Ақмарал Әлназарова жетекшілік ететін министрлік балалар денсаулығын нығайтуға бағытталған «Бастау» атты кешенді іс-шаралар бағдарламасын ұсынды. Шенеуніктер балалар денсаулығын жүйелі түрде жақсартуды, мектеп медицинасын цифрландыруды және профилактикалық бағытты дамытуды уәде етуде. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы балаларды қорғау мәселесі «ерекше бақылауда» екенін атап өтті. Алайда соңғы 20 жылдағы реформаларды қадағалап жүргендер үшін бұл бастама ауқымды мәлімдемелермен басталып, «қамту көрсеткіштері» туралы әдемі есептермен жалғасып, кейін министр ауысқанда немесе бюджет қайта қаралған кезде ұмыт қалып жататын бұрыннан таныс үрдістің кезекті көрінісіндей әсер қалдырады.
ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕГІ САУЫҚТЫРУ
Қазақстандағы кез келген мемлекеттік бастама, мейлі ол қай салаға қатысты болса да, ең алдымен «қамту көрсеткіштерінің» салтанатты цифрларынан бастау алады. «Еуразия24» басылымы өз жарияланымдарында бұл мәселені жүйелі түрде көтеріп келеді. «Бастау» бағдарламасы да бұл үрдістен тыс қалған жоқ, себебі ол өткен жылғы бастаманың нәтижелеріне сүйенеді. Ал бұл көрсеткіштер, біздің байқауымызша, ерекше мақтаныш нысанына айналғандай.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми хабарламасында былай делінген:
«Салауатты жаз мезгілі – 2025» бастамасы аясында шалғай аудандарда тұратын 365,5 мыңнан астам бала профилактикалық және сауықтыру іс-шараларымен қамтылғаны атап өтілді. Ағымдағы жылы бұл бағыттағы жұмыс медициналық тексерулердің қолжетімділігі мен ауқымын кеңейтуге басымдық бере отырып жалғастырылады.
Цифрландыру мәселелеріне, атап айтқанда, балалардың электрондық денсаулық паспорттарын жүргізуге ерекше көңіл бөлінді. Бұл денсаулық жағдайына жүйелі мониторинг жасауға және тәуекелдерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде стоматологиялық аурулардың алдын алу кабинеттерін ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде».
«Профилактикамен қамтылған» 365,5 мың бала туралы мәліметтің астарында әкімшілік айла-шарғы жатқан жоқ па? Іс жүзінде бұл көрсеткішке әдемі есеп беру үшін бәрін біріктіріп жіберуге болады: мектеп жанындағы лагерьде бір күн болу, ауылға жылжымалы медициналық кешеннің қысқа мерзімді келуі, стоматологиялық тексеру немесе тіпті бір реттік спорттық акцияға қатысу. Өкінішке қарай, Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылы балалар үшін өткізілген профилактикалық және сауықтыру іс-шараларының нақты мәнін егжей-тегжейлі ашып көрсетпейді.
Егер сапалы әрі денсаулыққа пайдалы демалыс туралы айтар болсақ, мәселен, қала сыртындағы лагерьлер мен шипажайларда демалу жолдама құнының қымбаттығына байланысты отбасылардың көбіне әлі де қолжетімсіз болып отыр. «Сауықтыру» бағдарламаларына көбінесе әлеуметтік жағынан осал топтағы балалар немесе мектептер есеп беру үшін тізімге автоматты түрде енгізген оқушылар ғана ілігеді.
«ӨМІР САЛТЫ» ІНДЕТІ
Тіпті мектептегі тамақтандыру және жаппай улану оқиғаларынан кейінгі санитарлық бақылауды күшейту сияқты маңызды салаларда да мәселелер жүйелі түрде шешімін таппаған. Балаларға қамқорлық жасау жүйесі бала қауіпсіздігіне кепілдік берудің орнына, жай ғана туындаған олқылықтардың «орнын толтыру» (өрт сөндіру) және шексіз әкімшілік жүргізу режиміне көшкен. Бұлай деуімізге не себеп? Себебі, балалар арасындағы семіздік пен ерте жастан пайда болатын ауруларды ешқандай «жалтыратылған» есептермен бүркемелеу мүмкін емес. «Бастау» іс-шаралар кешені ауруларды ерте анықтауға басымдық беретінін мәлімдеді, бұл өз кезегінде денсаулығында кінәраты бар балалар санының артып жатқандығы туралы тезисті жанама түрде растайды.
