТ
«»Диспансерлік науқастардың электронды тіркелімі» ақпараттық жүйесінің деректері бойынша, 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасында психоактивті заттарды тұтынуға байланысты психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстары (ПМБ) бар 109 мыңнан астам адам динамикалық бақылауда тұр. Олардың ішінде шамамен 100 мың адам алкогольге тәуелді, 18 мыңнан астам адам есірткіге тәуелді, оның ішінде 173-і – кәмелетке толмағандар. Сонымен қатар, психоактивті заттарды қолданусыз тіркелген психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстары бар азаматтардың жалпы саны 200 мыңнан асты. Аталған салада сырқаттанушылықтың тұрақты өсу үрдісі байқалуда. 2024 жылы психоактивті заттарды қолданусыз психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстардың бастапқы тіркелуі 2023 жылмен салыстырғанда 4,6%-ға артқан. Ал жаңа психоактивті заттарды қолдану салдарынан мұндай диагноз қойылған науқастардың саны бір жыл ішінде 20%-ға өсті», – делінген Мәжіліс депутаты Наталья Дементьеваның Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы Ғалымжан Қойшыбаевтың атына жолдаған депутаттық сауалында.
Депутат деректеріне сәйкес, Қазақстанда психикалық диагнозы бар азаматтар саны 309 мыңға жетеді. Оның үштен бірі – алкогольге тәуелді адамдар, ал қалғаны – нашақорлар.
Нақтылай кететін жайт бар. 2024 жылдың мамырында ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов сенат отырысында есірткіге тәуелділердің одан да үрейлі санын атаған еді:
«Қазіргі таңда елімізде наркологиялық есепте 18 мыңнан астам адам тіркелген. Алайда нақты нашақорлар саны 200 мың адамға дейін жетуі мүмкін. Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз – нашақорлықпен ауыратын азаматтарды нақты есепке алу жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Ресми деректерге сәйкес, есепте тұрғандардың жалпы саны – 18 200 адам, олардың ішінде 1,5 мыңға жуық әйел және 66 кәмелетке толмаған бала бар. Алайда іс жүзінде бұл көрсеткіш 10 есе жоғары болуы мүмкін. Болжам бойынша, нашақорлардың нақты саны шамамен 200 мың адамды құрауы мүмкін. Осы себепті біз адамды ерікті түрде емес, міндетті түрде наркологиялық есепке қою үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді ұсынып отырмыз».
Мемлекет үшін мұндай көлемдегі психикалық дертке шалдыққан азаматтардың мәселесін назардан тыс қалдыру мүмкін емес. Ең алдымен, бұл адамдарға көмек көрсетіліп, емдеу шаралары қолға алынуы тиіс. Алайда мұны қалай жүзеге асыру керек? Міне, осы сауал – Мәжіліс депутаты Наталья Дементьеваны алаңдатып отырған мәселе. Ол Премьер-Министр орынбасары Ғалымжан Қойшыбаевқа жолдаған депутаттық сауалында денсаулық сақтау жүйесіне артып келе жатқан психонаркологиялық жүктемеге назар аударуды сұрады. Бұл ретте бірқатар шешімін таппаған мәселені атап өтті:
- жеке оңалту орталықтарының қызметі реттелмеген;
- оңалту үдерісі әлеуметтік сүйемелдеу жүйесіне толық енбеген – еңбекпен қамту, бейімдеу және рецидивтің алдын алу шаралары жеткіліксіз;
- есеп жүйелері бірізге түспеген, нашақорларды есепке алу реестрі әлі толық іске қосылмаған (оны 2026 жылдың басында енгізу көзделіп отыр).

БІЗДЕ КЕШЕНДІ ЖОСПАР БАР
Жуырда Премьер-Министр орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев Мәжіліс депутатына жауап берді. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі 2026–2028 жылдарға арналған нашақорлықпен және есірткі бизнесімен күрес жөніндегі кешенді жоспар жобасын әзірлеп жатыр.
«Құжатта психоактивті заттарға тәуелді азаматтарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді жетілдіру мақсатында мемлекеттік және жекеменшік наркологиялық ұйымдардың өзара іс-қимылын, соның ішінде ақпарат алмасуды көздейтін шаралар қамтылған. Сонымен қатар, Кешенді жоспар жобасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, нашақорлықтың алдын алу және тәуелділерді оңалтудың тиімді жүйесін қалыптастыру үшін халықаралық тәжірибені зерттеу, сондай-ақ нашақорларға арналған оңалту жобаларын қолдау бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне бағытталған бағдарламаларды әзірлеу және енгізу қарастырылған», – деді премьер-министр.
Алайда бұл мәлімдемеден кейін бірнеше сауал туындады.
Ең алдымен, мемлекет 2023–2025 жылдарға арналған қолданыстағы кешенді жоспардың тиімділігі мен нәтижелері бойынша толық есеп берген жоқ. Айта кетейік, осы құжатты жүзеге асыруға 53 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Демек, жаңа бағдарлама қабылдамас бұрын алдыңғы жоспардың кем-кетігін саралап, олқылықтарды түзету – қисынды әрі қажетті қадам.
