17 қаңтарда ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесін реформалау басталғанын мәлімдеді. Мемлекет бюджет қаражатының тиімділігі мен жұмсалуының объективтілігін қатаң сүзгіден өткізбестен жеке сектормен жұмыс істеу тәжірибесінен бас тартады. Іс жүзінде, алғаш рет жұмсақ реттеу тетіктері білім беру мен медицинадағы мемлекеттік тапсырысты бюджет қаражаты есебінен пайда табудың қолайлы тетігіне айналдырғанын, жаппай жүйелік теріс пайдалануларға жол берілген. Сондай ақ әлеуметтік мәселелерді шешуде ілгерілеушілік болмағанын мойындады. Бюджеттік дағдарыс кезеңінде бұлай болуы қисынды. Алайда мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделін қайта құрудың белгілі бір салдарлары болатыны сөзсіз.
МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ
«Соңғы 8 жылда жекеменшік мектептердің саны шамамен 7 есеге артып, бүгінде 785 білім беру ұйымын құрап отыр. Соған сәйкес мемлекеттік бюджетке түсетін жүктеме де айтарлықтай өсті. Шығындар 2020 жылғы 13 млрд теңгеден 2025 жылы 242 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ал 2020–2025 жылдар аралығындағы инвестициялық шығындардың өзі 111 млрд теңгені құрады, бұл 35 жаңа мектеп салуға кететін шығынмен шамалас. Алайда негізгі мақсатқа қол жеткізілген жоқ – оқушы орындарының тапшылығы өсуін жалғастырып, 2025 жылы 251 мың орынды құрады. Бұл көрсеткіш облыстық маңызы бар қала халқының санына тең», – дейді Аида Балаева.
Мемлекеттің білім беру саласындағы жекеменшік серіктестеріне көптеген жылдар бойы сөзсіз сенім артуының салдарынан:
- жекеменшік мектептердің саны айтарлықтай көбейгенімен, білім беру сапасының жақсаруы қамтамасыз етілмеді;
• білім беру ұйымдары өңірлердің нақты сұранысы мен демографиялық ахуалы ескерілместен ашылған;
• мектептердің басым бөлігі (80%) өз меншігіндегі емес, жалға алынған ғимараттарда орналасқан;
• аталған мектептерді басқаруға кәсіби іріктеусіз, тиісті тәжірибесі жоқ тұлғалар тартылған.
Аида Балаева білім беру ұйымдарын цифрландыру және оларды бюджеттік жоспарлау жүйесімен үйлестіру аяқталғаннан кейін, қаржыландырудың жаңа тетігін пилоттық форматта іске қосу көзделіп отырғанын хабарлады. Бірінші кезекте, жаңа ашылған мектептерге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды уақытша шектеу мәселесі қаралуда. Екіншіден, жекеменшік сектор үшін мемлекеттік тапсырыс тетігін қолданбай, тек бюджет есебінен инвестициялық шығындарды өтеу форматын сақтау ықтималдығы бар. Үшіншіден, мемлекет ірі мегаполистердегі нысандарды қоспағанда, студенттік жатақханаларды қаржыландыруды уақытша тоқтату немесе қолданыстағы қаржыландыру шарттарын қайта қарау мүмкіндігін қарастырып отыр.
Медицина саласын да елеулі өзгерістер күтіп тұр.
«Жекеменшік ұйымдардың медициналық қызмет көрсету саласындағы қызметін ретке келтіру мақсатында, азаматтардан келіп түскен өтініштерді ескере отырып, Үкімет Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) қаражаты есебінен медициналық ұйымдарды қаржыландыру тетіктеріне талдау жүргізуде. Қазақстанда 20 миллионнан астам адам алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 698 ұйымға тіркелген, олардың 336-сы немесе 48 пайызы — жекеменшік ұйымдар. Бұл ретте жекеменшік ұйымдарға тіркелген халық саны 5,6 миллион адамды немесе ел халқының 28 пайызын құрайды. 2020 жылдан бері алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін жекеменшік ұйымдардың саны 215-тен 336-ға дейін артты, ал оларға тіркелген азаматтар саны 3 миллионнан 5,6 миллион адамға дейін өсті», — делінген Премьер-министрдің орынбасарының мәлімдемесінде.
