Евразия24Басты бетБешпармақ. Инженер толғанысы. Кедей қалай хан болды?

Бешпармақ. Инженер толғанысы. Кедей қалай хан болды?

|

|

Сонымен, менің нұсқам бойынша, «Теміржан» деген атты бүркеніп, несие берушілерден тығылып жүрген Жеңіс, әкесінің қарызына белшеден батып, 30 жасына дейін кедейлікте өмір сүрген. Қолына азын-аулақ дүние-мүлік тие қалса-ақ, онысын несие берушілер әкесінің қарызының өтеуі деп, тартып алып отырған. 

Өз алдына үй болғысы кеп қанша тыраштанса да, шыр бітпеген соң, Жеңіс бір түкіріп, әр жерге жалданып жұмыс істей бастады. Табаны күректей 20 жыл бұрын айттырылып, біршама есейіп қалған Бөрте өзінің тағдыр қосқан кедей күйеуінің қолына көшіп келгенде, ең көп қарыз берген меркіттер жетіп келіп:

  • Қарызыңды өтесіп, біздің шаруамызды атқара тұрсын. Берешегіңді толық төлеп бітір, сосын қайтарамыз, —  деп, Жеңістің сүйген жас жарын күшпен тартып алып кетті.

Ал, енді осындай өткені сор, келешегі күңгірт «Теміржан» деген лақап есімді кедей Жеңістің қаһарымен Әлемді Тітіреткен Ұлы Ханға айналып шыға келгені нендей кереметтің арқасы екенін анықтап көрейікші.

Құрметті оқырман, кеңестік, қытай және моңғол тарихшыларының Жеңіс «билікті қарулы күшпен басып алды, төңірегіндегі халықтардың барлығын қатігездікпен бағындырды» деген ресми мәліметі бірінен бірі айнығысыз «қызыл қырғын» мен «тап күресін» жүргізген коммунистік көсемдер Ленин, Мао Цзэдун және Чойбалсанның ондаған миллион өз елінің, шетелдің азаматтарын өлтіріп, қантөгіспен билікке келу әдістеріне қатты ұқсайтынына келісетін шығарсыздар? Осы елдердің тарихшылары Жеңістің билікке келуі туралы ертегіні бір-бірінен көшіріп, оны өздерінің Коммунистік партияларының «Кедейлер билікті күшпен алады!» деген сүйікті ұранына сайдырып, тарих аясын тарылтқан. Осы соқа басын сүйреткен қаңғыбастың билікті күшпен тартып алуы таңғажайып болып көрінбей ме сіздерге? Оған жаулатып қойып, басқа Хандар ай қарап отырған ба сонда? Күш-қаруы, қаржы-қаражаты сайма-сай бола тұра, түп көтеріліп, кеудемсіген қайыршыға қарсы тұрып, қорғануға шамалары жетпеген бе? 

Ресейдегі Қазан төңкерісін ұйымдастыру үшін, шетелге қоныс аударған жұмыссыз оппозиционер Ленинді тұтас Герман Империясы молынан қаржыландырған. Алпауыт Кеңес Одағы халық белсенділері Мао мен Чойбалсанды да мықтап қаржыландырып, қаруландырған. Бұл жерде бәрі түсінікті, мықты екі демеуші төңкерісшілерге қомақты қаржы салып, есесіне, өздері де өмірлік қажетті геосаяси үлестерін алды. 

Түсінбейтініміз, «Теміржан» кімнің алтын-күмісіне қол жиып, оларды қаруландырып, тамақтандырған? Билікке жету үшін, ол жанына төңкерісші-серіктерді көптеп топтастыруы керек еді ғой? Және одан қандай геосаяси инвестор пайда көрді? 

Мүмкін, тып-тыныш отырған халықтардың басына әлдебір төңкеріс идеясы келіп, содан сол идея миларын тескен олар аяқ астынан көтеріліс жасап, өз әміршілерінен тақты босатып, жалғызілікті кедей «Теміржанды» Ұлы Хан етіп тағайындауды талап еткен шығар? Орыс ертегілеріндегі Ақымақ Иванның айла-шарғымен бай қызға, Күлше қыздың бай жігітке үйленіп, бақытқа жеткені сияқты қиял-ғажайып оқиға болды деуге тағы келмейді, өйткені, оның жұбайы Бөрте әсте императордың қызы емес еді. 

Құрметті оқырмандар, «Теміржанның» шарықтап, бірден Әміршілік қызметке көтерілуіне қатысты менің нұсқамды талқылауды ұсынамын, өйткені, ол әлдеқайда шындыққа жанасымды деп ойлаймын. 

