Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенген саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың жазуынша, 2025 жылдың екінші тоқсанында халықтың жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың үлесі 5,1 пайызды құраған. Ең жоғары көрсеткіш Түркістан облысында – 9%, Жетісу облысында – 7,8%, Абай облысында – 7,7%, Ұлытау облысында – 6,5%, ал Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласында – 5,4%. «Оңтүстік өңірлер дәстүрлі түрде табысы төмен аймақтар қатарында қалып отыр, бірақ енді бұл тізімге жаңадан құрылған облыстар да қосылды», – дейді сарапшы. Осы ретте Алматыда сарапшылар қауымдастығы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесу өткізді. Сол талқылау барысында да елдің әлеуметтік ахуалына қатысты бірқатар маңызды байқаулар мен пікірлер айтылды.
РЕФОРМАЛАР КЕЗЕҢІ
Алдымен Сенаттың ресми хабарламасына назар аударайық.
Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қаласына жұмыс сапары барысында сарапшылар қауымдастығы мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшысының жаңғырту саясатын іске асыру жөніндегі міндеттер және экономикалық, саяси, әлеуметтік салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ сенаторлар Абай атындағы ұлттық мектептің құрылысы мен жабдықталу барысымен танысып, өткізілген кездесулер аясында елімізде бочча спортын дамыту перспективаларын қарастырды, – деп хабарлайды Сенат баспасөз қызметі.
Сарапшылар қауымдастығы өкілдерін қарсы алған Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен елде ауқымды жаңғыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді тиімді орындау үшін мемлекеттік органдар мен сараптамалық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру қажет. Мұндай өзара іс-қимыл елдің сапалы экономикалық дамуына және парламенттік қызметті жетілдіруге серпін беруге тиіс», — делінген хабарламада.
Бұл жолы Сенаттың есебінен ширақтық та, өткір үн де байқалмады. Ал негізінде министрлер қатысқан парламенттік отырыстарда сенаторлар айтар ойымен де, қызу талқысымен де залдың назарын өзіне аудара алатын еді. Бірақ бұл жолы басқаша болды.
САЯСАТТЫҢ ҚАРҚЫНЫНА ІЛЕСЕ АЛМАҒАН ЭКОНОМИКА
Әшімбаевпен кездескен сарапшылар өз ойларын бүкпесіз ортаға салды. Сол пікірлердің ішінде экономист Айдархан Құсайыновтың көзқарасы бізге ерекше жақын. Өйткені елдегі экономикалық өсім халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға әрдайым сай келмейтіні туралы біз бұған дейін де бірнеше рет жазғанбыз. Енді экономист Сенат спикеріне жеткізген негізгі тұжырымдарға қысқаша тоқталайық.
«Елдегі саяси және экономикалық реформалардың ауқымы арасында айтарлықтай алшақтық бар. Мемлекет саяси жүйені түбегейлі жаңартуға дайын, Конституция мен негізгі заңдарға ауқымды өзгерістер енгізуді де оңай жүзеге асырып келеді. Ал экономикалық саясатта нақты бетбұрыс жоқ — бәрі бұрынғы үлгімен қайталануда: индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, бизнесті қолдауды кеңейту, “инвестицияға айырбас – тариф” қағидаты. Алайда елде болған әлеуметтік толқулар мен Қаңтар оқиғасы саяси реформаларды емес, ең алдымен экономикалық талаптарды алға шығарған еді», – деп жазды сарапшы.
Сарапшы билік пен қоғам арасындағы өзара байланыс пен түсіністіктің айтарлықтай әлсірегенін де атап өтті.