Денсаулық сақтау саласындағы қолданыста болған мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігінің кемшіліктерін атап өтпестен бұрын, Аида Балаева 2027 жылы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қаржыландыруды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшіру жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұл шешім, іс жүзінде, мемлекеттік те, жекеменшік те емханаларды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында мемлекет тарапынан бөлінетін нысаналы жарналардан ажыратуды көздейді.
Аида Балаеваның мәлімдемесінен тура бір күн бұрын Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне жүргізілген талдау нәтижелерін Үкімет мүшелеріне ұсынды. Талдау барысында жатыр мойны бар 700 мыңнан астам қазақстандық ер адам тіркелгені, сондай-ақ қайтыс болғанына қарамастан емханаларға «баруын жалғастырған» жүздеген азамат анықталған.
Алайда Қаржы министрінің баяндамасында келтірілген деректермен мәселе шектелмей, әлеуметтік салаға жауапты Премьер-министрдің орынбасары бірқатар қосымша жайттарды атап өтті:
• жекеменшік емханалар мен оларға тіркелген халық саны артқанымен, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы тиісінше жақсарған жоқ;
• бір қызметтің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы да, ерікті медициналық сақтандыру аясында да қатар қаржыландырылған жағдайлары анықталды;
• қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы, сондай-ақ лицензиясыз, сертификатсыз және қажетті материалдық-техникалық база болмай тұрып қызмет көрсету фактілері тіркелді.
Осылайша, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын Денсаулық сақтау министрлігінен Қаржы министрлігінің құзырына беру реформамен шектелмей, денсаулық сақтау жүйесін өзге де өзгерістер күтіп тұр.
Атап айтқанда, медициналық көмекті жоспарлау халықтың нақты қажеттіліктеріне, демографиялық көрсеткіштерге және көші-қон үдерістеріне негізделмек. Бұл ретте жүйеде белсенділігі жоқ пациенттер қаржыландыру есебінен шығарылатын болады. Алайда бұл тәсілге қатысты заңды сұрақтар туындайды: егер адам күтпеген жерден ауырып қалса не болады? Бұған дейін дені сау болып, медициналық көмекке жүгінбеген азамат «пассивті» ретінде жүйеден шығарылып, кейін көмекке мұқтаж болған жағдайда қандай тетік қолданылмақ? Жалпы алғанда, медициналық көмекті жоспарлау әрдайым белгілі бір артық қорды көздейді, себебі аурулардың қашан және қалай пайда болатынын дәл есептеу әлі мүмкін емес.
Сонымен қатар, мемлекет халықты медициналық ұйымдарға тіркеу талаптарын күшейтіп, қуаты төмен емханаларды біріктіруді жоспарлап отыр. Бұл ретте қаржылық ағындар мемлекеттік медициналық ұйымдарға және тиімділігі жоғары жекеменшік клиникаларға қайта бағытталмақ.
«Қосарланған қаржыландыру мен жалған көрсеткіштерді болдырмау үшін денсаулық сақтау саласында кешенді цифрлық бақылау енгізіледі. Бұл барлық медициналық және қаржылық ақпараттық жүйелерді бір арнаға тоғыстыруды, ерікті медициналық сақтандыру шарттарын есепке алуды, сондай-ақ көрсетілген қызметтің фактін пациенттің өзі мобильді қосымшалар арқылы растауын міндеттеуді қамтиды. Аталған шаралар нақты көрсетілмеген қызметтер үшін төлем жасау тәуекелін жойып, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Сонымен бірге медициналық қызмет сапасын бақылау тетіктері күшейтіліп, жасанды интеллект элементтері қолданылатын тәуекелге негізделген қадағалау моделі енгізіледі. Лицензиядан кейінгі бақылау толық цифрлық форматқа көшіріліп, медициналық қызметті лицензиялау талаптары мен оны көрсету стандарттары қатаңдатылады. Бұдан бөлек, ұлттық сапа институтын құруды көздейтін медициналық қызмет сапасын бағалаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі қалыптастырылады», — деп түйіндеді Аида Балаева.
РЕФОРМАНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН КЕМШІЛІКТЕРІ
Қалай қарасаңыз да, мемлекеттік аппаратта жинақталған түйткілдердің шегі жеткені аңғарылады. Ел халқының саны өсіп, мектептер мен ауруханалардың айқын жетіспейтіні белгілі болғандықтан, билік (әлемдік тәжірибеге сай) әлеуметтік міндеттердің бір бөлігін бизнеске жүктеді. Алайда жекеменшік сектор мемлекет көрсеткен сенімді теріс пайдаланды. Нәтижесінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік нақты жоспарлаудан тыс қалып, бюджет қаражаты нақты мәселелерді шешуге емес, олардың бар екенін формалды түрде «жабуға» жұмсалды. Осы тұрғыдан алғанда, медицина мен білім беру салаларында мемлекеттік тапсырысты уақытша тоқтату арқылы МЖӘ жобаларын іріктеу — нарыққа берілген айқын белгі: бюджет қаражатына сүйенген бұрынғы кезең аяқталды.
Соңғы мәлімдемелер арқылы Үкімет стратегиялық жоспарлау рөлін өзіне қайта алып отыр. Бұл мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің үлесі жоғары болған жағдайда да мемлекеттің негізгі функциясы болып қалуға тиіс еді. Әділдік үшін айта кету керек, соңғы тексерулер барысында анықталған заңбұзушылықтар мен теріс пайдаланулар ұзақ уақыт бойы назардан тыс қалған немесе мемлекет нарықтың өзін-өзі реттеуін күткен пассивті ұстанымда болған.
Осы тұрғыдан алғанда, Үкіметтің инвестициялық қолдауды сақтай отырып, кепілдендірілген мемлекеттік тапсырыстан бас тарту жөніндегі жоспары мемлекеттік-жекешелік әріптестік моделін сауықтыруға бағытталған маңызды қадам ретінде көрінеді. Мемлекет білім беру мен денсаулық сақтау салаларында бизнестің «әдепкі негізгі тұтынушысы» болу тәжірибесінен бас тартып отыр. Бұл өз кезегінде жекеменшік секторды инвестиция салуға, нарықтық басқару жүйесін қалыптастыруға және көрсетілетін қызметтерге деген сұраныс тәуекелін өз мойнына алуға ынталандырады.
Сонымен қатар, әлеуметтік саясаттағы мұндай көзқарастың өзгеруі әлсіз тұстардан да ада емес. Реформаны іске асыру барысында Үкімет бұл тәуекелдерді де ескереді деген үміт бар.
Біріншіден, жан басына шаққандағы қаржыландыруды күрт қысқарту — іс жүзінде ойын ережелерін өзгерту болып табылады. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында дәл осы қаржыландыру тетігіне сүйеніп құрылған бизнес-модельдер Аида Балаева реформалар туралы мәлімдеген сәттен бастап-ақ өміршеңдігін жоғалта бастады. Мұндай жағдайда сот дауларының туындауы, жобалардың тоқтап қалуы, сондай-ақ қаржылық тұрғыдан әлсіз, бірақ адал мемлекеттік-жекешелік әріптестік қатысушыларының нарықтан кету қаупін де жоққа шығаруға болмайды.
Екіншіден, мемлекеттік әлеуметтік инфрақұрылымға шамадан тыс жүктеме түсу қаупі бар. Егер Үкімет жекеменшік сектордың қаржылық мүмкіндіктерін шектеп, сонымен қатар білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы мемлекеттік нысандардың әлеуетін кеңейтпесе, бұрыннан белгілі мәселелер қайта туындауы мүмкін. Бұл — емханалардағы кезектер мен шамадан тыс жүктелген мектептер. Ал мұның соңы әлеуметтік наразылыққа әкелуі ықтимал.
Үшіншіден, цифрландыру кез келген жағдайда әмбебап шешім бола алмайды. Бұған қоса, әлеуметтік салаларды бақылау үшін қолданылуы жоспарланып отырған жасанды интеллект тиісті түрде реттелмеген жағдайда мәселелерді талдау құралына емес, жаңа бюрократиялық кедергіге айналып кету қаупі бар.
Соңында, төртіншіден, Үкімет жарияланған реформаның барлық жауапкершілікті толығымен мемлекеттің өзіне жүктейтінін түсінуі қажет. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жекеменшік сектордың қатысуы елеулі түрде шектелген жағдайда, алдағы сәтсіздіктер үшін бизнесті жауапты ету мүмкін болмайды.