Алайда қолда бар статистикаға көз жүгіртсек, нашақорлар санының артуы байқалады. Бұл өз кезегінде жүргізілген жұмыс тиімділігіне қатысты күмән тудырады. Сонымен қатар, 2023 жылы 30 мамырда өткен Координациялық кеңесте Бас прокурор есірткі айналымына қарсы күрестің тиімділігін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар беріп, «мефедрон», «тұз» және басқа да синтетикалық заттардың интернет пен «қоймашылар» арқылы кеңінен қолжетімділігі күрделі мәселе екенін айтқан еді .
Міне, нақтылай айтқанда, 2026–2028 жылдарға арналған жаңа Кешенді жоспардың мазмұны бұрынғысынан едәуір кеңейіп, 77 тармақтың орнына 109 іс-шараны қамтып отыр. Бұл жолы жастардың нашақорлыққа бой алдырмауына бағытталған алдын алу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінбек.
Құжат әлі қабылданбағандықтан, бөлінетін қаражат көлемі белгісіз. Алайда қағаздағы жоспардың өмірде қаншалықты тиімді жүзеге асатыны – уақыт еншісінде.
Екіншіден, Қойшыбаевтың есебіндегі «нашақорлықтан айыққан азаматтарды қоғамға бейімдеуге бағытталған оңалту жобаларын қолдау мақсатында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында арнайы бағдарламалар әзірлеу және енгізу» туралы жолдары алаңдаушылық туғызбай қоймайды. Бұл тұстан аталған мәселені мемлекет жеке сектордың иығына жүктеуді көздеп отырғандай әсер қалдырады. Мысалы, егер бұл шаралар бизнеске наркологиялық мекемелерді қаржыландыруды немесе есірткіге тәуелділіктен айыққан азаматтарды, тіпті субсидияланған жұмыс орындары арқылы болса да, жұмысқа қабылдауды «ерікті түрде міндеттеу» сипатында жүзеге асырылатын болса, мұндай тәсілге кәсіпкерлік қауымдастықтың наразы болуы да заңдылық.
ҚИЫНДЫҚҚА ТАП БОЛҒАНДАРДЫ ҚОЛДАУ…
Заманауи медицинаның нашақорлық пен алкоголизмге қарсы тиімді тәсілдеріне сенім артқанымызбен, кез келген жұмыс беруші тәуелділігі бар адамды жұмысқа алудан тартынады. Бұл қадам – алдағы уақытта орын алуы мүмкін мәселелерден қорғанудың тәсілі. Бұл үшін ешкімді кінәлауға болмайды. Сонымен қатар, нашақорлықпен күреске бөлінген 53 миллиард теңгенің едәуір бөлігі психикалық диспансерлік есепте тұрған азаматтардың ем-домына жұмсалатыны анық. Егер Денсаулық сақтау министрлігі бұл жауапкершілікті болашақта жеке секторға жүктеуді жоспарласа, әлеуметтік тұрғыдан алғанда, қоғам денсаулығы үшін өзге де созылмалы аурулармен күрес шығынын халықтың өзіне аудару туралы мәселе де туындайтыны анық. Бұл қаншалықты әділетті? Қазірдің өзінде бұл үрдіс міндетті медициналық сақтандыру жүйесі арқылы ішінара жүзеге асып келеді. Алайда алдағы уақытта бұл бағыт одан да ауқымды сипат алуы мүмкін. Әрине, егер біз айтылғандарды дұрыс ұғынып отырсақ…
Айтпақшы, біздің болжамымызды жанама түрде растайтын тағы бір тұжырым Галымжан Койшыбаевтың депутат Наталья Дементьеваға жолдаған ресми жауабында келтірілген:
«Жұмыспен қамту, білім беру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтік қызметтерге қатысты мәселелерді жан-жақты қарастыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдардың, жеке сектор мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобын құратын болады. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда және үкіметтің тұрақты бақылауында», – делінген жауапта.
Біз бұл жерде «құратын болады» деген сөзге әдейі назар аударып отырмыз. Бұл – қазіргі таңда мұндай жұмыс тобының жоқ екенін білдіреді. Демек, алкоголизм мен нашақорлықтан емделіп шыққан азаматтар еңбек нарығынан тыс қалып отыр. Өйткені еліміздегі көптеген мекемелер, меншік нысанына қарамастан, жұмысқа қабылдауда наркологиялық және психоневрологиялық диспансерлерден анықтама талап етеді. Ал табыс көзі жоқ, тұрақты жұмысы жоқ азаматтар көбіне қандай жолға түсетіні түсінікті.
Үкімет тарапынан берілген бұл жауап елдегі аса маңызды мәселені елемеудің классикалық мысалы тәрізді (депутаттық сауал мен Премьер-Министр орынбасарының толық жауабымен мына сілтеме арқылы танысуға болады:
Нашақорлықтың кең етек жаюы және соның салдарынан психикалық әрі мінез-құлықтық бұзылулардың көбеюі – ертеңгі күннің аса күрделі мәселелерін туындатуы мүмкін. Оның ішінде көшедегі қылмыстың артуы, алаяқтық фактілері, еңбекке қабілетті тұрғындардың әлеуметтік бейімсіздігі секілді түйткілдер тұр. Президент айтқан «Жаңа Қазақстанның» бейнесі осындай сипатта болады деп ешкім ойламағаны анық. Соңғы жылдары қолға алынған реформалардың мақсаты да бұл емес.




