Экономист Айдархан Кусаинов өткен аптада кеңінен таралған сұхбаттарынан кейін 2016 жылдың мамырында жарық көрген «Қазақстан экономикасы. Аңыздар мен шындық» атты кітабының тұсаукесерін еске алды. Экономист өз Telegram-арнасында жазғандай, сол кезде айтылған қазақстандық экономиканың мифтары мен шынайылығы арада тоғыз жыл өтсе де, 2025 жылдағы жағдаймен салыстырғанда түбегейлі өзгермеген. Автордың айтуынша, қазіргі экономикалық шындық пен 2016 жылғы ахуал арасында елеулі айырмашылықтар байқалмайды. Сол себепті, бүгінде де отандық экономиканың құрылымдық мәселелері өзектілігін жоғалтпаған.
Күтпеген күйреу
«Соңғы 15 жылда куә болып отырғанымыз – өкінішке қарай, дұрыс емес экономикалық саясаттың салдары. Ең қызығы – үкімет пен мемлекет бұл туралы хабардар. Себебі барлық ресми құжаттарда импортты алмастыру саясаты тығырыққа апарады деп жазылған. Соған қарамастан, іс жүзінде дәл осы саясат жүргізіліп келеді (…). Елдегі экономикаға, оның ахуалына және жалпы жүріп жатқан процестерге қатысты түсінік қатты бұрмаланған. Нәтижесінде осы бұрмаланған жағдай мен қате пайымдар шешім қабылдау кезінде негізге алынып, іске асыру кезеңіне өтеді. Ал біздегі жағдай барған сайын нашарлап барады», – деп мәлімдеді сарапшы 2026 жылғы баяндамасында.
Айдархан Кусаиновтың «Аргументы и факты. Казахстан» басылымына жақында ғана берген сұхбаты:
«Өткен жылы Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының орнына Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары қабылданды. Ол 17 бағытты қамтиды. Бұл құжат бұрынғысынан да ауқымды, әрі амбициялық сипатқа ие. Онда «бірізді реформалардың нәтижесінде азаматтардың өмір сүру сапасын нақты жақсартуға, теңсіздікті жоюға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған сапалы жаңа экономикалық өсу моделіне кезең-кезеңімен көшу жүзеге асады» деп көрсетілген. Жоба жабық жағдайда әзірленіп, сарапшылардың қарауына ұсынылған кезде қатаң сынға ұшырады. Құжатты қайта пысықтауға қайтарып алды, алайда өзгеріс енгізілместен, қосымша талқылаусыз қабылданды. Мәселе — бұл жоспардың іс жүзінде орындалуы мүмкін емес. Сарапшылар, соның ішінде мен де, бір ауыздан: «Құдай сақтасын, егер бұл жоспар жүзеге асса, еліміздің экономикасы, кешіріңіздер, күйрейді», – дедім».
Өзің жаққан отыңды, өзің өшір
2016 жылы кітабының тұсаукесерінде сөйлеген сөзінде экономист Қазақстанда «голландиялық аурудың» бар екенін айтқан болатын. Бұл — жәй белгілер ғана емес, ұзаққа созылған, терең экономикалық дерт.
«Ел экономикасы инвестиция тұрғысынан тартымсыз. Осы тұрғыдан алғанда, рейтингтерді жақсартуға бағытталған жұмыстың аса маңызы жоқ. Егер көлік орнынан қозғалмаса, оның сыртын жылтыратудың, дөңгелектерін тазалаудың еш пайдасы жоқ. Біз инвестициялық тартымдылық туралы айтып, рейтингтерде жоғары орын алу үшін күресіп жатқанда, шын мәнінде “көлігіміз жүрмей тұр”, алайда біз оның сыртын жылтыратып әлекпіз».