Ішкерия Республикасының Тұңғыш Президенті қызметіне шешен халқының бірауыздан ресейлік авиация генералы Джохар Дудаевты сайлағаны белгілі. Міне, бертінде болған осы оқиға мен біз қарастырып отырған «Теміржан хикаясы» тарихи тұрғыдан үйлес болғандықтан, көп жайтқа біздің көзімізді ашады. Ұлты шешен Джохар өмір бойы шешендер сұмдық жек көретін Кеңес Одағының әскери әуе күштеріне адал қызмет еткен. Оның басқаруымен стратегиялық бомбалаушылар дивизиясы Ауғанстандағы мұсылман бауырлардың бейбіт қышлақтарын қиратқан. Оған қоса, ол орыс әйелге үйленген. 

    Осының бәрін ескерсек, Дудаев шешендердің көзінде халық көсемі болардай үлгілі шешен емес еді. Ашығын айтқанда, ол – әншейін бір азын-аулақ әскери зейнетақысы бар жатбауыр келімсек-тін. Міне, осы адам ақша жағынан да, күш жағынан да ешкімге дес бермейтін мықты халықтың Президенті болып шыға келді! Бұл қалай болғаны?

Бұның мәнісін түсіну үшін, 4 қазақ руының Хандары өздерінің керемет идеяларын жүзеге асырып, «Мәңгі Ел» деген атаумен Одақ-Федерация құрған сәтке қайта оралайық. Федерация құрғаннан кейін, оның Үкімет Басшысын тағайындау керек болды, сөйтіп, бұл мәселе Құрылтайшылардың келесі Мәжілісінде бірінші кезекте қаралатын болып, күн тәртібіне енгізілді. 

Әрине, Құрылтайшы Хандардың қай-қайсысы да осы лауазымды қызметке орналасқысы келіп, іштей армандады, бірақ, дәл өзін таңдауға басқаларды қалай көндірерін білмеді. Осылай, сөзді кім бастар екен деп, бәрі іштен тынып отырғанда, тым ұзаққа созылып кеткен сыпайы үнсіздікті Бас Керей күрт бұзды. Ол тізесін сарт еткізіп салып қалды да, орнынан тұрып, былай деді: 

– Достарым менің, біздің қайсымыз даналардың данасы ретінде Федерациямыздың Үкіметін басқару зор жауапкершілігін өз мойнына алады? Біздің идеяларымыз бен шешімдерімізді жүзеге асыратын ауыртпашылығы мол Бас Атқарушысы еңбегін кім атқарады? Бюджетімізді кімге сеніп…

Айналайын, сен сонда өзіңді меңзеп тұрсың ба? – деп, Федерацияның атауын өзіне қойғызбағандары үшін әлі де ренішті Бас Найман оның сөзін бөліп жіберді. – Босқа әуре болма, ақымағың біз емес! Сені сайласақ, арты немен тынары белгілі – алдымен өзің ең жоғарыға шығып аласың, сосын бүкіл керейлеріңді Үкіметке, әлеуетті құрылымдар мен сот орындарына тартасың! Қой, әкем, шығар бұны ойыңнан! 

– Ойпырмай! – деп дауыстап жіберді Бас Керей ренжіп. – Соншалық өзің шыншыл ма едің, тегі? Өзің солай істемейтіндей-ақ! Әрі-беріден соң, бәрі естіп отыр, мен өзімді ұсынған жоқпын. Бірақ, енді арамыздан қайсың сайлансаң, оның сайлан, тек, әйтеуір, Найман сайланбасын. 

– Ау, сабыр етіңдер, «даналардың даналары»! Енді төбелескендерің қалып еді! — деп сабасына түсірді оларды сол күнгі Мәжіліс модераторы Бас Жалайыр. – Наймандікі жөн – осы отырған қай-қайсымызды тағайындаса да, біз туыстарымызды тарта бастаймыз, сосын басқалары қызғаныштан оған ор қазуға кіріседі. Мен білсем, Бас Атқарушы рөліне біздің руларымызбен туыстығы жоқ, былайша айтқанда, бәрімізге бөтен біреуді табу керек. Сонда кадрлық саясатта рушылдық та болмайды. Әмбе ұнамай жатса, қызметтен қуып, жазалап, тіптен, басын алсақ та, обал емес дегендей… Қысқасы, азды-көпті жөн білетін бөтен біреу табылса, жарап жатыр, бәрібір, ол Бас Атқарушы, яки, Хан болғанмен, оның орнына Құрылтайшылар, яғни, біз бәрін ойласып, жұмысты да өзіміз жүргіземіз ғой.

