Құрылтайдың хабарлауынша, Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев бастаған Құрылтай делегациясы Брюссельде өткен World e-Parliament Conference 2026 дүниежүзілік электрондық парламент конференциясына қатысты. Конференцияның басты тақырыбы цифрлық трансформация арқылы демократияны дамыту және парламенттердің қызметін нығайту болды. Қатысушылар цифрлық қоғамдағы парламент депутаттарының рөлін, цифрлық өзгерістерді жүзеге асырудағы стратегиялық көшбасшылықты, сондай-ақ жаңа технологиялар мен инновацияларды парламент жұмысына енгізу және оларды іс жүзінде қолдану мәселелерін талқылады. Дархан Ахмедиев заң жобаларын әзірлеудің барлық кезеңінде жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған AI-Quryltai бастамасын таныстырды. Бұл жүйе қоғамдағы өзекті мәселелер мен азаматтардың пікірлерін талдаудан бастап, қабылданған шешімдердің нәтижесін бағалауға дейінгі үдерістерді қамтиды. Депутат AI-Quryltai көмегімен әзірленген алғашқы заң жобасын – «Балалардың цифрлық және ақпараттық ортадағы қауіпсіздігі туралы» құжатты мысал ретінде ұсынды. Оның айтуынша, жасанды интеллект деректерді талдауға, құқықтық нормаларды зерделеуге және заңнамадағы ықтимал қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Дархан Ахмедиев жасанды интеллект тек сараптамалық қолдау құралы ретінде қолданылуы тиіс екенін атап өтті. Ал қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік бұрынғыдай депутаттардың өздеріне жүктеледі.

Еуразия24 пікірі:
Мұндай форматтағы конференция биыл оныншы рет өткізіліп отыр. Сондықтан Қазақстанда жақында ғана құрылған Құрылтай делегациясының осындай халықаралық жиынға қатысуын елеулі жетістік деп бағалауға болады. Қазақстандық AI-Quryltai бастамасы да халықаралық деңгейде талқыланып жатқан өзекті мәселелермен үндеседі. Оның үстіне, бұл жоба Брюссельдегі конференцияға дейін-ақ оң бағасын алып үлгерген.
12 қарашада AI-Quryltai жобасы Женевадағы БҰҰ Ұлттар сарайында таныстырылды. Бұдан кейін Қазақстан делегациясы Парламентаралық одақтың бас хатшысы Анда Филиппен кездесті. ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, БҰҰ өкілдері Қазақстанның бастамаларын жоғары бағалап, алдағы уақытта тәжірибе алмасуды жалғастыруға қызығушылық білдірген.
Сонымен қатар, Брюссельде электрондық парламенттердің жай-күйіне арналған 2026 жылғы дүниежүзілік баяндама таныстырылды. Зерттеу аясында 89 елдегі 118 парламент пен парламент палатасының, сондай-ақ ұлттық деңгейден жоғары екі парламенттік органның қызметі зерделенген. Нәтижесінде зерттеуге қатысқан парламенттердің 88 пайызы жасанды интеллектіні қазірдің өзінде қолданатыны анықталды. Ал 33 ел цифрлық даму деңгейі ең жоғары санатқа енген. Олардың 18-і – Еуропа елдері. Демек, Қазақстанның AI-Quryltai жобасы халықаралық деңгейде елеулі бәсекеге тап болмақ.




