Бұған дейін жазғанымыздай тергеу 24 қыркүйекте оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтауды жалғастырып жатыр.
«Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қазасына байланысты қылмыстық істі тергеу аясында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды. «ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қылмыстық істі тергеу аясында қызметіне салғырт қарады деген күдікпен ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитанды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Сот санкциясымен ол қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр». Айта кетейік, қайғылы оқиға болған кезде Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметін 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков атқарған», – деп ҚазТАГ хабарлады.
Бұл хабардан кейін ең алдымен «Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы нақты не істеді немесе не істеуге тиіс еді?» деген сұрақ туындайды. Оған жауапты тергеу анықтайды. Ал біз түпкілікті ақиқатқа үкім айтуға ұмтылмай, осы лауазымның жауапкершілік ауқымына назар аударып көрейік.
Жалпы әскери жарғыларда командирлердің әскери қызмет қауіпсіздігіне жауап беретіні нақты бекітілген. Олар жеке құрамның қаза болуы мен жарақат алуына жол бермеуге, оқу-жаттығу кезінде қауіпсіздік талаптарын белгілеуге және іс-шара басталар алдында барлық қажетті қауіпсіздік шараларының сақталғанына жеке көз жеткізуге міндетті.
Сондықтан бас қолбасшы күдікке ілінген салғырттық қайғылы оқиғаға тікелей әкелген нақты әрекеттен немесе әрекетсіздіктен ғана көрінбеуі мүмкін. Мәселе, мысалы, оқу-жаттығуды тиісті деңгейде жоспарламау, ұйымдастырмау немесе бақылаудың жеткіліксіз болуында болуы ықтимал. Егер тергеу мұндай міндеттердің оның құзыретіне кіргенін және сол міндеттердің тиісінше орындалмауы әскери қызметшілердің қазасымен тікелей байланысты екенін анықтаса, Қанат Ниязбековтің ісі сотқа жетуі мүмкін.
Сонымен бірге оның ұсталғаны кінәсі дәлелденді деген сөз емес. Біздіңше, жауапкершілік тек ұйымдастырудағы жалпы кемшіліктерге емес, бұрынғы бас қолбасшы тарапынан нақты қандай талаптардың бұзылғанына және сол бұзушылықтардың болған қайғылы салдармен байланысына негізделуге тиіс.
Айта кетейік, 2026 жылдың көктемінде Ниязбеков Әскери-теңіз күштерінің басқа оқу-жаттығуына тікелей басшылық жасап, оның өткізілуіне жауапты болған.
Сондықтан қазір тергеу алдында маңызды міндет тұр: қай тұста тікелей орындаушылардың жауапкершілігі аяқталып, қай тұстан жоспарлау мен бақылау жүйесіне жауапты қолбасшылықтың жауапкершілігі басталатынын анықтау.




