Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан мен Түрікменстан арасында тікелей коммерциялық әуе рейстері ашылуы мүмкін

Қазақстан мен Түрікменстан арасында тікелей коммерциялық әуе рейстері ашылуы мүмкін

|

|

АСТАНА. 25 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана мен Ашғабат екі ел арасында тікелей коммерциялық әуе қатынасын ашу мәселесін қарастырады.

«Біз екі ел қалалары арасында тікелей коммерциялық әуе рейстерін ашу мәселесін қарастыруға уағдаластық. Сонымен қатар Ақтау, Құрық және Түрікменбашы порттарының көлік-логистикалық әлеуетін толық пайдалану арқылы контейнерлік тасымалдарды жандандыруға келістік», – деді Мемлекет басшысы Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовтің Астанаға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша.

Тоқаевтың айтуынша, транзиттік-логистикалық сала стратегиялық маңызға ие. Бұл бағытта Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржол бағыты арқылы өтетін «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі маңызды рөл атқарады.

«Ағымдағы жылдың 10 айында жүк тасымалы көлемі 1,5 млн тоннаны құрап, 14%-ға артты. Тарифтерді оңтайландыру және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету шаралары қабылдануда. Шекара маңындағы инфрақұрылым қарқынды дамып, өткізу бекеттері жаңғыртылуда. Сондай-ақ Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы бағыты бойынша жол инфрақұрылымын түйістіру мәселесі біртіндеп шешілуде», – деді Президент.

Келіссөздер барысында тараптар Оңтүстік Азия бағытында, Ауғанстан арқылы өтетін жаңа теміржол желісінің құрылысы мәселесін де талқылады.

Сауда айналымы тақырыбына тоқталған Тоқаев өзара тауар айналымын $1 млрд-қа дейін жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Осы мақсатта ол нақты жоспар қабылдауды ұсынды.

Сондай-ақ Қазақстан басшысы Түрікменстан нарығына отандық бидайды жеткізу көлемін ұлғайту мүмкіндігін сөз етті.

«Бұл бағытта өсімдік майлары, макарон өнімдері, ет және сүт өнімдері экспорты көлемін арттыру бойынша әлеуетіміз бар. Сонымен қатар, түрікмен-ауған шекарасында астық терминалын салу перспективалары талқыланды», – деді Тоқаев.

Астана мен Ашғабат газ өңдеу және газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту бағытындағы бірлескен жобалар аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін де мәлімдеді.

Өз кезегінде Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов энергетика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

«Энергетика саласы – екіжақты ынтымақтастықтағы дәстүрлі басым бағыттардың бірі. Түрікменстан бұл бағыттағы әріптестікті жалғастыруға әзір. Сондай-ақ біз электр энергетикасы мен химия өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге зор мүмкіндіктеріміз бар екенін атап өттік», – деді ол.

Бердімұхамедовтің айтуынша, көлік және логистика – қос мемлекеттің стратегиялық өзара іс-қимылының негізгі құрамдас бөлігі.

«Қазіргі геосаяси және геоэкономикалық ахуал жағдайында “Шығыс – Батыс” және “Солтүстік – Оңтүстік” бағыттары бойынша қолданыстағы көлік-транзит дәліздерін белсенді пайдалану аса өзекті болып отыр», – деп түйіндеді Түрікменстан басшысы.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Ормуз бен Баб-эль-Мандеб: ғасырларға созылған тартыс

Байқаушылар Конгреске өткен аралық сайлаудан кейін АҚШ Иран мен Йемендегі хуситтерге қарсы әскери қимылдарын қайта бастайды деп болжайды. Пентагон мен Израильдің Қорғаныс армиясы бәрін келісіп қойған, енді Ақ үйдің саяси шешімін күтіп отыр. Ормуз бен Баб-эль-Мандеб бұғаздарын АҚШ бақылауына алу үшін Дональд Трамп қандай да бір тың тәсіл ұсына ала ма? Екіталай. Әлем үшін айрықша маңызды осы екі теңіз жолы соңғы бірнеше ғасырда не көрмеді дейсіз.

Қазақстан екінші АЭС құрылысы жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр – Энергетика министрі

Қазақстан Қытайдың ұлттық атом компаниясымен елдегі екінші атом электр станциясын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

Путин Ресейдің өзге елдермен ынтымақтасуға мүдделі екенін, ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейтінін айтты

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей өзге елдерге бұрын да қоқан-лоқы көрсетпеген, қазір де көрсетіп отырған жоқ. Ол елінің басқа мемлекеттермен ынтымақ орнатуға мүдделі екенін айтты.

Литва мен Германия қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас пен Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде қорғаныс саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы сәрсенбі күні Литва Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.