Олимпиада чемпионы, Qazaq Aquatics федерациясының бас хатшысы Дмитрий Баландин Үкімет отырысында жүзуді мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды және 2026 жылы Алматы мен Астанада пилоттық жоба басталатынын хабарлады. Бұл – денсаулыққа зор пайдасы бар тамаша бастама. Алайда, қазақстандық жағдайды ескерсек, оның жүзеге асу ықтималдығы өте төмен. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елде 3,9 миллионнан астам оқушы бар. Пилоттық жоба сәтті жүзеге асқан күннің өзінде, барлық оқушыны қамтуға елімізде жеткілікті бассейн мен білікті жаттықтырушы табыла ма деген заңды сұрақ туындайды.
Тілек пен мүмкіндік сай емес
Әуелі бастаманың өзінен бастайық. Дмитрий Баландиннің айтуынша, Білім министрлігімен бірлесіп жүзу сабағын мектеп бағдарламасына енгізу жөнінде жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Бұл бастама АҚШ, Австралия және Венгрия сияқты елдердің тәжірибесіне негізделген. Олар мектеп жүйесінде балаларды жүзуге міндетті түрде үйрету бағдарламасын сәтті енгізіп келеді. Жобаны жүзеге асыру арқылы балаларға ерте жастан бастап судағы қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға және спортты салауатты өмір салтының бір бөлігі ретінде дәріптеуге мүмкіндік туады», – деді Олимпиада чемпионы.
Міне, осы тұста, біраз қиындықтар басталады. Үкіметтің хабарламасында мектептердегі бассейндердің саны туралы нақты дерек келтірілмеген. Ал жаңа пәнді оқу бағдарламасына енгізу мәселесі қозғалған соң, бұл жайт міндетті түрде ескерілуі тиіс еді. Әйтпесе, суды қайда толтырамыз? Спорт залға құюға болмайды ғой.
Сонымен қатар үкіметтің мәліметінше, ел аумағында 360-тан астам бассейн бар, оның ішінде 35-і – ұзындығы 50 метрлік олимпиадалық стандарттағы нысандар. Су спортымен 135 мыңнан астам адам айналысады, оларға 900-ден аса білікті жаттықтырушы сабақ береді.
Енді Үкімет келтірген деректерге сүйеніп көрейік. Қарапайым есеп: елдегі әр бассейнге шамамен 10,8 мың оқушыдан келеді. Егер жүзу сабағы аптасына бір рет өтеді деп есептесек, бес күндік оқу аптасында күніне 2 мыңнан аса баланы қамту қажет. Мектеп күні таңғы сегізден кешкі сегізге дейін, яғни 12 сағат жұмыс істейді делік. Бұл жағдайда әр сағат сайын жүзу сабағына 180 бала кіруі тиіс болады. Тіпті 9 жолақты бассейнге әр жолаққа 20 баладан кезекпен түссе де, мұндай кестені тек қағаз жүзінде ғана іске асыруға болар. Бірақ ең басты сұрақ – мұндай жағдайда балалардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі? Оның үстіне, бір сабақтың ұзақтығы 45 минут екенін ескерсек, осынша баланы шектеулі уақытта неге, қалай үйретуге болады?
Осы тәсілмен елдегі білікті жаттықтырушылар санына шаққандағы оқушылардың жүктемесін де есептеуге болады. Өйткені Үкіметтің хабарламасында мектептерде жұмыс істейтін барлық дене шынықтыру мұғалімдері туралы айтылмаған. Оның үстіне, әрбір мұғалім жүзу маманы бола бермейді. Жоғары оқу орындарында дене тәрбиесі мамандығына арналған мемлекеттік оқу бағдарламасы бар, ал оның ішінде жүзуге қатысты арнайы пәндер жеке қарастырылған. Сондықтан жүзу бойынша нақты дайындықтан өткен мұғалімдердің саны республика бойынша қанша екені – ашық дереккөздерде көрсетілмеген. Дегенмен, кем дегенде пилоттық жоба іске асатын Алматы мен Астанада балалардың жүзу сабағына жүзуден арнайы даярлықтан өткен педагогтардың жетекшілік еткені жөн болар еді. Себебі бұл – жай ғана дене шынықтыру сабағы емес, суда өтетін, денсаулық пен өмір қауіпсіздігі тікелей тәуелді сабақ түрі.
