Евразия24Басты бетШекарадағы идеология: Булавкина көтерген мәселе нені білдіреді?

Шекарадағы идеология: Булавкина көтерген мәселе нені білдіреді?

|

|

Әлеуметтік желілерде Қазақстан шекарасына жақын ауылдарда «көрші елдің» идеологиясы үстемдік етіп отыр деген сенатор Ольга Булавкинаның сөзі айтылған 30 секундтық бейнежазба кең таралды. 

«Мәселе тек интернет пен байланыстың жоқтығында ғана емес. Бұл ауылдарда тіпті қазақстандық телеарналар көрсетілмейді. Тұрғындар толығымен көрші елдің арналарын көруге мәжбүр. Сәйкесінше, олар тұтынатын барлық ақпарат пен идеология — көрші елдікі. Осыған байланысты өз отбасын, баласын сол елге оқуға жіберіп, бағыттайды. Енді сұрақ туындайды: бұл мәселені қалай шешпексіздер? Себебі бұл — бүгін ғана пайда болған мәселе емес», – деді сенатор.

Біз сенатор Ольга Булавкинаның өз сөзінде барлық қазақстандықтарды сапалы байланыс және интернетпен қамтамасыз етуге қатысты маңызды мәселелерді көтергенін аңғардық. Бұл 26 маусымда Сенаттың пленарлық отырысында премьер-министр Олжас Бектеновке жолданған ұжымдық депутаттық сауалдың мазмұнымен өзара байланысты. Құжаттан қысқаша үзінді ұсынамыз.

«Елімізде 7 миллионнан астам азамат ауылдық жерлерде тұрады. Алайда олардың басым бөлігі сапалы интернетке қол жеткізе алмай отыр. Бүгінде 6 256 ауылдың тек 2 045-інде ғана 4G желісі бар, бұл — небәрі 33 пайыз. Ал 2 813 ауыл 3G желісімен қамтылған (45%). Сонымен қатар, ескірген 2G байланысы да есепке алынып отыр. Бұдан бөлек, 1 049 ауылда тұрақты интернет мүлде жоқ. (Жалпы алғанда, кеңжолақты интернетке 4 858 ауыл қосылған (77,6%).  Алайда 3 610 ауылға әлі күнге дейін оптикалық-талшықты интернет желісі тартылмаған, бұл ауылдардың 58,4 пайызына тең. 2023–2027 жылдарға арналған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бар болғаны 1,5 миллиард теңге бөлуді көздейді. Ал «Қазахтелеком» АҚ 2025–2027 жылдарға арналған инвестициялық жоба аясында 3 039 елді мекен мен 5 650 мемлекеттік мекемеге жоғары жылдамдықтағы интернет тартуды жоспарлаған. Бұл мақсатқа 239 миллиард теңге қажет болғанымен, тиісті қаржы қарастырылмаған. Жобаның жалпы құны – 239 миллиард теңге, алайда бұл қаржы нақты бюджетке қарастырылмаған. Керісінше, соңғы үш жылда байланыс операторларының инвестициялары азайып келеді: 2020 жылы 136 млрд теңге бағытталса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 76 млрд теңгеге дейін төмендеген.»

Иә, бұл жерде мәселе телехабар тарату емес, интернетке қатысты. Алайда депутаттар өздері де цифрландыру мен интернетке қолжетімділік еліміздің барлық өңірлерін ойдағыдай қамтып жатқан жоқ екенін мойындайды.

Мәселе тек интернетпен шектелмейді — дәл осындай жағдай телехабар таратуда да байқалады. Егер қандай да бір объективті себептерге байланысты белгілі бір аймақта қазақстандық телеарналар көрсетілмесе, көрермен ақпараттық вакуумды сырттан толтырады. Бұл — шын мәнінде күрделі мәселе. Себебі мұндай жағдайда адамдар ұлттық ақпараттық күн тәртібінен тыс қалып, ресми әрі сенімді дереккөздерге жүгінбейді. Сондықтан, біздіңше, Сенат депутаттары ең алдымен шалғай ауылдарда қазақстандық телевизияның не себепті қолжетімсіз екеніне назар аударуы қажет. Оның үстіне, бұл мәселені көтеруге оларда нақты тетіктер бар — соның бірі депутаттық сауал жолдау құқығы.

Ольга Булавкина өз сөзінде «көрші елдің» атауын нақтыламағанын айта кетейік. Қазақстан бірнеше мемлекетпен шекаралас болғандықтан, бұл тұста қай елдің телемазмұны жайлы айтылғанын дөп басу мүмкін емес. Тағы бір қызық жайт – сенатордың сөзіне қатысқан өзге спикерлер бұл мәселені нақтыламады, тіпті қажет деп таппағандай әсер қалды. Десе де, Булавкинаның мәлімдемесін бұқаралық ақпарат құралдары кеңінен таратып үлгерді.

Іnbusiness.kz порталының жазуынша, дөңгелек үстелге қатысушылар сенатор Ольга Булавкинаның айтқан көрші елі ретінде стратегиялық серіктес – Ресей Федерациясын меңзегенін болжады. Бұл тұжырым Шығыс Қазақстан облысындағы шекаралық аудандарда ресейлік арналардың бұрыннан қолжетімді екендігіне негізделген.