«Халықтың әл-ауқаты, табыс пен жалақы өсімі секілді тақырыптар қоғамдық күн тәртібінен мүлде жоғалып кетті. Бұл мәселелер енді ашық айтылмайды — себеп те белгілі. Соның өзінде адамдардан ақылдылық, жауапкершілік, дербестік пен белсенділік талап етіледі. Ал керісінше, қоғамдық талқылауда әлеуметтік масылдық, жәрдемақыны теріс пайдалану, қаржылық сауатсыздық, отбасындағы келіспеушілік, зиянды әдеттер сияқты «әлеуметтік кеселдер» жиі көтеріліп, тұтынуға шектеу қою, айыппұл мен жаза шаралары алдыңғы қатарға шығып отыр. Нәтижесінде қоғамға бейсаналы түрде халықтың өз бетінше шешім қабылдай алмайтын, жауапсыз әрі енжар бейнесі сіңіріліп жатыр», – дейді Айдархан Құсайынов.
Біздің ойымызша, мұнда жауап әрі «иә», әрі «жоқ».
Біріншіден, халық табысының төмендегенін Ұлттық банк өзі де мойындады. Мәселен, 2025 жылғы 10 қазанда жарияланған базалық мөлшерлеме жөніндегі шешімнің талқылау қорытындысында тура былай делінген:
«Комитет мүшелері нақты табыстың төмендеуі жағдайында халықтың тұтыну деңгейін ұстап тұру және ірі сатып алуларды қаржыландыру үшін жинақталған қаражатты жиі пайдалана бастағанына алаңдаушылық білдірді. Мұны сауалнама нәтижелері мен халықтың депозиттерінің динамикасы да растайды — биыл шілде–тамыз айларында депозиттерге ақша құю қарқыны баяулаған».
Сондай-ақ 10 қазанда базалық мөлшерлеме жөнінде жасаған ресми мәлімдемесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов те бұл мәселеге назар аударған еді: «Инфляция қазіргі уақытта мемлекеттік саясаттың ең өзекті тақырыптарының бірі болып отыр. Экономиканың жылдам өсу жағдайында инфляцияның үдеуі халықтың нақты табысының құнсыздануына әкеледі. Өкінішке қарай, нақты табыс төмендеу үстінде, ал нақты жалақы деңгейі тұрақтап қалды. Шілде айында соңғы екі жарым жыл ішіндегі нақты табыстың ең үлкен қысқаруы тіркелді. Әрине, бұл үрдіс жоғары инфляция аясында қалыптасып отыр», – деді ол.
Қыркүйек айында Мәжілісте сөйлеген сөзінде Светлана Жақыпова елімізде айына 85 мың теңге немесе одан аз табысқа күнелтіп отырған халық саны 1 миллионнан асатынын айтқан еді. Бұл, әрине, жан басына шаққандағы 46 228 теңгелік ең төменгі күнкөріс деңгейінен сәл жоғары, бірақ бәрібір де — елдегі әр оныншы азаматтың жағдайы осындай деген сөз. Ал бұл көрсеткіш еліміздің соңғы 14 жылдағы ең жоғары экономикалық өсім тіркелген 2025 жылы болып отыр. Сондықтан Айдархан Құсайыновтың айтқандарымен толық келісеміз.
БАЙЛАРҒА – БАЙЛЫҚ, КЕДЕЙЛЕРГЕ – КЕДЕЙЛІК
«Экономикалық саясаттағы жалғыз өзгеріс – жаңа Салық кодексінің енгізілуі. Бұл құжат ірі (корпоративтік) бизнес үшін бейтарап сипатқа ие, бірақ халық пен шағын бизнеске айтарлықтай салмақ түсіреді. Ал шағын бизнес дегеніміз – халықтың өзі. Осыған байланысты мынадай риторика қалыптасып отыр: «Қиын екенін білеміз, бірақ шыдау керек, өйткені корпоративтік бизнесті қолдау үшін 8 трлн теңге табуымыз қажет!» Нәтижесінде ірі жобалар мен инфрақұрылымдық инвестициялар корпоративтік сектордың еншісіне бұйырады», – деп 2026 жылдан кейінгі экономикалық ахуалдың болашағын экономист осылай сипаттады.