  Бас Жалайырмен келісем, — деп хаттамаға сай әдеппен әңгімеге араласты Бас Дулат. – Бірақ, қосарым бар. Біріншіден, біздің, яғни, үлкендердің айтқанын екі етпесі үшін, Бас Атқарушы жас адам болуы керек, екіншіден, жеке шаруашылығы мен қаптаған туысы болмағаны абзал, әйтпесе, мемлекеттің есебінен қара басының қамын күйттей бастайды. 

– Дулатпен келісем! Бірақ, тағы бір ескеретін жайт бар, — деп қайта сөз алды Бас Найман. – Иә, жеке шаруашылығы, туысы жоқ, өзі жас қазақ керек, дегенмен, ол текті әулеттен болса, мысалы, қайтыс болған Ханның баласы болса, игі еді. Хан тұқымы болғаны өте маңызды! Қалай дегенмен, дәрежелес адамдардай, ертең онымен қолдасып амандасып, бір дастарқаннан дәм татып, жиналыстарда бір үстел басында отырамыз ғой.

– Найманмен келісем, — деп үн қосты Бас Жалайыр. – Гәп, тіпті, бізде де емес, ол кейін өкіліміз ретінде Одақ атынан да түрлі қызметтер атқаруы керек болады ғой. Алда-жалда Одағымыз халықаралық деңгейге шыға қалса, кез-келген шетелдік Басшы қарадан шыққан хансымақпен сөйлеспек түгілі, жүздеспейді де! Сондықтан, барлаушы-нөкерлерді жан-жаққа жіберіп, хан ұлдарының арасынан осы талаптарға сай адамды іздету керек, ар жағын көре жатармыз. 

Өз кандидатурасын өрескел қабылдамай тастағандарына қорланған Бас Керей, ләм демеді, тек миығынан күліп, мырс етті – өйткені, қазақ арасынан басында миы бар, оған қоса, дүние жимаған, одан қалса, туысы да жоқ хан баласын табу ешқашан орындалмайтын тапсырма еді!

Сонымен, шешім әлгіндей болды. Барлаушылар Бас Атқарушы қызметіне үміткерді іздеп, Ұлы Даланы көп кезді. Бармаған жері, сұрамаған адамы қалмады, бірақ, қазақтардың барлығы, келісіп алғандай, бір кісідей иықтарын көтеріп, нөкерлердің соңдарынан күліп, саусақтарымен самай тұсын нұқыды. 

Ақыры әлдебір білгіш кемпірдің «көрсетуімен», қазақ жерлерінің шет қиырында ескі, қара құрым үйде бір жігіт тұратынын біліп алды, елдің айтуынша, әкесі мен атасы Хан болған көрінеді, бірақ, «Теміржан» деген әлде лақап аты, әлде есімі тым қарапайым, соған қарағанда, жасырынып жүрген сыңайлы, анасы мен әйелі бар, туыс, мал-мүлік дегеннен жұрдай, бір күндік тамағы үшін жалданып жұмыс істейді.

Барлаушылар «Теміржан» деген сол жұмбақ жанды тауып алды, тек ол қарапайым кедей сияқты момын емес, тым мінезді болып шықты. Өйткені, нөкерлер ол қаратабанға онша ізет танытпай, дөрекі сөйлесе бастаған, сол-ақ екен, әлгі жігіт жалаң қолымен үшеуін үш жаққа лақтырды, ақыры, бәрі жабыла кетіп, оны әрең тыныштандырды. Содан соң, барлаушы-нөкерлер демдерін басып, кешірім сұрап, өздерінің сот орындаушылары емес, керісінше, жақсы лепеспен келгендерін түсіндірді, басшылықтың оған жақсы, таза жұмыс бермек екенін, ол жұмыстың айлығы күнделікті ас-су емес, күміс, тіпті, алтынмен төленетінін айтты, сонда ғана намысқай  жігіт сабасына түскендей болды. Барлаушылар оның қолын шешіп, үсті-басын қағып, атқа мінгізіп, Құрылтайшылардың алдына апарды. 

– Бүкіл қазақ жерінде жалғыз осыдан басқа, талапқа сай келетін ешкім жоқ. Иә, айтпақшы, бұл жігіт оқи алады, жаза біледі, міне, сауалнаманы өзі толтырды, — деп барлаушылардың командирі Құрылтайшыларға есеп берді де, «Теміржанды» Президиумға қарай итеріңкіреді.  

