Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жуырда 2026 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) 25,8 мың отбасыдан 138,1 мың қазақстандық алғанын хабарлады.
Төленген қаражаттың жалпы көлемі 2,3 млрд теңгені құрады. Орта есеппен алғанда, бір адамға 16,6 мың теңгеден келген. Бұл сома «әлеуметтік масылдық» ұғымымен тікелей байланысты деуге келмейді, өйткені мұндай қаражат көлемі еңбек қызметінсіз өмір сүруге жеткілікті деңгейде емес. Сонымен қатар, 2025 жылғы желтоқсан айында атаулы әлеуметтік көмекті 54,4 мың отбасыдан шамамен 300 мың адам алған болатын. Алайда Жаңа жылдан кейін олардың саны шамамен екі есеге қысқарған.
СТАТИСТИКА – НАҚТЫ ДЕРЕККӨЗ
Біз 2025 жыл бойы Еңбек министрлігі жариялаған атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны және жылдық жоспарланған төлем көлеміне қатысты барлық хабарламаларды жинақтадық. Айта кету керек, аталған көрсеткіштер жыл ішінде бірнеше рет өзгертілген. Ашықтық пен айқындық мақсатында осы деректердің толық жиынтығын ұсынамыз.
- 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша – 169,1 мың адам (31,9 мың отбасы), төленген сома – 2,3 млрд теңге (жылдық жоспар – 132,9 млрд теңге);
- 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша – 210,1 мың адам (39,2 мың отбасы), төленген сома – 5,3 млрд теңге (жылдық жоспар өзгеріссіз);
- 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша – 214,3 мың адам (40 мың отбасы), төленген сома – 8,1 млрд теңге (жылдық жоспар өзгеріссіз);
- 2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша – 232,5 мың адам (43,4 мың отбасы), төленген сома – 10,4 млрд теңге (жылдық жоспар өзгеріссіз);
- 2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша – 242,4 мың адам (45,2 мың отбасы), төленген сома – 13,4 млрд теңге (жылдық жоспар өзгеріссіз);
- 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша – 245,5 мың адам (45,7 мың отбасы), төленген сома – 16,2 млрд теңге (жылдық жоспар 110,7 млрд теңгеге дейін қысқартылған).
- 2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша – 259,7 мың адам (48,3 мың отбасы), төленген сома – 18,6 млрд теңге (жылдық жоспар өзгеріссіз);
- 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша – 270,7 мың адам (50,3 мың отбасы), төленген сома – 21,7 млрд теңге (жылдық жоспар өзгеріссіз);
- 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша – 274,4 мың адам (51 мың отбасы), төленген сома – 24,6 млрд теңге (жылдық жоспар 98,4 млрд теңгеге дейін қайта қысқартылған);
- 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша – 285,1 мың адам (53 мың отбасы), төленген сома – 27,1 млрд теңге (жылдық жоспар өзгеріссіз);
- 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша – 290,6 мың адам (54 мың отбасы), төленген сома – 30,3 млрд теңге (жылдық жоспар өзгеріссіз);
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 292,7 мың адамды (54,4 мың отбасы) құрады, төленген қаражаттың жалпы көлемі – 33,4 млрд теңге. Ал жыл басында жоспарланған сома 98,4 млрд теңге болғаны белгілі.
МҰҚТАЖДАР САНЫ АРТЫП, ҚАРЖЫЛАНДЫРУ КӨЛЕМІ АЗАЙДЫ
Сонымен, 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) алушылардың саны ай сайын артып, желтоқсанға қарай алушылар саны 73%-ға, ал отбасылар саны 70%-ға өсті. Соған қарамастан, жыл ішінде бекітілген бюджет екі рет қайта қаралып, жалпы көлемі 26%-ға қысқартылды.
Біріншіден, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен 16 маусымнан бастап АӘК тағайындау және төлеу қағидалары жаңартылып, өтініш берушілердің табысымен қатар олардың шығыстары да есепке алына бастады.
Екіншіден, 2025 жылғы қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан кейін, Президент үкімет тарапынан әлеуметтік алаяқтықтың ұзақ уақыт бойы ынталандырылып келгені туралы қатаң сын айтты.