Дегенмен, біздің ойымызша, егер баланың өмір сүру жағдайы күн сайын оның денсаулығына зиян келтіріп жатса, диагностика дәрменсіз. Елімізде мектеп оқушылары арасында миопияның (яғни жақыннан көрмеушіліктің), стоматологиялық аурулар мен психоэмоционалдық бұзылыстардың үрей туғызатын өсімі тіркелуде. Бұдан бөлек, семіздік пен гиподинамия қазақстандық балалардың бүгінгі өмірінің ажырамас серігіне айналды.
Атап айтқанда, қазақстандық балалардың тамақтану деңгейі туралы мәліметтер 2025 жылғы қараша айындағы мультииндикаторлық кластерлік зерттеу нәтижелері туралы есепте берілген.
«Зерттеуді 2024 жылдың күзінде ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы ЮНИСЕФ-тің техникалық қолдауымен жүргізді. Таңдамалы зерттеуге 22,5 мың үй шаруашылығы қамтылды. Есепке сәйкес, бес пен тоғыз жас аралығындағы артық салмағы бар балалардың үлесі 23%-ды құрайды. Зерттелген үй шаруашылықтарындағы аталған жастағы балалардың жалпы саны — 6,2 мың адам. Бойы мен салмағын анықтау мақсатында жүргізілген антропометриялық өлшеулерге әр үй шаруашылығынан кездейсоқ таңдау әдісімен бір баладан алынды», — деп 2026 жылдың наурызында Data Hub арнасы жазды.
Өкінішке қарай, балалар денсаулығына қатысты мәлімдемелердің көбі дүкендегі бағаларға келгенде маңызын жояды. Қаржылық қиындықтар қазақстандық отбасылардың толыққанды тамақтану мүмкіндігін шектеп отыр. Бюджет шектеулі болғанда, таңдау арзан көмірсулар мен «бос» калорияларға түседі, бұл бір балаларда анемияның пайда болуына, ал екіншілерінде семіздікке әкеп соқтырады. Бұл жай ғана айтылған сөз емес, өйткені 2024 жылы жарияланған мәліметтерге сәйкес, қазақстандықтардың 3,2%-ы соңғы бір жыл ішінде қаражат тапшылығынан тек санаулы азық-түлік түрлерін ғана тұтына алған.
Құзырлы органдар тіркеп отырған физикалық белсенділіктің төмендігі — бұл балалардың жалқаулығы емес, инфрақұрылымның қолжетімсіздігі. Спорттық секциялар мен үйірмелердің құны екі-үш бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін жиі ауырлық етеді. Соның салдарынан, сауықтыру шаралары тек мектеп залындағы дене шынықтыру сабағымен шектеледі, ал ол залдардың жағдайы көбіне көңіл көншітпейді.
«Бастау» іс-шаралар кешені ауылдық аймақтарда профилактикалық медицина мен спорттық шаралардың қолжетімділігін арттыруға уәде береді. Алайда, қазіргі уақытта мегаполистер мен ауылдар арасындағы медициналық көмектің сапасы жағынан алшақтық әлі де өте жоғары. Ауыл балалары бейінді мамандарды тек жылжымалы бригадалардың «рейдтері» кезінде ғана көреді, ал Денсаулық сақтау министрлігі бұл шараларды есептерде жүйелі профилактика ретінде көрсетеді. Иә, шалғайдағы елді мекендерге дәрігерлердің мұндай сапарлары тұрақты түрде ұйымдастырылып, ауылдағы медициналық кадрлардың тапшылығын белгілі бір деңгейде толтырып отырғаны рас. Дегенмен, балалардың өмір сүру сапасын ескерсек, бұл шаралардың жеткіліксіз екені анық.