Ulysmedia.kz порталы: «Бұл — Ресей Федерациясымен шекаралас Бородулиха ауданының елді мекендері еді», — деп Булавкинаның ауылдарды интернетпен қамтамасыз етуге арналған отырыста айтқан нақты сөзін келтірді. 

Біз Шығыс Қазақстан облысындағы Ресеймен шекаралас орналасқан Катонқарағай ауданының Коробиха ауылындағы жағдайды нақтылау мақсатында: қазақстандық телеарна мен интернеттің қолжетімділігі мәселесі рас па, жоқ па — деген сұрақпен тұрғындарға жүгіндік. «Бізде телемұнаралар орнатылғанына біраз болды. Қазір «Отау ТВ» арқылы «Хабар», «Қазақстан», «Мир», «Еуразия Қазақстан» арналары еркін көрсетеді. Интернетпен де ешқандай мәселе жоқ. Иә, кейбір адамдар ресейлік арналар көрсететін спутниктік антенналар орнатып алған, бірақ көпшілігі бәрібір қазақстандық телеарналарды көреді», – дейді Коробиха ауылының тұрғындары. 

Сенатта Шығыс Қазақстан облысының атынан өкілдік ететін Ольга Булавкинада өзге мәліметтер болуы ықтимал. Алайда бұл жағдайда мәселені байланыс және ақпарат саласына жауапты министрліктер деңгейінде қарау қисынды болар еді.

2018 жылы, яғни 7 жыл бұрын, ұлттық телерадио таратушы «Қазтелерадио» АҚ Қазақстанның барлық аумағы «Отау ТВ» арқылы спутниктік телехабармен 100 пайыз қамтылғанын мәлімдеді.

«Қазақтелеком», Alma TV сияқты ірі қазақстандық ақылы телехабар таратушылардың көпшілігі өз пакеттеріне дәстүрлі түрде Ресейдің негізгі федералдық арналарының топтамасын қосады. Демек, шекара маңындағы ауыл тұрғындары әдейі спутниктік антенналар орнатып, арнайы бір идеологияны қабылдауға тырысып жатыр деу орынсыз. Қазақстанда шетелдік телеарналардың көрсетіліміне ресми түрде тыйым салынбаған. Дегенмен, кейде ресейлік контентке қарсы сындар айтылып жатады.

Еске сала кетейік, 2022 жылғы наурызда Қазақстанда ресейлік телеарналардың көрсетілімін тоқтату туралы петиция жарияланған еді. Алайда ол қажетті дауыс санын жинай алмады, сол себепті бұл мәселе үкімет деңгейінде қаралған жоқ.

Одан бөлек, 2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева Қазақстан аумағында ресейлік арналардың хабар таратуын тоқтату мүмкіндігіне қатысты нақты жауап берді: «Бұл – нарық. Сұраныс ұсынысты қалыптастырады. Біз өзімізді оқшаулай алмаймыз. Оның үстіне, өздеріңіз де қазақстандық қана емес, шетелдік контентке қызығушылық танытып, талқылап жатасыздар. Нарық еркін дамуы тиіс, оны шектеуге біздің құқымыз жоқ», – деді министр.

Мәдениет және ақпарат министрі бұл пікірінен бас тартқан емес және үнемі ұлттық контент пен креативті индустрияны дамыту қажеттігін үнемі айтып отырады. Осы тұрғыдан алғанда, сенатор Ольга Булавкинаның соңғы мәлімдемесі министрдің ұстанымына қайшы келетіндей әсер қалдырады. Оның мақсаты не болғаны әзірге түсініксіз.

Сенатордың сөзі – тек эфир кеңістігі мәселесіне назар аудартқысы келген әрекет болуы мүмкін. Бірақ саясаткерлер мұндай тақырыптарды, әсіресе Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасқа қатысты, абайлап көтеруі тиіс. Ал қазақстандық жастардың шетелде оқу таңдауы – бөлек, терең қарастырылуға тиіс мәселе.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Поделиться:

Читать далее:
Related

Ауғанстанмен ынтымақтастық: экономикадан – дипломатияға

Кездесу барысында сауда-экономикалық, транзиттік және аграрлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары, сондай-ақ геологиялық барлау мен цифрландыру бағыттарындағы өзара іс-қимыл мүмкіндіктері талқыланды.

Ақпараттық дағдарыс: Ұлттық қор жайлы не білмейміз?

2015 жылғы 16 қарашада Кеңестің құзыретіне Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін басқару мәселелері бойынша Президентке ұсыныстар әзірлеу функциясы да енгізілген болатын. Биыл 4 шілдеде Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл консультативтік-кеңесші органның жұмысына қатысты жаңа ереже бекітілді.

Баға өсімі тоқтамайды: банк те, халық та қысымда

Марина Гричиктің айтуынша, инфляцияны 7–9% дәлізіне түсіру үшін ақша-кредит саясаты қатаң күйінде сақталады. Екінші тоқсанда өсім 0,6%-ға баяулағанымен, базалық мөлшерлеме жыл соңына дейін жоғары деңгейде болады.

Энергетикадағы есепсіз миллиардтар

Энергетика саласындағы аудит – қажетті әрі маңызды іс. Алайда мәселенің түпкі мәні мынада: бұл сала мемлекеттік тарифтік реттеуге бағынғанымен, тарифтік қаражаттың нақты қалай жұмсалатынына жүйелі бақылау жоқ.