Евразия24Еуразия патриоттарыҚазақстан – ШЫҰ көлік жүйесінің кілті ме?

Қазақстан – ШЫҰ көлік жүйесінің кілті ме?

|

|

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің хабарлауынша, Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Қытай Халық Республикасының Тяньцзинь қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің көлік министрлерінің 12-кеңесіне қатысты.

Жиынның биылғы тақырыбы – «Жаһандық тұрақты көлік» мәселесіне арналды. Бұл бағыт ұйымға мүше елдердің қауіпсіз, цифрлық және экологиялық тұрғыдан тиімді көлік жүйелерін дамытуға деген ортақ ниетін көрсетеді.

Өз сөзінде Мақсат Қалиақпаров заманауи, орнықты көлік инфрақұрылымын қалыптастыруда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтті. Вице-министр сондай-ақ, халықаралық ынтымақтастық аясында жүк тасымалын жеңілдету және көлік дәліздерін тиімді біріктіру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара барысында Қазақстан, Қытай және Моңғолия мемлекеттерінің көлік ведомстволары арасында бірқатар екіжақты және үшжақты кездесулер өтті. Атап айтқанда, вице-министр Моңғолия Көлік министрі Борхуугийн Дэлгэрсайханмен, ҚХР Көлік вице-министрі Ли Янмен келіссөздер жүргізді. Сонымен бірге Қазақстан, Ресей және Моңғолия мемлекеттері арасында халықаралық автожолдарды дамыту және көлік дәліздерінің өзара байланысын нығайту мәселелері қаралды.

Еуразия24 берген түсініктеме:

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер жүк тасымалы саласын дамытуда жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бағытта нақты қадамдар жасалуда.

Өзбекстандық бұқаралық ақпарат құралдары кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы E-Permit электрондық рұқсат жүйесінің оң нәтижесін ерекше атап өтті. Аталған жоба 2024 жылдың сәуір айынан бастап іске қосылды. Жаңа жүйе екі ел арасындағы жүк тасымалын жеделдетуге және өзара сауда айналымын арттыруға бағытталған.

Кеңес барысында Қытай тарапы «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасын ШЫҰ шеңберіндегі көлік жобаларымен үйлестіре отырып, ынтымақтастықты кеңейту жөнінде ұсыныс білдірді.

Айта кету керек, жүк тасымалын цифрландыру — қазіргі кезеңдегі негізгі басымдықтың бірі. Дегенмен, шекаралық өткізу бекеттеріндегі бюрократиялық кедергілер мен техникалық ақаулар бұл саладағы жұмысты тежейтінін жоққа шығаруға болмайды.

Сонымен қатар, Қазақстанның транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану үшін жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту мәселесі де өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің транзиттік мүмкіндігін арттыру арқылы қосымша табыс табуға болатынын бірнеше рет атап өткен болатын.

Алайда, жолдардың сапасы, соның ішінде ақылы автожолдардың жағдайы және жол бойындағы сервистік қызметтердің дамуы халықтың да, бизнес өкілдерінің де көңілінен шықпай отыр.

Мамандардың пікірінше, осы түйткілді мәселелер жүйелі түрде шешілсе, Қазақстан өңірдегі көлік-логистикалық хаб ретінде өз позициясын нығайта алады.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан екінші АЭС құрылысы жөнінде Қытаймен келіссөз жүргізіп жатыр – Энергетика министрі

Қазақстан Қытайдың ұлттық атом компаниясымен елдегі екінші атом электр станциясын салу жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов хабарлады.

Путин Ресейдің өзге елдермен ынтымақтасуға мүдделі екенін, ешкімге қоқан-лоқы көрсетпейтінін айтты

Ресей президенті Владимир Путиннің айтуынша, Ресей өзге елдерге бұрын да қоқан-лоқы көрсетпеген, қазір де көрсетіп отырған жоқ. Ол елінің басқа мемлекеттермен ынтымақ орнатуға мүдделі екенін айтты.

Литва мен Германия қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Литва қорғаныс министрі Робертас Каунас пен Германия қорғаныс министрі Борис Писториус Берлинде қорғаныс саласындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы сәрсенбі күні Литва Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

АҚШ-тағы сайлау нәтижесі Вашингтон мен Брюссельдің қарым-қатынасын өзгерте ме?

АҚШ-тағы аралық сайлауда Республикалық партияның жеңілуі Вашингтон мен Еуроодақ арасындағы қатынас өздігінен жақсарады деген сөз емес. Бұл туралы сәрсенбі күні Bloomberg агенттігі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.