«Өз уақытында біздің «әлеуметтік сала мамандары» жеңілдікпен төленетін төлемдерге ие болатын жаңа санатты — толық емес отбасылар санатын ойлап тапты. Соның салдарынан ажырасулар саны күрт артып, бұл көрсеткіш бойынша біз кезінде тіпті әлемдік «антилидерлер» қатарына ендік. Мұндай мысалдар аз емес, біз осылайша жалқаулық пен масылдықты өзіміз ынталандырып отырмыз. Егер отбасының әрбір мүшесіне төлемдерді, соның ішінде атаулы әлеуметтік көмекті алу мүмкіндігі болса, жұмыс істеудің не қажеті бар?», — деді Президент.
Жоғары аудиторлық палата 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы үкімет есебіне берген қорытындысында атап өткендей, әлеуметтік саладағы шығыстарды талдау барысында коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандарының болуына қарамастан, АӘК алып келген 1,5 мыңға жуық отбасы анықталған. Бұдан бөлек, көмек алушылардың 100 мыңға жуығы еңбекке қабілетті жаста болса, олардың жартысының тұрақты жұмысы болған.
Дегенмен, министрлік статистикасынан қызықты тенденцияларды байқауға болады.
«2024 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 50,9 мың отбасы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кедейлік деңгейінен шықты», — деп Еңбек министрлігі 2025 жылғы сәуірде жазды.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметтері бойынша, 2025 жылы 1 қаңтарда АӘК алушылар саны 78,1 мың отбасын құрағанын ескерсек, кедейлік деңгейінен шыққаннан кейін олардың саны 27,2 мың болуы тиіс еді. Алайда, 2025 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 31,9 мың отбасын құрады. Бұл көрсеткіш кедейлік санатынан шыққандардың орнын жаңадан мұқтаж болғандар басқанын көрсетеді. Сонымен қатар, өткен жыл ішінде экономикалық жағдайы төмен отбасылардың саны ай сайын артып, 2026 жылғы қаңтарға қарай 54,4 мыңға жетті.
Осы тұста, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап 28,6 мың қазақстандық отбасы кедейлік статистикасынан «жоғалып кетті». Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі серпінділікке (динамикаға) түсініктеме бермей, тек құрғақ цифрларды жариялаумен шектелетінін ескерсек, бұл жағдайды қалай түсіндіруге болады?
ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕГІ КЕДЕЙЛІК ПЕН ШЫНАЙЫ ЖАҒДАЙ
2026 жылдың басындағы көрсеткішке тек мұқтаждығын дереу растауды қажет етпеген қазақстандықтар мен олардың отбасылары ғана автоматты түрде енген деп пайымдау қисынды көрінеді. Қалғандары, 2025 жылғы тәжірибедегідей, тізімге кейінірек қосылуы мүмкін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есептілігіндегі бұл статистикалық өзгерістер халықтың экономикалық жағдайының шынайы жақсаруымен байланысты емес деп болжауға негіз бар. Қарапайым есепке жүгінсек: 2025 жылы 292,7 мың адамға бюджеттен 33,4 млрд теңге бөлінген. Бұл — жан басына шаққанда жылына 114,1 мың теңге немесе айына 9500 теңге деген сөз. Инфляция деңгейі жоғары және азық-түлік бағасы қымбаттап жатқан жағдайда, осындай қаражатпен байып кету мүмкін бе? Жауабы айтпаса да түсінікті.
Көкшетау, Ақкөл және Павлодар қалаларының аз қамтылған тұрғындары үшін оңтайлы жаңалық – Сауда және интеграция министрлігінің бұйрығымен іске қосылған пилоттық жоба аясында 2026 жылғы қаңтар мен мамыр аралығында оларға АӘК-тен бөлек, отбасының әр мүшесіне айына 1 АЕК (4325 теңге) көлемінде цифрлық азық-түлік ваучерлері беріледі. Бұл — әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға арналған, шекті сауда үстемесінен аспайтын қолма-қол ақшасыз жеңілдік.
Мемлекет назардан тыс қалдыра алмайтын мұқтаж жандардың жалпы саны бюджеттің миллиардтаған қаражатын қажет ететіні және бұл жағдай алаяқтыққа ұқсас жаппай әлеуметтік масылдық көрінісін тудыратыны түсінікті. Дегенмен, біздің пайымдауымызша, Үкімет қазақстандықтарды мемлекеттен көмек сұрауға мәжбүрлейтін шынайы табыс деңгейіне қатысты көзқарасын қайта қарауы қажет.
Бұрынғы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2025 жылғы қыркүйекте 1 миллионнан астам қазақстандықтың ең төменгі жалақы — 85 мың теңге немесе одан да аз табыс табатынын айтқан болатын. Ал бұл — Қазақстандағы жұмыс күшінің әрбір оныншы өкілі деген сөз.