ЖАЙЛЫ МЕКТЕП
Алғашқы шартты есептеріміз Үкіметтің ресми ақпаратына сүйене отырып жасалған еді. Дегенмен, біз елде белсенді жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын ескере қойған жоқпыз. Алайда әрқайсысы бірнеше миллиард теңгеге бағаланатын бұл нысандарда бассейннің міндетті түрде болуы көзделмеген. Мәселен, ұлттық жобаның операторы – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы «жайлы мектептердің» нақ қандай артықшылықтарға ие екені туралы сауалға жауап берген болатын . Алайда ол жерде бассейн туралы ешқандай мәлімет келтірілмеген.
Егер Білім министрлігі жүзуді мектеп бағдарламасына енгізу секілді ауқымды бастаманы қолға алса, онда арнайы бассейндер салу мәселесі де күн тәртібіне шығуға тиіс. Осыған орай біз елімізде осындай нысандардың құрылысына қатысты мәліметтерді зерделедік. Жинақталған деректерге сәйкес, бір ауысымда 20 адамға дейін қабылдай алатын, толық жабдықталған, 25 метрлік жабық бассейннің құрылысы кемінде 500 миллион теңгеден басталады. Мәселен, 2023 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл ауылында осындай бассейннің құрылысына 528 миллион теңге бөлінген болатын . Алайда бүгінде 2023 жылғы бағалар өзектілігін жоғалтқан. Жалпы инфляциялық ахуалды ескерер болсақ, мұндай жобалардың сметалық құнына кемінде 25 пайыз көлемінде түзету енгізілуі әбден ықтимал.
Қазақстанда қазіргі таңда шамамен 7 800 мектеп жұмыс істейді. Ең қарапайым есеппен алғанда, әр мектепке бір бассейн салуға 500 миллион теңгеден қажет десек, жалпы шығын көлемі 3,9 триллион теңгеге жетеді. Әрине, мұндай қаражат мемлекеттің еркін игеруінде жоқ. Ал егер бола қалған күннің өзінде, бұл соманың оқушыларға арналған бассейн құрылысына жұмсалуы екіталай. Мұны елімізде 2019 жылдан бері балаларды жалпы біліммен қамту үшін оқушы орындарын көбейтуге басымдық беріліп келе жатқанынан-ақ байқауға болады. Осы уақыт аралығында 1200 жаңа мектеп салынды. Бұл ахуалды ескере отырып, бүгінгі және тіпті келесі ұрпақ оқушылары да дене шынықтыру пәнінің орнына жүзу сабағы енгізіледі дегенге сенбейді.
Біз еліміздегі мектептерде бассейндердің нақты санына қатысты ақпарат іздеп көрдік. Мұндай нысандар Қазақстанда бар, бірақ саны тым аз. 2013 жылы сол кездегі Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов ұсынған дерекке сәйкес, жалпы білім беретін мектептердің балансында 20 мыңнан астам спорттық нысан болған. Оқушылардың 87,7 пайызы жыл бойы дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік беретін спорт залымен қамтылған. 23,7 пайызы – қысқы спорт түрлеріне қатыса алады. Ал мектеп жағдайында жүзумен айналысу мүмкіндігі бар оқушылардың үлесі небәрі 1,5 пайызды құраған.
Сонымен қатар, денсаулығында ақауы бар балаларға арналған арнайы медициналық топтар 1 762 мектепте ашылған. Онда 20 мыңнан астам оқушы дене шынықтырумен жеңілдетілген режимде айналысады.
Содан бері бұл деректер ресми түрде жаңартылған жоқ. Мектеп жағдайында жүзумен қамтылған оқушылар үлесі 5–7 пайызға дейін өсті десек те, бұл көрсеткіштің өзі пән ретінде жүзуді оқу бағдарламасына енгізуге жеткіліксіз. Себебі елді мекендердің барлығында, әсіресе шалғай өңірлер мен ауылдық жерлерде, заманауи талапқа сай жабдықталған, кәсіби мамандармен қамтылған бассейндердің бар екеніне күмән көп. Мұндай жағдайда жүзуге қолжетімділігі бар және ондай мүмкіндігі жоқ оқушылардың арасында теңсіздік туындап, білім беру жүйесінде әлеуметтік әділетсіздікке жол берілуі мүмкін.
ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ БӘРІ ЖАҚСЫ…
Айтпақшы, 2025 жылдың қыркүйегінде Қазақстан құрамасының бас бапкері Илья Гусаков бұқаралық балалар спортындағы түйткілдерге қысқаша тоқталып, Венгриядағы балалар жүзуінің үлгісі жайында толығырақ баяндаған болатын . Айта кетерлігі, дәл осы Венгрия тәжірибесіне жүзуді мектеп пәні ретінде енгізу бастамасын көтерген Дмитрий Баландин де сілтеме жасаған еді. Алайда қағаз жүзіндегі жоспарлар мен нақты ахуалдың арасы – әрдайым сәйкес келе бермейтіні байқалып отыр.
«Оларда (Венгрияда – ред.) бар болғаны 9 миллиондай ғана халық тұрады, бірақ соған қарамастан, жүзу спорты өте жоғары деңгейде дамыған. Олар бұл бағытта өз жүйесін қалыптастырып үлгерген. Бірнеше нақты мемлекеттік бағдарламалары бар. Соның бірі, мысалы, “Әр бала жүзуді білуі тиіс” деп аталады. Ондағы кез келген жалпы білім беретін мектепте 1–3 сынып оқушылары үшін жүзу сабағы дене шынықтыру пәнінің орнына өткізіледі. Аптасына екі рет спортзалға барудың орнына, балалар бассейнге барып, жүзуді үйренеді. Бұл бағдарлама барлық бастауыш сынып оқушыларын қамтиды. Нәтижесінде, елдегі суға батып қаза табу жағдайлары едәуір азайған. Сонымен қатар, дәл осы жастан бастап дарынды балаларды іріктеу де қолға алынады. Аталған бағдарлама жеке бағыт ретінде жүзеге асырылады, оны салалық министрлік қолдап, тұрақты қаржыландырып отыр. Жобада арнайы жаттықтырушылар жұмыс істейді, әр мектепке бекітілген кураторлар мен тәлімгерлер бар».
Қазақстанда әзірге мұндай кешенді жүйе қалыптасқан жоқ. Илья Гусаковтың мәліметінше, қазіргі таңда ел бойынша 115 мың адам жүзумен бюджет қаражаты есебінен айналысады. Алайда бұл санатқа нақты кімдер кіретінін ұлттық құраманың бас бапкері нақтыламаса да, олардың қатарында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ ақылы немесе тегін үйірмелерге қатысатындар да болуы әбден мүмкін. Егер Білім министрлігі дене шынықтыру пәнінің орнына жүзуді енгізуді көздесе, бұл көрсеткішті 3,9 миллион оқушы деңгейіне дейін жеткізуі тиіс болады. Алайда мұндай көлемге жету – шын мәнінде, аса күрделі әрі орындалуы екіталай. Сондықтан бұл бастаманың жүзеге асуына қатысты күмән туындауы орынды.
Айталық, әр мектепке жеке бассейн салынбай, білім беру саласы қолданыстағы жүзу кешендерін пайдалануға шешім қабылдады делік. Алайда бүгінде Алматы мен Астанада балаларға арналған жүзу курстарының бағасы орта есеппен 35–40 мың теңге (8–10 сабақ) шамасында. Егер бұл пән мектеп бағдарламасына міндетті түрде енгізілсе, шығынды мемлекет өтеуі тиіс. Бірақ тіпті пилоттық жоба аясында да Білім министрлігі бұл мақсатқа қанша қаржы бөлетіні жөнінде әзірге нақты ақпарат берген жоқ. Тағы бір түйткіл – уақыт мәселесі. Мектеп маңында талапқа сай бассейндер жоқ болған жағдайда, басқа нысанға барып-қайту бірнеше сағатты алуы мүмкін. Мұндайда балаларды кім апарып-әкеледі? Ал сабақ кестесіне сай пәндерді қалай үйлестірмек? Оқушыны бос уақытында бассейнге баруға міндеттеу де заңға сәйкес келе қоймайды. Себебі оқу процесі бекітілген кесте бойынша 1 немесе 2 ауысыммен өтеді. Қысқасы, шешімі табылмаған сұрақ көп.
Егер Qazaq Aquatics федерациясы мен Білім министрлігі ең алдымен еліміздегі барлық қатысуға ниет білдірген балалар үшін тегін жүзу үйірмелерінің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етсе, бұл Дмитрий Баландиннің бастамасын іске асыру жолындағы нақты әрі маңызды алғашқы қадам болар еді. Ал қазіргі жағдайда бұл – жақсы ниетпен айтылған, көпшіліктің көңілінен шығатын, бірақ әзірге жүзеге асуы екіталай ұсыныс болып қала бермек.




