«Активтерді қайтару» деректі фильмі заңсыз иемденіліп, шетелге шығарылған қаражаттың Қазақстан халқына қалай қайтарылып жатқанын баяндайды. Ауылдарды таза ауызсумен қамтамасыз ету, заманауи ауруханалар мен жедел жәрдем станцияларын салу, балалардың дамуына жағдай жасау, әуежайлар мен спорт кешендерін тұрғызу – қайтарылған қаражаттың азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға жұмсалып жатқанының нақты мысалдары. Бұл – әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру туралы фильм. Ондағы әрбір санның артында адамдардың тағдыры, өмірдегі нақты өзгерістер мен жарқын болашаққа деген үміт жатыр», – делінген фильмнің сипаттамасында.
24 минуттық деректі фильмде елге қайтарылмауы да мүмкін болған қаражаттың арқасында өңірлерде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік өзгерістердің маңызы мен тұрмысы жақсарған нақты адамдардың оқиғалары баяндалады.
Қайтарылған активтер есебінен денсаулық сақтау саласында жалпы құны 180 млрд теңге болатын 200-ге жуық нысанның құрылысы қаржыландырылды. 200-ге жуық ауыл орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Көптеген елді мекенде білім беру және спорт нысандары салынып, көлік инфрақұрылымы дамытылды.
Мәселен, Ақмола облысындағы Садовое ауылының тұрғындары су құбырын 30 жылдан астам уақыт күткен.Арқалықтағы Алтынсарин атындағы педагогикалық университет үшін бір ғимарат қайта жаңғыртылып, оқу корпусына бейімделді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мектеп-интернаттарға жүйелі қолдау көрсетіліп жатыр. Жалпы 17 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде.Арқалықта енді әуежай да бар.
«Еуразия24» басылымы деректі фильмді көруге кеңес береді. Біз де оның авторлары жеткізгісі келген негізгі ойды қолдаймыз:«Әлеуметтік жобалар туралы сөз болғанда, әңгіме көбіне сандардан басталады: қанша нысан салынды, қанша қаражат жұмсалды, қаншасы пайдалануға берілді? Алайда санмен өлшеуге келмейтін нәтижелер де бар. Бұрын ауызсу болмаған елді мекенге таза су жеткізудің құнын қалай бағалауға болады? Баланың үйінің жанында спортпен шұғылдануына жасалған жағдайдың маңызы қандай? Ал бір күні адам өмірін сақтап қалуы мүмкін санаулы минуттың құнын немен өлшейміз? Сондықтан әлеуметтік жобалар – құрылысқа жұмсалған шығындар мен есептер ғана емес. Ең алдымен, бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға салынған инвестиция».




