Мәскеу. 20 қазан. ИНТЕРФАКС – Ирландияның Ryanair Holdings Plc лоукостер әуе компаниясының бас директоры Майкл О’Лири келесі жылы Еуропада әуе билеттерінің бағасы бұрын-соңды болмаған қарқынмен өседі деп болжап отыр.
Таяу Шығыста жалғасып жатқан соғыс мұнай бағасының жоғары деңгейде сақталуына ықпал етуде. Соның салдарынан әуе тасымалдаушылары жанармайға жұмсалатын шығынның артуын билет бағасына қосуға мәжбүр.
О’Лири сейсенбі күні Брюссельде өткен баспасөз мәслихатында келесі жылы әуе билеттері 20%-ға қымбаттауы мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жанармайға байланысты қосымша төлемдер көтерілген күннің өзінде шығынның өсуін толық өтеу мүмкін болмайды. Сондықтан әуе компанияларының табыстылығы төмендейді.
«Алдағы 12 айда Еуропада әуе билеттері бағасының тарихтағы ең жоғары өсіміне куә болуымыз мүмкін. Басты мәселе – бұл өсім жанармай шығынының күрт артуын өтеуге жеткілікті бола ма? Меніңше, жеткіліксіз», – деді Ryanair басшысы.
О’Лиридің айтуынша, Ryanair компаниясын қоса алғанда, еуропалық әуе тасымалдаушыларының басым бөлігі мұнай бағасының қымбаттауынан хеджирлеу құралдары арқылы жеткілікті деңгейде қорғалмаған. Сонымен қатар кейбір елдерде әуе компаниялары салықтың өсуі сияқты қосымша қиындықтарға тап болып отыр. Бұл саланың даму келешегіне кері әсерін тигізуде.
Ryanair басшысы Франция мен Бельгия секілді елдердегі авиация нарығын реттеу тәртібін сынға алды. Салықтың көтерілуіне байланысты компания аталған елдердегі қызмет ауқымын қысқартуды жоспарлап отыр.
Ол Еуропаның авиация саласында компаниялардың бірігу үдерісі жалғасатынын тағы да атап өтті. Өйткені шығындар жоғарылаған жағдайда қаржылық мүмкіндігі шектеулі әуе тасымалдаушыларына нарықтағы қызметін жалғастыру барған сайын қиындай түсуде.
Ақпан айының соңында Таяу Шығыста басталған әскери қақтығыс салдарынан әлемдегі әуе компаниялары авиациялық жанармай бағасының күрт өсуіне тап болды.
Қыркүйек айында Ryanair ағымдағы қаржы жылына арналған жолаушылар тасымалы жөніндегі болжамын төмендетті. Сондай-ақ сұраныс әдетте бәсеңдейтін қысқы маусымда сатылымға шығарылатын жолаушылар орындарының санын қысқартатынын хабарлады.
Сейсенбі күнгі сауда барысында Ryanair акцияларының бағасы 2,1%-ға төмендеді. Ал жыл басынан бері компанияның акциялары 24,6%-ға арзандаған.