Ал қазір Қазақстан экономикасын дамыту жөніндегі үкіметтік сценарийдің спортшымен салыстырылған жаңа мысалын келтіреміз:
Бір адам спортпен айналысуды ұйғарып, дене салмағын 200 кг-ге, ал бұлшықет массасын 50 кг-ге жеткізуді мақсат етеді. Мұндай жағдайда кез келген жаттықтырушы: “Жігітім, сен ауыр дәрежедегі семіздікке тап боласың!” — дер еді». Оның айтуынша, дәл осындай қисынсыз пропорциялар Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында байқалады: сауда мен көлік секторы шектен тыс үлкейіп, жалпы ішкі өнім екі есе өссе де, мұндай экономика «Франкенштейнге» ұқсас, ауру әрі үйлесімсіз күйде болады. «Бұл – жоспар жеке-жеке бағыттар бойынша жасалғанымен, тұтас құжат ретінде келісімсіз және қисынсыз болғанының айғағы», — дейді Кусаинов.
«Еуразия24» редакциясы бұған дейін де Қазақстан мемлекеттік аппаратының жаңа мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық жобалар мен түрлі даму жоспарларын ойлап табуды ертеден келе жатқан әдетке айналдырғанына назар аударған болатын. Мәселен, 1993 жылдан бері тек ауыл шаруашылығы саласының өзінде оннан астам бағдарламалық құжат қабылданғаны белгілі.
Айдархан Кусаинов та осыған ұқсас пікір білдіріп, Қазақстандағы жоспарлау ісінің әлсіз тұстарын атап өтті.
«Бес жыл бұрын мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көштік. Енді міне, бұрынғыға қайта оралғалы отырмыз. Мұндай ауыс-түйістің мәнісі неде, терминдердің ауысып отыруының астарында не жатыр – мұны ешбір шенеунік нақты түсіндіріп бере алмайды. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өзі бастапқы кезеңнен жұмыс істемейтін құрылым. Бірақ бұл жүйеге Үкімет те, қоғам да әбден үйреніп қалған, өйткені қабылданған бағдарламалардың бірде-бірі нақты нәтиже берген емес, ол үшін ешкім жауап та бермейді. Кезекті құжатты бекітудің еш маңызы жоқ – ол бәрібір орындалмайды, орындалуын қадағалап жатқан жан да жоқ», – дейді экономист.
ӨНДІРІС ДАҒДАРЫСЫНА ДЕЙІН БАЙЫП КЕТТІ
«2000 жылдары экономикалық өзгерістерге бет бұрған кезеңде, Қазақстанның басты артықшылығы – өндіріс шығындарының төмендігі болатын. Сол жылдары елде зауыт-фабрика ашу көптеген мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда тиімді еді. 2003 пен 2008 жылдар аралығында сатып алу қабілетінің паритеті бойынша біз өзімізді озық елдер қатарына қосып үлгердік. Доллармен есептегенде кірісіміз шапшаң өсті. Кеудемізді қағып, өзімізге көңіліміз толып, бәрінен оздық деп жүрдік. Бірақ бүгінде өңдеу өнеркәсібіндегі қиындықтарды зерделеп, «бір жерде үнемдеп қалармыз» деу – шындықтан алшақ. Себебі қазір Қазақстанда өндіріс шығыны Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен де, Қытаймен де салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Қанша жерден тиімділікті арттырмақ болсаңыз да, бұл жағдайды өзгерте алмайсыз. 2008 жылға дейін біздің ресейлік тауарлармен де бәсекелесуге шамамыз жететін. Қазір ол артықшылықтан да айырылдық. Ал Ресейдің өндірістік қуаты бізден бірнеше есе ірі екенін ескерсек, біз ең қажет деген стратегиялық мүмкіндікті уысымыздан шығарып алдық. Бұған қоса, мемлекет өз нарығын сыртқы өндірушілерге ашып, оны қорғамайтынын ашық мәлімдеді. Елдің әл-ауқаты артсын, халық доллармен де байысын дедік. Сол үшін теңгені нығайтуды көздедік. Сөйтіп, сырттай бәрі байып жатқандай көрінеді. Ал отандық өндіріс ше? Оның жағдайы мәз емес. Мен бұл әңгімені 2000 жылдан бері айтып келемін», – деді Айдархан Кусаинов 2016 жылы өзінің кітабының тұсаукесерінде.
Сол кездері айтылған сөздер бүгінгі жағдайда тура болжағандай әсер қалдырады.