– Иә, Бас Атқарушымыз мынау болса… жетіскен екенбіз! – деп ойлады Құрылтайшылар, киімі жыртық, көзінің асты көгерген атпал жас жігітке бастан аяқ сүзе қарап. Сосын оның түйіндемесімен кезек танысып шықты.

– Мәселе былай, і-і-і, Жеңіс… – деп, сауалнамадан есімін оқып алып, тіл қатты оған Бас Жалайыр. 

  • Қиын болмаса, Жеңіс Естайханұлы десеңіз, – деп түзеді оның сөзін үміткер. – Құлағым Сізде, айта беріңіз. 

Бас Жалайыр аңырып, артындағы мәз боп, қарқылдай күлген Құрылтайшыларға жалт қарады, үміткердің өжет мінезі мен зиялылығы бәріне ұнаған секілді. 

  • Ғафу өтінем, Жеңіс Естайханұлы, — деп, Бас Жалайыр жағдайды ушықтырмай, майда жауап қайырды да, мән-жайды қысқаша түсіндіріп берді. – Қалай ойлайсыз, бұл қолыңыздан келе ме?
  • Сізге де, осында отырған Хандарға да мына ұсыныстарыңыз үшін алғыс айтамын, — деп жауап берді Жеңіс. — Одақ құру идеясы жақсы екен. Үкіметке дұрыс адамдарды іріктеуге мұрсат берсеңіздер, қолымнан келеді! Бірақ, мені қинайтын бір мәселе бар, соны шешпейінше, жөнді жұмыс істей алмаспын. 

– Ол қандай мәселе?  

– Әкемнен қалған қарыздарды қайтара алмай жүрмін, қарыз өндіруші-коллекторлар әбден қинап жіберді, ал, несие берген меркіттер әйелімді кепілдікке алып кетті! Оны қайтаруға көмектессеңіздер, жұмыс істеп, бәрін өтер ем!

Бай-қуатты Құрылтайшы-Хандар Жеңістің қарыздарының жалпы сомасын төртке бөлгенде, онша көп болмай шықты! Және келіспеске лаждары да жоқ еді, өйткені, Бас Атқарушы қызметіне лайық басқа үміткер де, оны іздейтін уақыт та жоқ. Ақылдаса келіп, олар былай деп жауап берді:

– Жақсы жұмыс істейтін болсаң, қарызыңды өз айлығыңнан екі-ақ жылда қайтарасың, біз несие берушілеріңнің алдында кепілгер боламыз, олар күте тұрады, ал, әйеліңнің құнын тезірек өтеп, қайтаруға тырысамыз. Уайымдама, ол қарызды бізге кейін қайтарарсың! 

Айтқандай-ақ, Құрылтайшылар ақша шығарып, меркіттерге Жеңістің әкесінің қарызын төлеп берді, ал, олар, уәде еткендей, әйелін аман-есен қайтарды. Құрылтайшылар қалған несие берушілерге де қолхат жазып, Жеңіс төлей алмаса, қарызды өздері өтейтініне кепілдік берді. Ақшаларын қайтара алмай, түңілген несие берушілер қуанып кетіп, алдағы 2 жылда борышкерді мазаламауға уәде берді. Риза болған Жеңіс, Одақ игілігі үшін еңбектенуге білегін сыбана кірісіп кетті! 

Міне, достар, осылайша, Құрылтайшы қазақ руларымен туыс-тамырлығы жоқ, кедей, бірақ, текті қазақ Жеңіс көшпенділердің Мәңгі Ел бірлестігінің Атқарушы директорына, ал, кейін Жеңіс Хан деген әдемі есімді Ұлы Ханға, Әлемді Тітіреткен Әміршіге айналды. Тәуелсіз Ішкерия мемлекеті құрылып жатқан Шешенстанда да дәл осы қағида негізге алынды. Руаралық билік таласын болдырмау ниетімен дана ақсақалдар шешен тайпа-руларының ешқайсысына жақындығы жоқ, КСРО авиациясының генералдығына дейін жеткен, әрі оқыған, әрі ақылды шешен Джохар Дудаевты Президенттік  қызметке шақырды.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Поделиться:

Читать далее:
Related

Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналуы тиіс

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналып,...

Тоқаев Үкіметке мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллектті енгізу бойынша шаралар әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке...

Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейтіп, қызметтік хат алмасуды отандық мессенджерге көшіруді тапсырды

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік...

Жыл соңына дейін қазақстандық кәсіпорындар өндірісте жасанды интеллект енгізудің экономикалық нәтижесін көрсетуі тиіс

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды...