Егер прокуратура өңірдегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының барлығында балалар құқығының сақталуына тексеру жүргізбегенде, Аягөз ауданында балаларға жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсетілген көптеген дерек мемлекеттік органдардың назарынан тыс қалуы да мүмкін еді.
«Аягөз ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын тексеру барысында мекеме тәрбиеленушілеріне санитарлардың жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткен 100-ден астам дерегі анықталды. Олар балалардың дәрменсіз жағдайын пайдаланған. Сонымен қатар мекеменің кейбір қызметкерлері заңсыз әрекеттерге куә бола тұра, оларды тоқтату үшін ешқандай шара қолданбаған. Аталған дерек бойынша прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 140-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», – деп Бас прокуратура хабарлады.
Оқиғаға қатысы бар қызметкерлердің барлығы тергеу аяқталғанға дейін жұмыстан шеттетіліп, балалармен байланысуына тыйым салынды.
Өкінішке қарай, дені сау ересектердің денсаулығында кінәраты бар балаларға қатыгездік көрсетуі алғаш рет тіркеліп отырған жоқ.
2024 жылдың қазан айында Павлодар облысында прокурорлар облыстық балаларға арналған психоневрологиялық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бейнебақылау камераларындағы жазбаларды қарап, тәрбиеленушілерді азаптау деректерін анықтады. Сол кезде аталған іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабымен тергеу жүргізілді.
2025 жылдың наурыз айында Қостанайдағы осындай арнаулы мекеменің тәрбиешісі 16 жастағы қыз баланы ыстық үтікпен күйдірген. Бұл әрекеті үшін ол алты айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
2026 жылдың наурыз айында Алматыда оңалту орталығы қызметкерінің алты жасар балаға қатыгездік көрсеткені бейнеленген жазба таралып, қоғамда үлкен дау туды. Бұл оқиғаға да байланысты полиция тексеру жүргізді.
2025 жылдың қаңтарында Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы өз баяндамасында мүгедектігі бар балалардың жағдайына назар аударған болатын. Ұйымның мәліметінше, «мүгедектігі бар балалар оқшауланған арнаулы мектептер мен интернаттарда қоғамнан шеттетілу, зорлық-зомбылық, тиісті күтімнің болмауы, қозғалысын күштеп шектеу және дәрі-дәрмекті шамадан тыс қолдану сияқты жағдайларға әлі де тап болып келеді».
Мемлекет қоғамнан оқшау жағдайда өмір сүретін, ерекше қорғауға мұқтаж балалардың құқығын қамтамасыз ету үшін ешқандай шара қабылдамай отыр деуге болмайды. Алайда арнаулы орталықтардың қызметкерлері тәрбиеленушілерге әлі күнге дейін қатыгездік көрсетіп жатса, мұндай мекемелерге маман қабылдау тәртібіне ерекше назар аударған жөн.
Әрине, бұл саладағы жұмыстың қаншалықты ауыр әрі жауапты екенін түсінеміз. Дегенмен мұндай қызметті ересек адамдар саналы түрде таңдайды. Ал олардың арасында балаларға жанашырлық таныта алмайтын, өзгенің жағдайына түсіністікпен қараудан ада жандардың болуы алаңдатады. Өйткені мүгедектікпен дүниеге келу – балалардың өз таңдауы емес.