Экономистің жуырдағы пікірінше, қазіргі экономикалық ахуалда экспорт пен импортты алмастыру саясатын тұншықтырып отырған негізгі фактор – теңгенің шектен тыс нығаюы. Халық үшін мықты теңге – жақсы, импорттаушылар үшін – тіпті тамаша. Себебі сырттан келетін тауар арзан болған сайын, тұтынушы шетелдікін алады, ал отандық өнім шетте қалады.
Егер елде экспортқа қажетті макроэкономикалық алғышарттар қалыптаспаса, «экспортты дамытамыз» деген әңгімелер – бос ұраннан әрі аспайды.
«Әлем елдерінің барлығы ұлттық валютаның әлсіз болғанын қолдайды. Мұны күнделікті тұрғыдағы «әлсіздік» деп түсінбеу керек – ол өндірісті дамыту үшін қажет тетік ретінде қарастырылады. Мысалы, Қытай өз өндірістік әлеуетін әлсіз юань арқылы дамытты, ал экономикалық көшбасшы елдердің қатарына шыққаннан кейін ғана ұлттық валютасын нығайтуға кірісті – шетелден активтер сатып ала бастады, инвестиция құйды. Осылайша юань резервтік валютаға, яғни қаржы құралына айналды. Бізге өзіндік ерекше жол іздеудің қажеті жоқ – бәрі әлдеқашан сыналып, дәлелденген», – деп қорытындылайды сарапшы.
Сынай отырып ұсыныс жаса
Тоғыз жыл бұрынғыдай, квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар экономист Айдархан Кусаинов отандық экономиканың «күйзеліс орбитасынан шығуы» үшін ең алдымен бұған дейін қалыптасқан қағидалар мен ұстанымдарды түбегейлі қайта қарау қажет деп есептейді.
«Атап айтқанда, қазіргі кезде Үкімет екі еселенген ЖІӨ көрсеткішіне жетуді басты мақсат етіп отыр, алайда халық кірісінің төмендеп бара жатқанына назар аударылып жатқан жоқ. Егер осы ұраннан бас тартсақ, экономиканы реформалауды ой елегінен өткізуге кеңістік ашылар еді. Өз ұсыныстарымды мен әлі 2016 жылы жарық көрген екі еңбегімде – «Қазақстан экономикасы: мифтер мен шындық» және «Жаңа экономикалық саясат» атты кітаптарымда баяндадым. Бұл еңбектерде ақша-несие, салық-бюджет, монополияға қарсы саясат, ақпараттық және идеологиялық бағыт, бизнеске қолдау көрсету жолдары қамтылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет жүйесін, мемлекеттік қолдау тетіктері мен даму институттарын қалай өзгертуге болатыны туралы айтылған. Бастысы – рекорд пен ерлікке ұмтылмай-ақ, қалыпты, орнықты, біртіндеп даму қажет. Ол үшін жекелеген қадамдар емес, бүкіл парадигманы түбегейлі қайта қарауға саяси ерік-жігер қажет. Тоғыз жыл бұрын мен ой толғап, қандай қорытындыға келсем, ол бүгінгі елдегі жағдаймен салыстырғанда тіпті де өзекті бола түсті».
Сондай-ақ, ЖІӨ-нің екі еселенуі және 2025 жылы 6%-дан жоғары экономикалық өсім туралы үкіметтік мәлімдемелерге қатысты біз жеке талдамалық материал дайындап жатырмыз. Себебі экономиканың өсуі аясында жұмыссыз қалып, әлеуметтік жәрдемақы алуға мәжбүр болған азаматтардың санының күрт артуы – өте күмәнді және алаңдатарлық жағдай деп санаймыз.
Естеріңізге сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыз қалғандарға төленетін әлеуметтік төлемді алушылар саны 308,4 мың адамды құрағанын мәлімдеді. Оның ішінде 268,6 мың азаматқа төлем осы жылдың ішінде тағайындалған. Бұл – 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш, тіпті COVID-19 кезеңіндегі 2020–2021 жылдардан да асып түскен рекорд.
Бұл екіұшты дерек елдегі экономикалық жағдайдың ресми мәлімдемелермен қаншалықты үйлеспейтінін айқын көрсетеді.