Сондай-ақ ол сенат спикеріне юылай деді: «Экономикалық саясаттағы басты өзгеріс мынада – бұрын корпоративтік сектор мен ірі бизнеске қаржы Ұлттық қордан бөлініп, оның аз бөлігі ғана халыққа тиетін еді. Ал енді, керісінше, қаржы халықтан алынып, ірі бизнеске бағытталып отыр. Мұны адамдар толық түсінбесе де, сезіп отыр».
Мұны Үкімет те жақсы түсініп отыр деп ойлаймыз. Себебі Мемлекет басшысы 16 қазанда Олжас Бектеновке үш күн ішінде дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеуді тапсырғаннан кейін, бірқатар жедел шаралар топтамасы ұсынылды. Алайда бұл жолы да басты екпін халықтың ең өзекті мәселесін — лайықты еңбекақы мен тұрақты жұмыспен қамтуды шешуге емес, уақытша жеңілдіктер мен үстірт «жақсылықтарға» жасалған сияқты.
«АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын инфляция деңгейі тұрақтанғанға дейін көтеруге тыйым салу» халықтың табысын қалай арттыра алады? Немесе «тұтынушылардың барлық санаттары үшін коммуналдық тарифтерді 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін уақытша тоқтату» ше? Ал жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды кеңейту ше? Мұндай шаралар, әрине, азаматтардың табысының одан әрі төмендеуіне жол бермейді, бірақ олардың өсуіне де нақты серпін бере алмайтыны анық.
Біз бұған дейін  жариялаған ауқымды материалда Қазақстан азаматтарының шамамен 70 пайызы шағын және орта бизнес секторында еңбек ететіні туралы жазған едік. Бұл негізінен несиелік жүктемесі жоғары, қызметкерлердің еңбекақысын өсіруге қаржылық мүмкіндігі жоқ шағын кәсіпорындар.
Елдегі орташа номиналды жалақының өсуі, шын мәнінде, «орташа температура» көрсеткіші іспетті – ол көбіне бюджет саласында жұмыс істейтін дәрігерлердің, мұғалімдердің және мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын арттыру есебінен ғана өсіп отыр. Ал коммерциялық секторда инфляция деңгейіне сәйкес индексациялау немесе еңбекақыны қайта қарау сияқты шаралар мүлде жүргізілмейді.
Мысалы, 2025 жылы ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттен 1 триллион теңгеден астам көлемде рекордтық қолдау алды. Логика бойынша, бұл көмек жалпы сала субъектілерінің ғана емес, ондағы қарапайым еңбеккерлердің де жағдайын жақсартуға тиіс еді. Алайда нәтиже басқа: фермерлердің жалақысы ел бойынша ең төмен деңгейлердің бірі болып қалды — 2025 жылдың екінші тоқсаны қорытындысы бойынша орташа есеппен 310,7 мың теңге. Одан төмен еңбекақы тек өнер, ойын-сауық және демалыс саласының қызметкерлерінде – шамамен 300 мың теңге шамасында. Ал егер осындай табыспен төрт адамнан тұратын отбасы күн көріп отыр десе, олардың өмір сүру деңгейі ең төменгі күнкөріс шегіне жақын екені айқын аңғарылады.
Сондықтан да Астанадан келіп жатқан «елдің ЖІӨ өсімі», «ірі бизнеске ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін миллиардтаған теңге бөлінеді» деген жаңалықтар табысы төмен халықтың бір бөлігі үшін барған сайын ашу-ыза мен күйзеліс тудыратын ақпаратқа айналып отыр. Айдархан Құсайынов сенат спикеріне жеткізбек болған негізгі ой да, шын мәнінде, осы еді.
Мүмкін, парламент өкілдері бұл әлеуметтік теңсіздіктің және қоғамдағы тұрақсыздықтың терең себептерін жақсы түсініп отырған шығар. Сарапшылармен пікір алмасудың өзі – алға қарай жасалған бір қадам деуге болады.
Әрине, бұдан әрі не боларын уақыт көрсетеді.