Ал бұқаралық спортқа келетін болсақ, мемлекет бірнеше жыл бұрын «DamuBala» сияқты жүйелер арқылы ваучерлік қаржыландыру тетігін енгізген болатын. Соған қарамастан, спорттық секциялармен қамту деңгейі әлі де шектеулі күйінде қалып отыр.
2026 жылдың сәуіріндегі БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі таңда 380 бағыт бойынша 132 мыңнан астам үйірме мен секция жұмыс істейді. Оларға 3,5 миллионға жуық оқушы барады. Оның ішінде 2 миллионнан астамы мемлекеттік қаржыландыру есебінен тегін шұғылданады.
4 миллионнан астам оқушысы бар ел үшін тегін секциялар әлі де болса сирек кездесетін мүмкіндік болып қала бермек. Ал министрлік назарындағы шалғай өңірлерде ұйымдастырылған спорттық шаралардың жоқтығы — шешілмеген күрделі мәселенің бірі.
«БАСТАУ» НАҚТЫ РЕФОРМАҒА АЙНАЛА МА?
Денсаулық сақтау министрлігі цифрландыруға және UNICEF қолдау көрсетіп отырған «Қазақстан балалары 2026–2030» жаңа стратегиясына үлкен үміт артып отыр. Алайда Қазақстандағы бұған дейінгі реформалардың тәжірибесін ескерсек, «Бастау» бағдарламасының дамуы үш сценарий бойынша өрбуі мүмкін деп болжаймыз. Оның тек біреуі ғана көңілге сенім ұялатады.
Бірінші сценарий – бюрократиялық. Бұл – ең үйреншікті әрі ең қауіпті нұсқа. Егер ведомство жұмысы тағы да «қамтылған» балалар санын көбейтуге ғана бағытталса, онда біз тағы да жарқын презентациялар мен әдемі есептерді көруіміз мүмкін. Бірақ сол жылтыр есептердің тасасында тек қағаз жүзінде «сауыққан», ал іс жүзінде денсаулығы әлі де болса сыр беріп жүрген қазақстандық оқушылар қала бермек.
Екінші сценарий – аралас нәтижелілік. Бұл нұсқа бойынша, басшылық тарапынан бастамашылық танытылған жекелеген өңірлерде нақты нәтижелер байқалуы мүмкін. Алайда, ел ауқымында жүйе бұрынғыша инертті әрі формальды күйінде қалуы ықтимал. Бұған, біріншіден, жаппай тәжірибелік іс-қимылдың шынайы үлгісінің жоқтығы себеп болса, екіншіден, жоспарланған іс-шаралар кешенін жүзеге асыру үшін инфрақұрылым мен кадрлардың жетіспеушілігі кедергі келтіреді.
Үшінші сценарий – оптимистік. Бұл нұсқа жүзеге асқан жағдайда, 3-5 жылдан кейін елімізде балалардың аурушаңдығы нақты төмендеп, бұл көрсеткіш шынайы статистикалық деректермен расталатын болады.
Көру қабілеті жақсарған бала саны қанша? Семіздік көрсеткіші төмендеді ме? Әрбір шалғай ауданда стоматолог маманы қолжетімді болды ма? Осы сұрақтарға нақты жауап берілмесе, «Бастау» бағдарламасы шексіз реформалар цикліндегі кезекті атау алмасу болып қала бермек. Біз шенеуніктердің бастамаларына күмәнмен қарауға дағдыланғанбыз, бірақ оң нәтижеден де үміт үзбейміз. Өйткені, шешімін таппаған мәселелердің сыни шегіне жеткеніміз анық. Бәлкім, біз дәл қазір соңғы жиырма жыл бойы күткен өзгерістердің табалдырығында тұрған болармыз.




